ҰСТАЗЫМ – ҰЛАҒАТЫМ
«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» Абай Құнанбайұлы
«Сан жүрекке нұр құйған, шамшырақ жан,
Білім мен тәрбиеге арнаған жан.
Өмір бойы адалдықпен еңбек етіп,
Ұрпаққа ізгілік пен арман салған жан», деп ақын жырлағандай, мен үшін ұстаз ұғымы қашанда қастерлі, қасиетті. Солардың ішінде өмір жолыма бағытбағдар берген, жүрегіме ізгілік дәнін сепкен аяулы ұстазым Күлаш Айнабаеваның орны ерекше. Биыл ардақты ұстазымыз 80 жасқа толып отыр.
К.Ысқаққызы 1946 жылы, Жосалы кентінде дүниеге келген. №26 мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, еңбек жолына ерте кірісіп, 1962-1963 жылдары комсомол жастар бригадасында жұмыс істеді. 1965-1966 жылдары Қызылорда қаласындағы педагогикалық курста білім алып, өзі оқыған мектепте тәлімгер болып еңбек жолын бастайды.
1969 жылы Ақтөбе ауылының азаматы Сметулла Оралбаевпен шаңырақ көтеріп, осы ауылдағы №109 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. 1974 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Жаратылыстану» факультетін биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, зейнеткерлікке шыққанға дейін осы салада үздіксіз шәкірт жүрегіне білім нәрін екті.
Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек еткен ұлағатты жан өз ісіне адалдығымен, талапшылдығымен және мейірімді мінезімен ерекшеленді. Ерен еңбегі еленіп, «Аға мұғалім» атағына ие болды.
Мен үшін Күлаш Ысқаққызы – тек ұстаз ғана емес, өмірлік өнеге, рухани тірек. Ұстазымның жолын таңдап, мен де ұстаздық қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлікке шықтым. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» атануым – ұстазымның берген тәлім-тәрбиесінің жемісі.
Апайымыздың жолын жалғастырып, мұғалімдік мамандықты таңдаған шәкірттері де аз емес. Олардың қатарында Ұлмекен Мысабаева, Мейрамкүл Нұржанова, Кенішкүл Қисықбаева, Бану Сүйеубаева, Жанар Алпанова, Гүлмира Іздібаева, Сафура Нұржанова бар. Ал әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген шәкірттері қатарында Ғабит Елемесов, Сағат Өмірбаев, Әбжан Белесов, Мұрат Жақанбаев, Бақытбек Мұнарбаев, Түймегүл Күзенбаева, Роза Іздібаева, Ғали Алмауытов секілді азаматтарды ерекше атауға болады. Сол шәкірттердің бірі – Жанар Бейбітқызы №109 орта мектептің 8-сыныбын үздік бітіріп, педагогикалық училищеде, кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Қазақ филологиясы» факультетінде білім алып, оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдады. Еңбек жолын туған мектебінде бастап, кейін Шымкент пен Астана қалаларындағы білім беру ұйымдарында ұстаз, басшының орынбасары ретінде жемісті еңбек етіп, талай дарынды шәкіртті олимпиада мен ғылыми жобаларға дайындады. Ұстаздық еңбегінің жоғары бағасы ретінде 2024 жылы Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың қолынан «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін алды. Бұл марапатын өзі білім алған аяулы мектебінің, сүйікті ұстаздарының және сынып жетекшісі Күлаш Ысқаққызының еңбегі деп есептейді.
Бірге қызмет атқарған ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағанбетова өз сөзінде: «Күлаш – әрбір шәкіртінің жүрегіне жол тапқан ұстаз. Ол балаларды жауапкершілікке, ұқыптылыққа үйретті. Жетекшілік еткен сыныптар мектепте өткен кез келген іс-шарада үнемі алда жүретін» деп ой білдіреді. Ал шәкірті Мұрат Жақанбаев: «Ұстазымыз бізді алдымызға мақсат қоюға, сол мақсатқа жету жолын табуға, мамандық таңдауға бағыт берді. Жауапкершіліктің не екенін біз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сезіндік. Жазғы демалыс кезінде апайымыз арнайы кесте жасап, мектеп гүлдеріне күтім жасауға шақыратын. Біз шыны құтыға гүлге құятын арнайы қоспаны өзіміз дайындап, мектепке апайымызбен бірге барып, гүлдерге күтім жасайтынбыз», – деп ізгі лебізін жеткізеді.
Отбасында ол – аяулы жар, ардақты ана. 6 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере сүйіп отырған бақытты әже.
«Ұстаз деген – ұлы есім, мәңгі нұр,
Шәкірт үшін шын өмірлік алтын жыр.
Еңбегіңіз ел есінде сақталар,
Жарқырай бер, ұстаз деген асыл жыр» деген өлең жолын арнай отырып, мерейлі 80 жасқа толған қуанышты сәтте ардақты ұстазыма зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, баянды бақыт тілеймін.
Гүлжахан МҰНАРБАЕВА,
ҚР «Білім беру ісінің үздігі», ардагер-ұстаз
















