ҰСТАЗЫН АРДАҚТАҒАН ЕЛ ОЗАДЫ
Бүгінде мерейлі еңбегінің зейнетін көріп отырған ұстаздың бірі – Бақыткүл Калекенова. Ол 1951 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. №105 орта мектептің 8-ші сыныбын «Үздік куәлікпен» бітіріп шыққан жас Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп шыққан.
Жоғары білімнен соң еңбекке араласып, Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Екінші мамандық алуды қалаған жас маман Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының «Тарих» факультетін сырттай оқып, тарих пәнінен шәкірттерін тәрбие-біліммен сусындандырады. Түрлі іс-шараларға қатысып, білім беру әдістемесіндегі белсенді жұмыстары үшін ол аудандық оқу бөлімінің, аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының, сала министрлігінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 
Ұлағатты ұстаз білім берумен қатар, 1967, 1974, 1980 және 1987 жылы туған ұл-қыздарға сынып жетекшісі де болды. Мұғалімнен тәлім алған оқушылар аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен пәндік олимпиадаларда мектеп абыройын көтеріп, жүлделі орындарды иеленген. Білім шуағын түсірген шәкірттері бүгінгі таңда түрлі салада қызмет етіп, өмірге кірпіш болып қаланған. Атап айтқанда, Талғат Жұмабеков тарихты таңдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы болып қызмет жасаса, Оспан Ешжанов аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры шенінде еңбек етуде. 
Жақында ұлағат иесінің шәкірті, еңбегімен елге танылған білікті полиция қызметкері О.Қосжанұлы сынып жетекшісі әрі қаншама шәкіртінің жүрегіне білім дәнін сепкен ұстазы Бақыткүл Төребайқызын аудандық полиция бөліміне шақырып, ұжым мүшелерімен кездесу ұйымдастырды. Онда ардагер-ұстаз тарыдай болып келіп, таудай болып шыққан оқушыларының адал қызмет етіп, еліміздің дамуы мен нығаюына еңбек сіңіріп жүргендерін көру шынайы бақыт екенін айтып, ұжымның алдағы қызметіне сәттілік тіледі. 
Бақыт апай отбасында жұбайы Уахитбек ағаймен 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. Ағамыз ұзақ жылдар білім саласында еңбек етіп, №183 және №30 орта мектептерге басшылық еткен азамат. Үлкен қызы Алма мен кіші ұлы Жарқын Астанада қызмет істесе, Гүлжайна ана жолын қуып, №183 орта мектепте педагог-зерттеуші санатындағы тарих пәнінің мұғалімі. Ұлы Еркін О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепте әлеуметтік-педагог әрі педагогзерттеуші, информатика пәнінің мұғалімі. Ал келіні Ақнұр бастауыш сыныпқа сабақ береді. 
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, кездесу қорытындысында ардақты жанға құрмет көрсеткен Оспан Қосжанұлы аудандық полиция бөлімі атынан ұстаздар мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады.
 Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
		

















