Мерейлі шақта осындай...
«Қалағандарыңша білім үйреніңдер, алайда сол білімге сай амал етілмейінше, Алла тағала ол білімнен еш пайда бермейді»
(Мұғаз ибн Жәбәл)
«Мұ» және «ғалым» дегеннен құралған «мұғалім» сөзі – бұл ғалым адам дегенді білдіреді екен. Бүгінгі сөз өз мүмкіндігінше оқыған-тоқығанын, тәжірибесін адам баласына жеткізуді мұрат еткен мұғалімім «Алтынсарин төсбелгісінің» иегері, профессор Абила Көздібайқызы жайлы болмақ. Ол Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы мемлекеттік Қазақ қыздар педагогикалық училищесінің «ән және музыка» бөліміне оқуға түсіп, оны бітірген соң туған ауылындағы №109 қазақ орта мектебіне жұмысқа орналасады. Еңбек ете жүріп, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1979 жылы тарих және қоғамтану пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Еңбек жолын жалпы білім беретін мектептерде тарих, қоғамтану пәнінің мұғалімі болып бастаған апайымның тынымсыз еңбегінің нәтижесінде гимназияларда мектеп директоры, директордың оқу және ғылыми әдістемелік істер жөніндегі орынбасары, институттарда кабинет меңгерушісі, аға оқытушы лауазымдарына дейін көтерілді. 2012-2020 жылдар аралығында Shymkent Жоғары педагогикалық колледжінде директордың орынбасары, ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі лауазымдары бойынша қызмет атқарды. Осылайша ұрпақты руханиятқа жетелейтін білім жолында еңбек еткен ұстазымның таланты мен талабы, парасат-пайымы мен шеберлігі қажырлы еңбегінің арқасында танылған үстіне таныла берді. Жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарға қосымша білім беру үшін ғылыми тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстел отырыстары, түрлі вебинарлар мен семинарлар өткізді. Халықаралық, республикалық деңгейдегі ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстарына қатысып, педагогикалық менеджмент және педагогикалық технологиялар, жаңартылған мазмұнды білім беру бағдарламалары бойынша 30-дан астам сертификаттарға ие болды. Республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жетістіктерге жету жолында аянбай еңбек етті.
«Мені ел танымай қалатын болды деп қорыққанша, мен осы елді танымай қалмасам екен деп қорқу керек» деген ұлы шығыс данышпаны Конфуций сөзін санасына мықтап түйген ол 1992-2019 жылдар аралығында оқыту үдерісіндегі озық тәжірибесінің нәтижелері республикалық, халықаралық деңгейде таратылды. Ұрпақ тәрбиесіне барынша мән беріп, өзінің білімі мен кәсіби біліктілігін жастар санасына құя білген ұстаз көптеген байқаулардың жеңімпазы атанды. Атап айтсақ, «Жыл мұғалімі – 1992» облыстық байқауында бас жүлде, республикалық «Жыл мұғалімі – 1993» байқауында «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі, Сорос – Қазақстан қоры ұйымдастырған «Азаматтық білім берудің қазақ мектептеріндегі үлгілік оқу бағдарламасы» жобалар байқауында І орын, облыстық педагогикалық оқуларда І орын, республикалық инновациялық жобалар сайысында ІІІ орын, облыстық «Үздік әдіскер» байқауында ІІ орын, «Үздік авторлық бағдарлама – 2019» байқауында І орын иеленіп, әріптестерінен оқ бойы озып отырды.
Абила апайдың 1971-2020 жылдар аралығындағы педагогикалық қызмет саласындағы шығармашыл озық тәжірибесі өз авторлығымен жарыққа шыққан оқу-әдістемелік құралдарында, ғылыми туындылар мен жарияланған мақалаларында дәйектелді. 40-тан астам мақаласы ғылыми әдістемелік, ғылыми көпшілік басылымдарда жарияланды. Ұстаздың автор құрастырушы ретінде жарыққа шыққан оқу және оқу-әдістемелік құралдары мен әдістемелік нұсқаулықтары жаңартылған білім саласында алатын орны ерекше. Халықаралық, республикалық деңгейдегі жаңа білім беру бағдарламаларын құрастыруға белсене атсалысуының өзі ұстазымның табандылығы мен қажыр-қайратының, білімінің ұшан-теңіз екендігінің бір айғағы.
Қазақстан Республикасы Педагогикалық Ғылымдар Академиясының профессоры Абила Көздібаеваның мемлекеттік наградалары жетерлік. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен «За трудовое отличие» медалі, Қазақ КСР Білім Министрлігінің «Құрмет Грамотасы», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі, «Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі» иегері, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «III дәрежелі дипломы» берілген. Соңғы жылдары парасатты педагогтың ғылыми ізденістері өзі оқытқан оқушылар мен шәкірттерге ғылыми жобаларға жетекшілік жасаған жұмыстарында айқын көрініп, аймақтық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі бас жүлде, І орындарды иеленді. Осындай ізденістері үшін қалалық, облыстық әкімдіктер мен білім басқармалары басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталды. Қазіргі таңда шығармашылығы шыңдалған ұстазым зейнет жасына шықса да «Өркениет» ақпараттық-әдістемелік орталығының директоры қызметін абыроймен атқарып жүр.
Бір данышпаннан мен секілді пенде «Өзекті жанның өміріндегі мәні не?» деп сұрапты. Сонда «Өнеге» деп жауап беріпті ғұлама. Осындай айтарлықтай өнегесі артында мұра боп қалар ұстаздың әлі де болса халқына берері көп. «Сүйекке барар нәрді жұлын арқылы, етке барар нәрді тамыр арқылы дарытқан құдіреті күшті Құдай жүрекке барар нәрді ауа да емес, су да емес, көңіл арқылы дарытқан» деп Әбіш Кекілбаев жазғандай, шәкірттеріңіздің мың алғысы жүрегіңізге жетсе екен.
Валя СҮЙЕУБАЕВА