» » ШУАҚТЫ ЖАЗҒА ЖОЛ АШҚАН МЕРЕКЕ

ШУАҚТЫ ЖАЗҒА ЖОЛ АШҚАН МЕРЕКЕ

Кеше аудандық Оқушылар үйінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Жас толқын» аулалық клубының ашылуына орай «Бақытты балалық шақ» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті.
Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу, шығармашылық қабілеттерін дамыту, бос уақыттарын мазмұнды өткізуге жағдай жасау арқылы жасөспірімдердің белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева, ардагер ұстаз, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Дәмелі Жалғасбаева, аудандық ата-аналар кеңесінің төрағасы Мағауия Әлиев, аудандық білім бөлімі қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Ләззат Есханова, осы бөлімнің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова және қосымша білім беру ұйымының үйірме жетекшілері, мамандары, оқушылар қатысты.
Іс-шара қонақтарын әдеби монтажбен қарсы алған «Тілашар» үйірмесінің мүшелері Аяулым Әлтай, Адина Әмірбек, Аңсаған Ғабитқызы, Санжар Мыңжасар, Айдын Таңатар көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Мұнан соң «Роботехника және ЖИ» ақылды жобалар көрмесі, ой-дене іс-қимылын арттыратын «Кендама» ойыны көрсетілді. Раяна Ауғанбаева, Игілік Амандық, Назым Әмзеева, Еркеназ Шайман өздерінің құрастырған роботтары мен жасанды интеллект арқылы жасаған платформаларымен таныстырды.
Салтанатта Оқушылар үйінің директоры Құралай Манасова биылғы оқу жылында қосымша білім беру мекемесінде атқарылған жұмыстарды атап өтіп, қонақтарды оқу кабинеттеріне бастап жүрді. Онда түрлі үйірмедегі білім алушылардың жұмыстары кеңінен өріс алды. Атап айтқанда, ерекше білімді беруді қажет ететін балалармен «Этно әлемге саяхат» бекеттік ойыны көрініс тапса, «Чиа өсімдігінің адам ағзасына пайдасы мен өсіру әдісі», «Қабық TEA» кептірілген жеміс қабықтарынан шай дайындау жолдары», «Жас натуралистердің жасыл жобалары» тақырыптарында зерттеу жобалары тамашаланды. Сонымен бірге «Үйірмеден – үлкен жетістікке» атты сұхбат алаңы ұйымдастырылды.
Одан бөлек, «Жетістікке толы жыл, шуақты жазға жол» тақырыбындағы жетістіктер тақтасының таныстырылымынан соң «Шеберлік пен шабыт» шығармашылық жұмысы көпшілікке ұсынылды. Оған «Бейнелеу өнері», «Көркемөнер», «Шебер қолдар», «Арт-дизайн», «Сәнтігін» үйірмелерінің шәкірттері атсалысты. Балалардың шебер қолынан шыққан түрлі бұйымдары – текстуралық пастамен салынған суреттер, құрақтар, жүннен жасалған картиналар, заманауи ұлттық киімдер, ағаштан және гипстан жасалған кәдесыйлар жоғары бағасын алды.
Мерекелік кеш «Бақытты балалық шақ» тақырыбындағы концертпен қорытындыланды. Онда аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков құттықтау сөз сөйлеп, балалардың жазғы демалысына сәттілік тілесе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді. Сондай-ақ білім, мәдениет саласының ардагерлері Дәмелі Жалғасбаева, Мағауия Әлиев жүрекжарды тілектерін жеткізсе, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы балаларды тәтті балмұздақпен қуантты.
Концерт оқушылардың орындауындағы «Бақыт деген» әнімен шымылдығын түрсе, одан соң «Жылдам оқу» үйірмесінің үйірме мүшелері «Бауырсақ» қойылымын қойды. Әрі қарай «Жадыра» бишілер тобы «Қаражорға» және «Орыс» биін мың бұрала билеп, көрерменнің көзайымына айналды. «Қызықты математика» үйірмесінің дарынды оқушылары «Дара бала» әнін нақышына келтіре айтса, «Хореография» үйірмесінің өнерпаздары «Болашағы – біз елдің» әнімен іс-шараны түйіндеді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
30 мамыр 2026 ж. 114 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (10508)

30 мамыр 2026 ж.

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 204
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031