ЖАДЫРАП ЖАЗ КЕЛЕДІ, ЖАЙРАҢ ҚАҒЫП...
Жаз мезгілі – балалар үшін ерекше маусым. Тоғыз айғы білімнен соң үш ай жылжып демалыс уақыты келеді. Бұл кезеңді әр бала әртүрлі жоспарлайды. Бірсыпырасы ата-әжесіне ауыл-қалаға жол тартса, енді бірі алыс-жақын лагерьлерде тынығуды жөн санайды. Ал кейбірі мектеп немесе мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары жанынан құрылған аулалық клубтарында жадыраған жаздың жаймашуақ күндерін шығармашылықпен көңілді өткізуге пейілді.
Ауданымыздағы балалардың жаз маусымындағы демалысын тиімді ұйымдастыратын мекеменің бірі – «Оқушылар үйінің» ұжымы. Олар жаз бойы көптеген іс-шара өткізіп, жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдауға септігін тигізеді. Балалардың талантын ашады. Түрлі өнерге баулиды. Бұл ретте оларды баулитын ұстаздардың еңбегі ерекше екенін атап өтуіміз орынды. Тағы бір айтарлығы, қосымша білім беру ұйымы жақында екі қабатты әсем де еңселі ғимаратқа көшіріліп, қуаныштың еселенген жайы бар.
Кеше балалардың жазғы тынығу мезгілін тиімді өткізу және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту мақсатында Оқушылар үйінің ауласында «Қазақстан балалары – бақытты болашақ!» тақырыбында «Жас толқын» аулалық клубының ашылу салтанаты өтті.
Мерекеде аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысушыларды Балалар күнімен құттықтап, игі тілегін білдірді. Оларды тәрбиелі де білімді болуға, кітап көп оқуға, жазғы демалысты көңілді өткізуге шақырды. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков бала болашағымыз екенін айта келе, көпшілікке ізгі лебізін жеткізді.
Іс-шара екі бөлімде ұйымдастырылды. Біріншісінде келген қонақтарға ұстаздар мен олардың шәкірттерінің жұмыстары ұсынылып, шеберлік сағаттары тамашаланды. Оны Оқушылар үйінің директоры Құралай Манасова таныстырып шықты. Атап айтқанда, педагогтер Е.Жұмабеков «Эбру техникасы» шеберлік сағатын, С.Өскелеңов «Ағаш бетіне күйдіріп сурет салу» көрмесін, Қ.Каналбеков «Resin-Art» өнерін, С.Сериева «Felting» техникасымен құрғақ жүнмен жұмысын көрсетсе, Н.Қанибаев, Ж.Алпысбаева, Н.Өтешбаев, Г.Байдабаева, М.Зұлпыхарова, П.Жаудатова, басқа да ұстаздар мерекенің мағыналы өтуіне үлестерін қосты.
Білім беру ұйымының ауласына ақшаңқан киіз үй тігіліп, іші-сырты ұлттық нақышпен өрнектелген. Түрлі-түсті жалауша, шарлармен безендірілген көркемдік те бала жанын байыта түскендей. Еңселі ғимарат алдында би биленіп, әннен шашу шашылды. Мерекелік концерт ұсынылды.
Екінші бөлімде үйірмелер түрі бойынша сабақтар өтіп, ұстаздар өз тәжірибелерін ортаға салды.
– Бүгінгі таңда Оқушылар үйіне 1072 бала тартылған. «Тілашар», «Робототехника», «Жылдам оқу», «Шахмат» секілді барлығы 28 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Оларға білікті мамандар – үйірме жетекшілері сабақ береді. Жазғы маусымға орай «Жас толқын» аулалық клубы іске қосылуда. Жаз бойы балаларымыздың демалысын тиімді өткізуге ұжымымызбен барынша атсалысамыз деген ойдамыз, – дейді Оқушылар үйінің басшысы.
Мерекелік салтанатқа аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева, аудандық ата-аналар кеңесінің төрағасы Мағауия Әлиев, «Аmanat» партиясының кеңесшісі Марта Абдилова, білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықовалар қатысты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ