» » ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Ұстаз – адам өміріндегі ең қастерлі тұлғалардың бірі. Ол тек білім беріп қана қоймай, шәкірт жүрегіне сенім ұялатып, болашаққа жол сілтейді. Осы орайда жарық көрген «Өнегелі өмір өрнектері» кітабы – ұстаз еңбегіне деген зор құрметтің айқын көрінісі. Бұл кітап – қырық жыл бұрын мектеп бітірген оқушылардың атынан өздерінің аяулы ұстазы, бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Шара Нұрмағанбетова апайға арналады.
Қырық жыл… Бұл – бір адамның ғұмырына пара-пар уақыт. Осы уақыт ішінде адам өседі, рухани жаңғырады. Бірақ сол ұзақ жолдың ең алғашқы ізі – мектеп табалдырығында қалады. Ал сол іздің жанында әрдайым бір бейне тұрады. Ол – ұстаз бейнесі. Уақыт – үнсіз. Ол өткенді сұрамайды, бірақ ұмыттырмауға мүмкіндік береді. Егер естелік жүректе сақталса – ол тірі. Ал егер қағазға түссе – ол мәңгі. Бұл кітап дәл сондай қажеттіліктен туды. Бұл – сағыныштан туған еңбек, алғысқа айналған аманат.
Жинақ – жай ғана өмірбаяндар тізбегі емес, бір сыныптың тағдыры, бір дәуірдің тынысы, бір ұстаздың өмірлік мектебі. Әр бетінде Шара апайдың үнсіз еңбегі, әр тағдырда оның берген тәрбиесінің ізі бар. Ұстаз тек әріп танытушы емес. Ұстаз – адамды адам қылып қалыптастыратын тұлға. Бір шәкіртке сенім сыйлайды, бірінің бойындағы қабілетті байқайды, енді бірінің өмір жолында бағыт-бағдар береді. Осы кітаптағы әрбір кейіпкер – сол еңбектің дәлелі. Бірі ұстаз болды, бірі дәрігер, бірі инженер, бірі кәсіпкер, бірі қарапайым еңбек адамы. Бірақ барлығының бойында ортақ бір қасиет бар: еңбекке адалдық, адамға құрмет, жауапкершілік. Бұл – Шара апай мектебінің басты сабағы.
Кітапта даңқ қуған өмір жоқ, бірақ мағыналы ғұмырлар бар. Мұнда қызметі, атағы емес, адамдық болмыс бірінші орынға қойылған. Өйткені уақыт өте келе лауазым ұмытылады, ал адамдық қасиет қалады. Бұл еңбек – өткенге тағзым. Бүгінге есеп. Ертеңге аманат. Ертең осы кітапты парақтаған жас ұрпақ «менің де ұстазым осындай болса екен» деп ойласа, кітап өз миссиясын орындады деген сөз. Шара апайдың ғұмыры аяқталған ғұмыр емес. Ол – шәкірттерінің ісінде, сөзінде, таңдаған жолында жалғасып жатқан өмір. Сондықтан осы кітап соңғы нүкте емес, ұстаздық жолдың жалғасы.
Бүгінгі таңда апайымыз аяулы жар, бақытты ана, асыл әже. Шәрігүл (Шара) Нұрмағанбетованың еңбек жолы 1969 жылдан басталды. Оқу ордасын тәмамдап, қолына мұғалімдік куәлік алған жас маман үлкен өмірге батыл қадам жасады. Ол үшін бұл тек жұмысқа орналасу емес, тағдыр таңдаған жолға түсу еді. Сол жылдары өмірдің ең үлкен мектебі ауыл болатын. Қазалы ауданына қарасты, сол кездегі «Ленин» колхозындағы №92 мектепке келген күні алғаш рет ұстаз ретінде сыныпқа кірді. Бүгінде бұл елді мекен «Құмжиек» ауылы деп аталады. Ал ол жылдары ауыл тынысы қарапайым, тіршілігі қайнаған еңбекпен өлшенетін. Осындай ортада жас мұғалімге артылар сенім де, жүктелер жауапкершілік те салмақты еді. Ұстаздық міндеттерді ол асығыстықпен емес, байыппен қабылдады. Әр күн сайын өзіне талап қойып, білім мен тәрбиеге бірдей мән берді.
Апай Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне қабылданып, осы оқу орнында ол бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгеруге кірісті. 1969 жылы училищені тәмамдап, «бастауыш класс мұғалімі» деген мамандық иесі атануы – оның өміріндегі маңызды белес болды. Алғашқы ұстаздық жолына апарар берік баспалдақ қадам жасалды. Білім мен тәрбиеге деген жауапкершілік дәл осы жылдары бойына терең сіңіп, кейінгі саналы ғұмырына бағыт-бағдар берді.
Төретамдағы №417 теміржол мектебі ол жылдары стансадағы жалғыз білім ордасы болатын. Дәл осы қарапайым да қадірлі мектептің қабырғасында Шара апай ұстаздық қызметін жалғастырды. Биыл мектеп бітіргеніне қырық жол толған түлектерін осы мектепте қабылдады. Дәл осы жылдары ол тұлға ретінде қалыптаса бастады, білімге деген ықылас, адамға деген жауапкершілік, сабыр мен талапшылдық сол кездің өзінде бойынан байқала бастады. Әр мектеп, әр орта, әр өзгеріс оның мінезін шыңдап, өмірге деген көзқарасын тереңдете түсті. Кейінгі ұстаздық ғұмырында көрінген байыптылық пен төзімнің бастауы да осы жылдарда, №417 мектептің қарапайым сыныптарында қаланды.
Әкесі Нұрмағамбет пен анасы Жаңылдың қамқорлығы мен сенімі жас ұстаздың жүрегіне қуат беріп, өмірдің ауыр салмағын жеңілдете түсті. Артында тілекші жандардың тұрғанын білу оның бойындағы жауапкершілікті арттыра отырып, жігерін жасытқан жоқ. Керісінше, осы сенім оны әр қадамын байыппен басуға, өз ісіне адал болуға жетеледі. Ауыл мектебіндегі алғашқы еңбек жылдары Шара апайдың ұстаздық болмысының қалыптасуында айрықша рөл атқарды. Бұл кезеңде ол тек пән үйретіп қана қоймай, адаммен жұмыс істеуді, әр баланың мінезін, тағдырын түсінуді үйренді. Қарапайым ауыл сыныбында жүріп, ол өмірге сергек қарауды, жауапкершілікті үнсіз арқалауды, қиындыққа қарсы тұруды меңгерді. Кейінгі ұзақ та мағыналы ұстаздық жолдың берік іргетасы дәл осы жылдары, ауыл мектебінің қарапайым сыныптарында қаланды. Сол жерде қалыптасқан сабыр, төзім мен адамға деген жанашырлық кейін оның бүкіл ғұмыр жолын айқындаған басты қасиеттерге айналды.
1970 жыл Шара апайдың өмірінде шаттықты бір белес болып қалды. Бұл жылы ол отбасын құрып, өмір жолын бірге өткерер серігін тапты. Жас шаңырақтың іргесі қаланған сол кезең жауапкершілік пен үміт қатар тұрған, алдағы күндерге байыппен қарауды талап еткен шақ еді. Жолдасы Келісім Қаратаев – маңдай термен абырой тапқан, еңбекті өмірінің басты қағидасына айналдырған азамат болатын. Оның болмысында қарапайымдылық пен жауапкершілік қатар жүрді. Артық сөзге емес, нақты іске мән беретін. Тәртіп пен төзім – оның күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігі еді. Келісім аға ұзақ жыл бойы теміржол саласында машинист болып қызмет атқарды. Мыңдаған шақырымды артқа тастап, әр сапарға үлкен жауапкершілікпен қарау – мамандықтың сыртқы талабы ғана емес, адамның ішкі тәртібін қалыптастыратын өмір мектебі болатын. Теміржолда бір сәттік салғырттыққа орын жоқ. Сондықтан да ол әр рейске байыппен дайындалып, өз ісіне асқан мұқияттылықпен қарады. Темір тұлпар тізгінінде өткен әрбір күн оның сабыры мен төзімін, кәсібіне деген құрметін айқындай түсті. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ үлкен салмақ арқалаған еңбек еді. Ел игілігі үшін аянбай атқарылған осы қызмет Келісім ағаның адамдық болмысын айқындап, отбасындағы тірек ретіндегі орнын да бекемдей түсті. Осындай еңбекқор, байыпты азаматпен тағдыр тоғыстырған өмір апайға да сенім мен тұрақтылық сыйлады. Отбасының берік болуы – әрқайсысының өз жолында адал болуына байланысты екенін олар үнсіз түсінді. Кейінгі жылдарда Шара апайдың ұстаздық жолында байқалатын сабыр мен талапшылдық, жауапкершілік пен жинақылық осы шаңырақтағы өзара сыйластық пен еңбекке деген құрметтен нәр алған қасиеттер еді.
Зейнет жасына таяған тұста да Келісім аға бір орында тоқтап қалмады. Керісінше, өмірге деген сергек көзқарасын сақтай отырып, кәсіпкерлікке бет бұрды. Бұл қадам – оның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының айқын дәлелі болды. Жаңа салада да адалдық пен табандылықты басты ұстаным етіп, бастаған ісін жауапкершілікпен жүргізді. Осылайша ол отбасын тұрақты табыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбектің қадірін ісімен дәлелдей білді. Шара апай мен Келісім ағайдың шаңырағы еңбекке сүйенген, бір-біріне тірек болған, сабыр мен сыйластықты ту еткен отбасыға айналды. Олар балаларының білім алуына, адам болып қалыптасуына айрықша мән беріп, ақылын сөзбен емес, ісімен жеткізді. Қатал талап пен жылы мейірімді қатар ұстанып, оларды еңбекқорлыққа, адал өмір сүруге баулыды. Осы қасиеттері арқылы ол тек өз балаларына ғана емес, біздің сыныптың ұлдарына да адал еңбек етудің, жауапкершілікпен өмір сүрудің бағытбағдарын көрсете білді.
Бүгінгі таңда ұлы Нұрбек Қаратаев – аудан прокуроры, келіні Асел – Қызылорда қалалық сотының судьясы. Немерелері Амина, Зере, Жанель және Адиля әжесінің көзқуанышы.
Ұстазымызға арналған кітаптың тұсаукесері ерекше әсерлі жағдайда өтті. Рухани іс-шараға ұстаздар, түлектер, зиялы қауым өкілдері қатысып, жаңа туындының маңыздылығы туралы жылы пікірлерін білдірді. Жинақта ұстаз туралы естеліктер, тағылымды ойлар, шәкірттердің жүрекжарды лебіздері мен әсерлі шығармалар топтастырылған. Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген қонақтар ұстаздың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Себебі әрбір маман иесінің қалыптасуында мұғалімнің еңбегі жатыр. Кітап авторлары, осыдан 40 жыл бұрын мектеп аяқтаған түлектер де өз шығармалары арқылы ұстазға деген алғысын білдіріп, оның мәртебесін көтеруді мақсат еткен.
Сонымен қатар, мектепті тәмамдағандарына 40 жыл толған түлектер де аяулы білім ордасына арнайы келіп, мектебіне, ұстаздарына ерекше құрмет көрсетті. Олар өткен күндерді еске алып, мектеп қабырғасындағы ыстық естеліктерімен бөлісті. Кездесу барысында түлектер өздерінің жетістіктері мен өмір жолында ұстаз берген тәрбиенің маңызы зор болғанын тебіреніспен айтты.
Ардагер ұстазға ізгі тілектер айтылып, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл кездесу – шәкірт пен ұстаз арасындағы сыйластықтың, туған мектепке деген сағыныш пен құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Эльмира ӨТЕУОВА
26 мамыр 2026 ж. 55 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 179
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 744

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031