» » Ғалым еңбегіне құрмет

Ғалым еңбегіне құрмет

qarmaqshy-tany.kz «Орташа ұстаз – баяндайды. Жақсы ұстаз түсіндіреді, тәжірибелі ұстаз көрсетеді. Ал, ұлы ұстаз – шабыттандырады» деген сөз халық арасында кең тараған. Ғибратты сөздің ішіндегі ұлы ұстаз деген сөз тіркесін жерлесіміз, Ақжар ауылының тумасы, ұстаз, профессор, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегеновке арнап айтар едік. Себебі, шәкірт жүрегінен жол тапқан, өзінің адал еңбегінің арқасында үлкен жетістікке жеткен, бойындағы күш-қуат пен табандылықтың арқасында бар қиындықты жеңе білген үлгілі ұстазды ұстаздардың ұстазы дер едік. Оның алдынан қаншама шәкірт білім мен тәрбие алды, ақылөсиетін, өнегесін алды. Өкінішке қарай, 2021 жылы Т.Сақаұлын бүкіл ауыл-аймақ қана емес, республика жұртшылығы қимастық сезіммен мәңгілік мекеніне шығарып салды. Тағдырдың ісіне не шара, ол кісінің орындалмай қалған жоспары, мақсаты бары анық. Бүкіл өмірін білім мен ғылымға арнаған ол кісінің еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес.
Қарапайым отбасында дүниеге келген ағамыз білімге жастайынан құштар болды. Өзінің білімге құмарлығының арқасында Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы институт, қазіргі Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетке түсті. Еңбек жолын ауыл мектебінде ұстаз болудан бастап, өзі білім алған институттың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында аға оқытушы, қазақ әдебиеті мен араб кафедрасының меңгерушісі, 1991 жылдан өмірінің соңына дейін Абай атындағы Ұлттық университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы қызметтерін атқарды. 300-дей ғылыми мақала, 9 кітап жазды.
Ол – әдебиеттанушы, ғалым, педагог, филология ғылымдарының докторы, профессор. Бүкіл түркі еліне есімі белгілі, қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан өзіндік орны бар тұлға болды. 2010 жылы педагогикалық кеңестің қаулысымен қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы, ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл Алма» сыйлығының лауреаты Т.Сақаұлының есімі берілген болатын. Араға уақыт салып жақында ұрпақтары, соның ішінде қызы Алтынарай Тебегенова әкесінің кабинетін жабдықтап, игілікті іс жасады. Кабинеттің ашылу салтанатына байланысты мектебімізде қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жарқын бейне» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Оның барысы 8,9-сынып оқушыларының домбырамен тартқан Т.Ізтілеуовтің «Тәлім» термесімен басталып, одан кейін 5-сынып ұландары кеш қонақтарына өлең шумақтарымен арнау арнады. Кабинеттің ашылуында бірлестік жетекшісі Жанат Оңалбаева мен Темірхан Сақаұлының өмірде сыйласқан досы Қуаныш Біртаевтарға лента қию рәсімі берілді. Іс-шара «Жарқын бейне» атты әдеби-сазды кешпен жалғасын тапты. Онда 8 сынып оқушылары Темірхан Сақаұлының өмірі мен шығармалары туралы сыр шертсе, 10 сынып оқушылары ұстазға арнап өлеңдерін оқыды. 9 сынып оқушылары ғалымның өлең шумақтарын мәнерлеп оқып, мазмұнды шараға кеш қонақтары риза болысты. Аяулы ұстаз бен жан-жары Сапураның рөлінде 10 сынып оқушылары Қанағат Мағжан мен Тоқтар Аружанның шебер ойнауы әдеби-сазды кешті әсерлендіріп жіберді. Соңында ұстаздың Алматыдан, Астанадан келген шәкірттері, ағайын-туыстары сөз сөйлеп, естеліктері, ерекше есте қалған оқиғаларымен бөлісті. Алматыдан арнайы келіп, осы шараның өтуіне атсалысқан ұстаздың қызы Алтынарай Тебегенова мектеп ұжымына, қазақ тілі мен әдебиеті бірлестік мүшелеріне, алыстан келген ағайын-туысына алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Мектеп дирекциясына, бірлестік мүшелеріне сыйлықтар табыс етті.
Саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ардақты азаматтың есімін туыпөскен ауылы, ұстаздар қауымы мен шәкірттері мәңгі есінде сақтайды.
Жанат ОҢАЛБАЕВА,
№28 орта мектеп мұғалімі
05 желтоқсан 2023 ж. 353 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 427

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031