ҰСТАЗДЫҚҚА АДАЛДЫҚ – ҒҰМЫРЛЫҚ ҰСТАНЫМ
Қазақта «Ұстаздан шәкірт озар» деген тағылымды сөз бар. Ал сол шәкірттің озуына жол ашып, бағытбағдар беретін, білім мен тәрбие дәнін жүрекке еге білетін тұлға – нағыз ұстаз. Осындай саналы ғұмырын ағартушылыққа арнап, бір мектептің ғана емес, бір ауылдың рухани тірегіне айналған жанның бірі – педагог-зерттеуші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Алдамұратова.
Қырық жылдан астам уақыт бойы бір білім ордасында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ұстаздың өмір жолы – жас мамандар үшін үлгі, ал шәкірттері үшін мақтаныш. Роза Жақсылыққызы Сырдария ауданына қарасты қазіргі Қоғалыкөл ауылының тумасы. Балалық шағы қарапайым еңбек адамдарының ортасында өткен. Әкесі механизатор болса да, рухани бай, кітапқа жақын жан болған. Сол кісінің ықпалымен Роза апай бала күнінен әдебиетке, жырға, халық мұрасына ерекше ықылас танытып өскен.
Қызылорда қаласындағы «1 май» мектебінде білім алып, 8-сыныпты тәмамдаған соң, болашақ мамандығын нақтылай түсіп, Қыздар педагогикалық училищесінің музыка бөліміне оқуға түседі.
Бұл таңдау оның бойындағы өнерге, ән мен әуезге деген табиғи бейімділіктен туындаған еді. 1985 жылы тағдыр жолымен Тұрмағамбет ауылына келін болып түскен жас маман осы ауылдағы №29 мектепке жұмысқа орналасады. Алғашқы еңбек жолын тәлімгер, интернат тәрбиешісі болып бастап, кейін музыка пәнінен сабақ береді. Бұл жылдар ұстаздық жолдың алғашқы мектебі болды.
Ұстаз үшін тоқмейілсу – кәсіби тоқырауға апарар жол. Осыны терең түсінген Роза Жақсылыққызы жылдар өте келе өз білімін толықтырып, жаңа белеске шығуды мақсат етеді. 2003 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің филология бөліміне грант негізінде оқуға түсіп, сырттай қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгереді. Бұл қадам оның ұстаздық болмысын жаңа қырынан ашты. Ән мен әдебиетті, әуез бен сөз өнерін сабақтастыра білген мұғалімнің сабақтары оқушылар үшін ерекше тартымды болды. Әдеби шығарма тек оқулықтағы мәтін емес, тірі дүние екенін шәкірттеріне сезіндіре білді.
Тағы бір ерекшелік – 40 жылдан астам уақыт бойы бір ғана мектепте үздіксіз қызмет етуі. Бұл – бүгінгі қоғамда сирек кездесетін, үлкен жауапкершілік пен адалдықтың көрінісі.
– Бұл мамандыққа келуім бала кезден бастау алды. Әкем еңбек адамы болса да, рухани бай кісі еді. Адал еңбегіне жыл сайын демалысқа жолдама беруші еді. Сонда әркез курорттан демалып келген сайын батырлар жырын, қиссадастандарды ала келетін. «Алпамыс батыр», «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Көрұғлы» дастандарымен сол кезден таныс болдық. Бізге сол кітаптарды оқытатын. Сонымен қатар, көрші әжейдің үйіне де жиі баратынбыз. Ол кісі үнемі үнтаспадан қисса, батырлар жырын тыңдап жүретін. Сол сарын, сол әуен жүрегіме мәңгілікке орнығып қалды. Кейін мектепте сабақ берген Әнуарбек Байжолов пен Мәрзия Жүсіпова ағай-апайларымның өнегесі де ұстаздық жолды таңдауыма үлкен әсер етті, – дейді Роза Жақсылыққызы.
Білікті ұстаздың бұл сөзі оның кәсіби болмысының қайнар көзін анық көрсетеді. Бұл – тек мамандық емес, жүрек қалауы. Сондықтан да болар, ұстаздың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі білім сайыстарында үнемі үздіктер қатарынан көрініп келеді. Әсіресе әдебиет пен тіл білімін терең меңгерту жолындағы еңбегі нақты нәтижесін беріп отыр. Әр жетістіктің оңай жолмен келмейтіні анық. 40 жылғы еңбекте жетістіктерді тізбектеп бітіре алмайтынымыз белгілі. Жуырда ғана шәкірті Гүлсая Ахметова, облыстық «Абайтану» олимпиадасынан І орын, республикалық кезеңнен ІІ орын иеленді. Сонымен қатар ауыл олимпиадасының республикалық сынынан І орын алып, ұстаз мерейін үстем етті. Ал Іңкәр Талғатқызы Абай оқулары байқауында облыстық кезеңде І орын алып, Семей қаласында өткен халықаралық деңгейдегі байқауда Құрмет грамотасымен марапатталды.
Бұдан бөлек, оның жетекшілігімен қазақ тілі мен әдебиетін таңдап, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, бүгінде осы салада білім алып, қызмет етіп жүрген шәкірттері де аз емес. Биыл Роза Жақсылыққызы аудандағы жыл қорытындысында үздік ұстаз деп танылып, өз мектебінде де «Жыл ұстазы» атағына ие болды. Бұл – жылдар бойғы табанды еңбектің, адал маңдай тердің жемісі.
– Республикалық байқаудан жүлдемен оралған шәкіртімді ауыл, аудан болып күтіп алған сәт – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл шәкіртімнің ынтасына берілген баға және өзге оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға арналған іс-шара болды. Ұстаз деп сыйлайтын оқушыларыма, әріптес деп сыйлайтын ұжымдастарыма, апай деп сыйлайтын ата-аналарыма алғысым шексіз. Бұл – тек бір мұғалімнің емес, бүкіл ұжымның, ата-ананың еңбегі. Мұғалімнің еңбегі оқушының ынтасымен, басшының талабымен, ата-ананың қолдауымен ұштасқанда ғана нақты нәтиже болады, Осы төрттік біріккенде ғана жүйелі жұмыс болады, – дейді ұстаз.
Роза апайдың сабақ беру әдісінің бір ерекшелігі – жыр-дастандарды сазбен, ырғақпен орындап беруі. Мұндай тәсіл оқушының шығарманы терең сезінуіне, мәтінді жүрекпен қабылдауына мүмкіндік береді. Сабақ барысында айтылған жырлар шәкірт жадында ұзақ сақталады. Оның жырды жатқа, әуезбен айтқанын тыңдаған жан еріксіз өткен күндерге оралып, мектеп партасында отырғандай күй кешеді. Мұндай ұстаздан тәлім алған шәкірттің әдебиетке бейжай қарауы мүмкін емес.
Ұстаздықпен қатар, Роза Жақсылыққызы – аяулы жар, өнегелі ана. Отағасы екеуі адал еңбекпен төрт перзент тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардың бәрі өмірден өз орнын тапқан. Әрқайсысы түрлі салада еңбек етіп, қоғамға қызмет етуде. Бұл да – ұстаз тәрбиесінің бір көрінісі.
Қырық жылдан астам уақыт бір мектептің табалдырығын тоздырмай, мыңдаған шәкіртке білім мен тәрбие берген Роза Жақсылыққызы – ауыл ұстазының асқақ бейнесі. Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ол – осындай ұстаздардың маңдай тері. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар осындай ұстаздардың тәлімінен өтіп шығады. Сондықтан Роза апай сынды ұстаздарға құрмет көрсету – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа деген сенім.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















