» » АҚ ЖОЛ, ЖАС ТҮЛЕК!

АҚ ЖОЛ, ЖАС ТҮЛЕК!

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын жас түлектер үшін ең қымбат, ең қимас, ең бір ұмытылмас жүрек тебірентер сәт, соңғы рет қоңырау сыңғырлады. Бұл – балалық балдәуреннің бір белесі. Соңғы қоңырау – мектеп қабырғасындағы балдәурен балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қанат қағар қастерлі сәт. Мамырдың шуақты күнімен қатар келетін бұл мереке – ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық ықылас пен білімге толы жылдардың жарқын көрінісі.
Кеше еліміздің барлық өңіріндегі білім ордасында күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, жұртшылық түлектерге сәттілік тіледі. Бұл күні он бірінші сыныпты бітірушілер өмір айдынына жолдама алса, былтыр мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер бір сатыға көтеріліп, ата-ана мен ұстаздың көз қуанышына айналды. Соңғы қоңыраудағы салтанат әрбір жанның көңіл түкпірінде қалатын, санаңда сақталатын сәттердің бірі. Сол бір балалық шақтың ерекше естелігі ретінде өзіне әрдайым тартып тұратыны да жасырын емес.
Аудан орталығындағы Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысып, ұстаздарды, атааналарды және мектеп бітіруші түлектерді оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде жас түлектерге үлкен сенім артып, ел болашағы білімді жастардың қолында екенін атап өтті.
– Қай салада жүрсеңіздер де, ең бастысы – туған жерге қызмет етер азамат болу. Сондықтан ешқашан ізденуден, үйренуден жалықпаңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің қолдарыңызда! Осы сәтті пайдаланып, шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген барша ұстаздар қауымына облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының және аудан жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін, – деді.

Салтанатты шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, ардагер-ұстаз Райкүл Қаратаева және мектепішілік әкелер кеңесінің төрағасы Есет Назарқұлов сөз сөйлеп, жас түлектерге ақ жол тілеп, ізгі лебіздерін жеткізді. Кеш барысында мектеп түлектері әсем ән шырқап, қоштасу вальсін биледі. Мектепке деген сағыныш пен ыстық ықыласқа толы әсерлі сәттер көпшілік көңілін толқытты. Сонымен қатар озат оқушылар мен «Алтын белгіге» үміткер түлектерге құрмет көрсетіліп, дәстүрге сай білім кілті келесі буынға табысталды. Салтанатты жиын соңында бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, үлкен өмір жолындағы алғашқы қадамдарына ақ бата берді. Осылайша «мектеп» атты кемел білім кемесі жалынды жолаушыларын үлкен өмірге тағы бір мәрте шығарып салды.
Айта кетейік, биылғы оқу жылын облыс бойынша 320 мектепте білім алатын 189 288 оқушы аяқтады. Оның ішінде 10317 бітіруші болса, 987 оқушы «Алтын белгіге», 1 141 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ал аудан бойынша 903 оқушы мектеп бітіріп отыр. Олардың 91 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Сонымен қатар 61 оқушы «Алтын белгіге», 81 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Арманға қол созып, ата-ана мен ұстаздың үмітін арқалаған түлектерге ақ жол!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
26 мамыр 2026 ж. 62 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (10507)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (10506)

23 мамыр 2026 ж.

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 177
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 740

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031