БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ
Көктемнің соңғы күндері. Табиғат түлеп, айнала біткен жаңа тіршіліктің қимыл-қозғалысына ілескелі де бірнеше айдың жүзі болды. Мамыражай мамыр айы күнтізбесі де өз мәресіне жетіп қалды. Дәл осы кезде еліміздің барлық мектебінде жүректерді тебірентетін ерекше бір мереке өтеді. Ол – соңғы қоңырау. Соңғы қоңырау мерекесі – балалық шақтың аяқталып, жаөспірімдердің үлкен өмірге қадам басатын кезеңі. Әр түлек үшін бұл күн – өміріндегі ұмытылмас бетбелестің бірі.
Соңғы қоңырау – тарихы терең, мағынасы ерекше дәстүр. Ол алғаш рет Кеңес дәуірінде 1948 жылы ресми түрде енгізілді. Содан бері бұл салтанат түлектердің өміріндегі маңызды күн ретінде тойланып келеді. Уақыт өзгергенімен, бұл күннің мәні еш өзгермейді. Ол – балалықтың соңғы үні, болашаққа жол ашар алғашқы қадамы.
Мектеп – әр адамның өміріндегі ең алғашқы тәрбие мен білім ордасы. Мұнда бала алғаш әріп танып, сан санауды үйренеді. Достық пен адалдықты, сыйластық пен мейірімділікті меңгереді. Ұстаз – сол жолда шырақшы міндетін атқарушы. Әрбір ұстаз шәкірт жүрегіне сенім ұялатып, болашаққа қанат бітіреді.
Соңғы қоңырау күні – оқушылармен бірге мұғалімдер үшін де ерекше сәт. Олар өздерінің тәрбиелеген, өсіріп жеткізген шәкірттерін үлкен өмірге шығарып салады. Көздерінде қуаныш пен қимастық оты ойнап, жүректеріне үмітке толы жүрекжарды тілек орнығады. Ұстаздар қауымы бұл күні өткен жылдарға көз жүгіртіп, әр баланың жетістігін мақтанышпен еске алады.
Соңғы қоңырау – салтанатты мереке. Әр түлектің жанарында – қимастық, жүрегінде – үміт. Мереке барысында бітіруші түлектерге ақжолтай тілек арналып, болашақтарына сәт сапар тілейді. Бұл күн кеудеге қимастық сезімін ұялатып, бір сәтте бір жасқа есейгеніңді ұғындырады. Жыл бойғы іс-әрекетіңе баға беруді талап етеді.
Бұл күні мектепті 10 жыл, 20 жыл, тіпті 40-50 жыл бұрын бітірген түлектер жиналып, өздері білім нәрімен сусындаған алтын ұяларына жетуге асығады. Мектеп табалдырығын аттап, партаға отыру сезімін қайта басынан өткеруді қалайды. Сонау балалық шақта қалған естеліктер лебімен бөлісіп, мәз-мейрам кейіпке түседі. Олардың алып-ұшқан жүректеріндегі балалық шаққа деген сағыныш жүректі елжіретпей қоймайды.
Әсіресе, кішкентай 1-сынып оқушыларының түлектерге арнаған тілектері мен өнерлері салтанатты шараға ерекше әсер береді. Олар – мектептің болашағы, бүгінгі түлектердің ізбасарлары. Бұл ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Соңғы қоңыраудан кейін түлектерді маңызды әрі жауапты кезең күтіп тұр: Ұлттық бірыңғай тестілеу, мамандық таңдау, университетке түсу. Бұл – өмірлік жолды анықтайтын кезең. Сондықтан соңғы қоңырау – жаңа өмірге алғашқы қадам, үлкен арманға ұмтылу сәті.
Кейбір түлектер туған жерінде қалып, елге қызмет етуді мақсат етеді. Енді бірі шетел асып, білімін жалғастырмақ. Бірақ бәрінің жүрегінде мектепке деген сағыныш пен ұстазға деген алғыс сезімі бүр жарып, мәңгілікке жалғасары сөзсіз.
Білім ошақтарындағы қоңырау үнінің еркін сыңғырлауы – бейбіт өмірдің көрінісі. Соңғы қоңырау, бір жағынан, алғыс айту мерекесі, тұтас бір оқу жылының қорытындысы іспетті. Мектеп қабырғасында білім алған әрбір жас мұғалімдерге, ата-аналарына, достарына, мектепке алғыс айтады. Бұл – әр жүректе мәңгілікке орын алатын ыстық естеліктерге толы мейрам.
Осы орайда, мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, болашақтарының жарқын болуын тілейміз. Армандарыңыз орындалып, еліміздің ертеңі болар білімді де білікті азамат атаныңыздар!
Лаура БАҚТЫБАЕВА