» » Сәт сапар саған, жас түлек!

Сәт сапар саған, жас түлек!

МІНЕ, ТАҒЫ БІР ОҚУ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛЫП, МЕКТЕБІН БІТІРІП, ҚИЯҒА ҚАНАТ ҚАҒАТЫН ЖАС ТҮЛЕКТЕР ҮШІН ЕҢ ҚЫМБАТ, ЕҢ ҚИМАС, ЕҢ БІР ҰМЫТЫЛМАС ЖҮРЕК ТЕБІРЕНТЕР СӘТ, СОҢҒЫ РЕТ ҚОҢЫРАУ ҮНІ СЫҢҒЫРЛАДЫ. БҰЛ – БАЛАЛЫҚ БАЛДӘУРЕННІҢ БІР БЕЛЕСІ.
Сейсенбі күні еліміздің барлық өңіріндегі білім ордасында күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, жұрт­шылық түлектерге сәттілік тіледі. Бұл күні он бірінші сыныпты бітірушілер өмір айдынына жолдама алса, былтыр мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер бір сатыға көтеріліп, ата-ана мен ұстаздың көз қуанышына айналды. Соңғы қоңыраудағы салтанат әрбір жанның көңіл түкпірінде қалатын, санаңда сақталатын сәттердің бірі. Сол бір балалық шақтың ерекше естелігі ретінде өзіне әрдайым тартып тұратыны да жасырын емес.
Осындай естелікке толы ерекше күні біз де кент орталығындағы А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейден табылдық. Арман мен мақсат жетелеген жас түлек, үкілеген үмітінің мектеп бітіргеніне қуанған ата-ана, бір жылды артқа қалдырған бүлдіршін, қимастық сезімі басым ұстаз бен алтын ұя мектебін алыстан сағынып келген түлектер бұл кештің сәні болды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов арнайы келіп, оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
– «Ғылымды кісінің білімі де, білегі де күшті» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Білімді, білікті мамандары көп ел ғана мықты мемлекет бола алады. Болашақта Қазақстанның озық елдер қатарынан түспеуіне бүгінгі білімді ұрпақ үлес қосуы тиіс. Сондықтан еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға және алда тұрған сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырып, қалаған мамандықтарыңыз бойынша оқуға түсулеріңізге тілектеспін. Сіздерге тәлім-тәрбие беріп, білімді азамат болып қалыптасу жолында ұстаздар қауымының орны ерекше екенін ұмытпаңыздар. Баршаңызды тағы бір оқу жылының артта қалуымен, түлектерді мектепті сәтті аяқтауымен құттықтаймын, – деп аудан басшысы бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
Биылғы оқу жылында аудан бойынша 29 мектептен 594 оқушы 11-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басса, оның 539 түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет танытып, сондай-ақ, 30 оқушы «Алтын белгіге», 40 оқушы «Үздік аттестатқа» бітіргелі отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеудің үшінші күнінің көрсеткіші бойынша тест тапсырған оқушылардың ең жоғарғы нәтижесі әзірге 132 балды құрауда. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта әлі де жоғарылауы бек мүмкін.
Соңғы қоңырау салтанатына арнайы келген ардагер ұстаздар да ақжарма тілегін жеткізіп, түлектерге ақ батасын беріп, ұстаздарға риза­шылығын білдірді. Жас түлектер сынып жетекшісіне гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, ұстаздары 11 жыл бойы білім алып, бозбала мен бойжеткендер қатарына бет алған шәкірттеріне сәт сапар тіледі. Сондай-ақ ата-аналар атынан сөз алғандар ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, алтын ұядағы білім мен тәрбие алдағы уақытта өз жемісін беретініне сендірді.
Салтанатты іс-шарада білім биігін бағындырып, 2021-2022 оқу жылында жоғары жетістікке жеткен мектеп өрендері сап түзеп шеру құрды. Бұл қатардан жас ғалым да, жас дарын да, жас спортшы да табылды. Бүгінгі мектеп мақтаныштары бірнеше жылдан соң ел болашағының дамуына сүбелі үлес қосатыны сөзсіз.
Сонымен қатар бұл жиынға арнайы келген 20, 30, 50 жылдық түлектер де туған мекенге, өскен ортаға, алтын ұя мектебіне деген сағынышын жеткізіп, түлектерге сәттілік тіледі.
Балалықтың бал шағын артқа тас­тап, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрған мектеп түлектері мектеп вальсін сән-салтанатпен билеп, Білім кілтін 10-сынып оқушыларына табыстады. Өнері мен білімін өз бойларына өре білген еліміздің ертеңгі тізгінін қолға алар оқушылар білім алған мектебінің абыройын жоғары ұстауға ант етті.
Оқушылар үшін оқу жылының аяқталуына орай кезекті қоңырау қағылса, бітіруші түлектер үшін оқушы кезеңіндегі қоңырау соңғы рет соғылды. Осылайша «мектеп» атты кемел білім кемесі жалынды жолаушыларын үлкен өмірге тағы бір мәрте шығарып салды.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
28 мамыр 2022 ж. 1 150 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031