"Соңғы қоңырау" соғыла ма?
Мектеп бітіретін түлек үшін ең маңызды болып есептелетін 25 мамыр да жақындады. Бұл – еліміздегі барлық білім ордасында соңғы қоңыраудың күміс үні сыңғырлайтын күн. Сондай-ақ бұл сәт бар білімнің ордасы, жылылықтың мекеніне айналған мектеппен қош айтысар түлектердің жадында мәңгі жатталады. Дәл осы күні жүректері дүрсілдеген жеткіншектер қияға қанат қағады. Оқушылар үшін маңызы ерекше бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Бұл күні ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі жігіттер өңірдің сәні мен мәнін келістіреді. Алайда әлемді дүрліктірген індет салдарынан білім мекемелері бұрынғыдай көпшілікті жинап, дүркіреген думанды шараны өткізе алмайды. Биылғы соңғы қоңыраудың салтанаты қалай өтпек?
Оқу жылын аяқтау іс-шарасын ұйымдастыруда әрдайым ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған тұжырымдама басшылыққа алынбақ. Онда көрсетілгендей бітірушілер мен қызметкерлердің денсаулығы басты назарда. Пандемияға байланысты барлық санитарлық талаптар толық сақталады.
– Биыл 9-11 сынып оқушылары мен контингенті 300-ге дейінгі мектептер үшін мектеп ауласында салтанатты жиын өткізіледі. Ал оқушы саны 300-ден көп болса тек бітірушілер ғана «Соңғы қоңырау» салтанатына қатыса алады. Жиын міндетті түрде мектеп ауласында, таза ауада өткізіледі. Бетперделік режим мен әлеуметтік ара-қашықтық та қатаң сақталады. Сырттан қонақтар шақырылмайды, тек бітірушілердің ата-анасына ғана қатысуға рұқсат беріледі. Ал басқа сыныптар онлайн түрде тәрбие сағатқа қатысады, – дейді білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова.
Сонымен қатар бітірушілер мектеп формасымен қатысып, барынша қарапайым өткізілуі қамтамасыз етіледі. Елдегі ахуалға орай үй, мейрамханалар, басқа да ойын-сауық орындарда мектеп бітіру кешін өткізу және мектеп бітірушілердің кортежге шығуына жол берілмейді. Оқу жылын аяқтауға арналған шараларды ұйымдастыру үшін ата-аналардан ақша жинамау, ата-аналар тарапынан мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық дайындауға жол бермеу және мектептің қолда бар мүмкіндігін ұйымдастыру қажеттігі жөнінде білім бөлімі тарапынан ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір айта кетерлігі, бітірушілерге табиғат аясына серуендеуге, шағын су алаптарына суға түсуіне тыйым салынады. Бұл уақытта білім бөлімі төтенше жағдай бөлімдерімен бірлесіп кезекшілік ұйымдастырып, аталған жағдайдың орын алмауын қатаң бақылайтын болады.
Ал мектептерде бітірушілерге «Аттестат тапсыру» кеші 12-14 маусым күндері өткізіледі. Бұл жиынға тек бітірушілер, ұстаздар мен ата-аналар ғана келе алады.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА