ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШҚАН КЕЗДЕСУ
Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңінің ең сенімді тірегі. Олардың сапалы білім алып, заман ағымына сай дамуы – мемлекет болашағының баянды болуының басты кепілі. Сондықтан жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың сапалы білім алып, заман талабына сай дамуы – ел болашағының басты кепілі екенін үнемі атап келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру мақсатында аудан әкімі Жандос Еркінбектің мектеп бітіруші түлектермен «Жастар алаңы – болашақ бағыты» атты еркін форматтағы кездесуі өтті.
Кездесу барысында аудан басшысы жас буынмен ашық әңгіме өрбітіп, олардың болашақ мамандық таңдауы, білім алу мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау тетіктері мен жастар саясатына қатысты сауалдарына жауап берді. Жиын еркін пікір алмасу алаңына айналып, оқушылар өз ойын ашық жеткізуге мүмкіндік алды.
Әсіресе аудан жастарына жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы қойылған сұрақтар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Соның ішінде «Ауыл жастарының заманауи білім мен технологияға қолжетімділігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?» деген сауалға аудан әкімі биыл өңірде облыстық IT парк филиалы ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, орталықта робототехника, жасанды интеллект, сайт жасау және цифрлық технологияларды меңгеру бағыттары бойынша тегін курстар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар жастардың бастамаларын қолдауға арналған әлеуметтік жобалар да жүзеге асырылмақ.
– Қазіргі кезең – білім мен технологияның дәуірі. Сондықтан уақытты тиімді пайдаланып, жаңа дүниелерді үйренуге ұмтылу керек. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білген жас қана бәсекеге қабілетті болады, – деді аудан басшысы.
Кездесу аясында ауданның қоғамдық, мәдени және білім салаларында белсенділік танытып жүрген бірқатар оқушылар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жиында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов сөз сөйлеп, түлектерге сәттілік тілеп, елдің ертеңі білімді әрі жігерлі жастардың қолында екенін жеткізді.
Кездесу соңында Жандос Еркінбек жастарға жүрекжарды тілегін арнап, туған жерге адал қызмет етудің маңызын ерекше атап өтті.
– Қай мамандық иесі болсаңыздар да, елге пайдасы тиетін азамат болуға ұмтылыңыздар. Ерінбей еңбек етіп, үнемі ізденісте жүрсеңіздер, кез келген белесті бағындыра аласыздар. Болашақта ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосатын азаматтар өз араларыңыздан шығатынына сенім мол, – деді аудан әкімі.
«ҚТ» ақпарат

















