Дарынды ұрпақ – ел мақтанышы

Кездесу кеші «Үздік инновациялық жобалар көрмесімен» бастау алып, дарынды оқушылар өздерінің тың идеялары және ізденістері үйлескен ғылыми жобаларын таныстырып өтті.
– Халқымызда «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» деген мағыналы сөз бар. Сіздер – сол үмітті ақтап келе жатқан, ауданымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген дарынды ұл-қыздарысыздар. Қай салада жүрсеңіздер де, ең бастысы – елге адал қызмет ету, туған жердің дамуына үлес қосу. Сіздерге артылар сенім мол. Алға қойған мақсаттарыңыз айқын, білім жолындағы еңбектеріңіз сәтті болсын! Біз әрдайым сіздерді қолдауға дайынбыз, – деді жиында сөз алған аудан әкімі. Сонымен қатар жастардың пікірін тыңдау екенін айтып, ашық диалогқа шақырды.
Кеш барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, балалық шақтағы арманы, жетістікке жету барысындағы еңбек пен табандылық, уақытты тиімді пайдалану, болашақ мамандық таңдау, сондай-ақ қоғамдағы жастардың рөлі секілді маңызды тақырыптар қозғалды. Оқушылар өздерінің орамды ойы мен салмақты сауалдарын ортаға салса, өнерлі жастар түрлі аспаптарымен концерттік бағдарлама да ұсынды.
Шара соңында ауданның абыройын арттырып жүрген дарынды оқушылар аудан әкімінің Алғыс хаты және сыйлықтарымен марапатталды.
Айта кету керек, бүгінде мемлекет тарапынан жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейде пәндік олимпиадалар, ғылыми жарыстар мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге білім гранттары және жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер берілуде. Сонымен қатар дарынды балаларға «Қазақстан халқына» қоры және Президенттік білім гранттары ұсынылады. Ал «Болашақ» бағдарламасы аясында жас талапкерлерге шетелдің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар.
«ҚТ» ақпарат















