Ұстаз есімі ұлықталды
Мемлекет басшысы әрдайым ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында екенін айтып келеді. Шын мәнінде бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы ел дамуындағы аса маңызды рөл атқаратыны анық.
Сейсенбі күні аудан орталығындағы А.Жанпейісов атындағы No105 мектеп-лицейде Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Үсен Қошалақов атындағы математикадан дәстүрлі ХVІІ аудандық пәндік олимпиада өткізілді.
Бұл олимпиаданың басты мақсаты – Ұлы Отан соғысының ардагері, ел ағасы, ұстаздардың ұстазы болған Үсен Қошалақовтың өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, өмір жолын насихаттау және оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру. Мұндай игі бастама елімізде алғыр да дарынды, білікті ұрпақтың өсуіне ұйытқы болмақ.
Олимпиаданың ашылу салтанатында ұлағатты ұстаздың ұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ұстаздық пен елдік іске еңбегін жеккен, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған арда азаматтың тағылымды өмірін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында биыл ХVIІ рет ұйымдастырылған дәстүрлі додада 30 білім беру ұйымынан 120-ға жуық жас математик өз білімін сарапқа салды.
Жас білімгерлердің сайысын қорытындылау салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдын Әнуар, білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, еліміздің болашағы білікті де білімді жастардың қолында екенін және жастарға артылар үміттің зор екендігін жеткізді.
Салтанатты жиынның шымылдығы өмірін ұстаздық жолға ұластырған тұлғаның өмірбаянынан құралған бейне-сюжетпен түрілді. Өмір жолы өнегемен өрілген ардагер, білікті ұстаз туралы ақпаратты жиынға қатысушылар бір деммен тыңдап шықты.
Сонымен бірге марапаттау іс-шарасында ардагер- ұстаздар Дәмелі Жалғасбаева, Гүлжауһар Раева, еңбек ардагері Алпысбай Серкешбаевтар сөз сөйлеп, барша жасқа математика ғылымындағы алғашқы баспалдағына сәттілік тіледі. Ұлағатты ұстаздың ұрпақтары сөз алып, белсенділікпен қатысқан оқушыларға, олимпиаданы ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
Білім бәсекесінің нәтижесінде командалық есеппен No277 мектеп оқушылары топ жарып І орын алса, ІІ орынды No105 мектеп-лицейінің оқушылары, ал ІІІ орынды No80 мектеп-гимназиясының дарынды өрендері иеленді.
Игі бастама өңірімізде тек қана Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласының оқушыларына мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, доданың көздегені – өңіріміздің математика саласында дарынды шәкірттерді қолдап, білімді де алғыр оқушылардың ортасын қалыптастыру. Дәстүрге айналған олимпиада жыл сайын қатысушылардың білімін шыңдап, білімді жастардың қатарының артуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Мұндай игі сайыстар легі алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ