» » Есепке жүйріктер жарысы

Есепке жүйріктер жарысы

qarmaqshy-tany.kz Мемлекет басшысы әрдайым ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында екенін айтып келеді. Шын мәнінде бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы ел дамуындағы аса маңызды рөл атқаратыны анық.
Бейсенбі күні аудан орталығындағы А.Жанпейісов атындағы No105 мектеп-лицейінде Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Үсен Қошалақов атындағы математикадан дәстүрлі ХV аудандық пәндік олимпиада өткізілді.
Бұл олимпиаданың басты мақсаты – Ұлы Отан соғысының ардагері, ел ағасы, ұстаздардың ұстазы болған Үсен Қошалақовтың өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, өмір жолын насихаттау және оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру. Мұндай игі бастама елімізде алғыр да дарынды, білікті ұрпақтың өсуіне ұйытқы болмақ.
Олимпиаданың ашылу салтанатында ұлағатты ұстаздың ұлы Әділ Қошалақов пен No105 мектеп-лицей директоры Гүлзира Еркебаева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. 8-11 сыныптар арасында өткізілген білім додасында 29 мектептен 114 оқушы бақ сынады. Өрендер білімін саралау үшін арнайы Қазалы ауданынан келген комиссия мүшелері төрелік етті.
Ал олимпиаданың қорытындылау салтанатына аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов, ардагер-ұстаздар, ұлағатты ұстаздың ұрпақтары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.
Салтанатты жиынның шымылдығы өмірін ұстаздық жолға ұластырған тұлғаның өмірбаянынан құралған бейне-сюжетпен түрілді. Өмір жолы өнегемен өрілген ардагер, білікті ұстаз туралы ақпаратты жиынға қатысушылар бір деммен тыңдап шықты. Мұнан соң, No105 мектеп-лицей оқушыларының дайындаған әдеби монтажы тамашаланды.
Кездесуде сөз алған аудан әкімі ұлағатты ұстаз туралы сыр шертті.
– Ұлы адамдардың өмір жолы қарапайым да мағыналы тарихи оқиғаларға толы болмақ. Кеңес дәуірі кезінде Мәскеудегі ғалымдардың өзін таңқалдырған ағамыздың өмірі бүгінде жастарға өнеге. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Себебі олар озық идеялармен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Талантты және дарынды, қабілетті балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет, – деп аудан басшысы білімді жастардың қоғамдағы орны жоғары болатынын жеткізді.
Сондай-ақ аталған жиында олимпиаданың қорытындысы жарияланып, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Нақтылай кетсек, 8-сыныптар бойынша І орынды No274 мектеп оқушысы А.Алпысбаева иеленсе, 9-сыныптар бойынша No105 мектеп-лицейінің оқушысы Д.Жақсылықов жеңіп алды. Ал 10-сы- ныптар бойынша І орын No277 мектеп-лицейінің оқушысы Е.Алдоңғароваға бұйырса, 11-сыныптар бойынша No272 мектептің оқушысы Н.Нұртазаева лайық деп танылды. Жалпы командалық есеп бойынша І орынды No274 мектеп алса, ІІ орынды No272 мектеп, ІІІ орынды No105 мектеп-лицейі қанжығасына байлады.
Он бесінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі олимпиадаға төрелік еткен комиссия мүшелері болса, қорытынды шешім шығарудың, орындарды бөлудің оңай болмағандығын тілге тиек етеді.
– Біздің ауданға Ү.Қошалақов атындағы олимпиадаға төрелік етуге ұсыныс түсті. Бұл ұсынысты зор қуанышпен қабыл алдық. Аудан ішіндегі мұғалімдерден іріктеу жасап, үздік ұстаздармен бірге осында келдік. Олимпиададағы тапсырмалар деңгейі жоғары. Орын беру нәтижесіне келгенде біраз қиындық туындады. Қармақшы өңірінде Ү.Қошалақов атындағы олимпиаданың ұдайы өткізіліп тұратынынан болса керек, аудан оқушыларының білім деңгейі әлдеқайда жоғары. Үсен атаның салып кеткен жолының арқасында аудан математика бойынша біраз белесті бағындырған екен. Мұнда ұстаздардың да тынымсыз еңбегін ескерген жөн. Балалардың есеп шығарудағы қабілеттері, жылдамдықтары керемет. Біз бұған қуана да қызыға да қарадық. Алдағы уақытта мұндай олимпиадалар облыстық, республикалық деңгейде өткізілсе, құба-құп болар еді. Себебі математика – ақыл-ойдың жемісі. Өрелі өрендеріміз, білімді оқушыларымыз көп болсын, – дейді Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі No226 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі, комиссия төрағасы Еркін Сыдықов.
Сонымен бірге марапаттау іс-шарасында ардагер-ұстаздар Д.Жалғасбаева, М.Тайшықова сөз сөйлеп, барша жасқа математика ғылымындағы алғашқы баспалдағына сәттілік тіледі. Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаздың ұрпақтары атынан С.Қайнарбаев сөз алып, белсенділікпен қатысқан оқушыларға, олимпиаданы ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
Бұл игі бастама өңірімізде тек қана Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласының оқушыларына мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл доданың көздегені – өңіріміздің математика саласында дарынды шәкірттерді қолдап, білімді де алғыр оқушылардың ортасын қалыптастыру. Дәстүрге айналған олимпиада жыл сайын қатысушылардың білімін шыңдап, білімді жастардың қатарының артуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Мұндай игі сайыстар легі алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 қараша 2022 ж. 468 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031