Аудан әкімі жастармен кездесті
Аудан әкімі Жандос Еркінбек ауданымыздағы мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен табиғат аясында еркін форматта кездесу өткізді. Жылы әрі бейресми атмосферада өткен кездесуде алау жағылып, ашық әңгіме өрбіді.
Аудан басшысы жастарға қоғамның қозғаушы күші ретінде ерекше жауапкершілік жүктелгенін және олардың белсенділігі ел болашағы үшін аса маңызды екенін баса айтты.
– Сіздер еліміздің тірегі, қоғамның қозғаушы күші, келешек Қазақстанның дамуына зор үлес қосатын азаматсыздар. Қазіргі таңда елімізде жастарға барлық мүмкіндік жасалған. Білім алуға, кәсіпкерлікпен айналысуға, ғылым мен өнер салаларында табысқа жетуге қолайлы жағдайлар бар. Осы ретте әрқайсыңызға үлкен сенім артамыз. Жастардың күш-қуаты мен білімін елдің өркендеуіне арнау арқылы біз жарқын болашақты бірге құра аламыз, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан басшысы білім саласындағы жетістіктер мен аудандағы заманауи жобаларға тоқталып өтті. Айта кетейік, Қармақшы ауданы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 85,9% орташа балмен облыста бірінші орын алды. 54 түлек «Алтын белгі», 67 түлек «Үздік аттестат» иеленді. 2025 жылы Жосалы мен ІІІ Интернационал ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептер салынады. Бұқаралық спортты дамыту үшін Ақай, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында 1,3 млрд теңгеге дене шынықтыру кешендері салынуда, олар биыл аяқталады. Аудандық бюджет есебінен кент, ауылдық округтерде ойын және футбол алаңдары салынды. Облыстық бюджеттен 98 млн теңге бөлініп, 6 мектептің спорт алаңдары жаңғыртылады.
Кездесу соңында аудан басшысы жастардың сұрақтарына жауап беріп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдауға әрқашан дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, жастарды өз армандарына адал болып, жарқын болашақ үшін талмай еңбек етуге шақырды.