» » ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ ЖАНАШЫР АЗАМАТ

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ ЖАНАШЫР АЗАМАТ

Қоғамда жақсылық жасаудың сан түрлі жолы бар. Бірі мұқтажға көмек қолын созса, енді бірі қайырымдылық жасап, көптің алғысына бөленеді. Ал туған жердің табиғатын түлетіп, қоршаған ортаны көгалдандыру арқылы игі іс атқару – екінің бірінің қолынан келе бермейтін сауапты амал. Осындай сауапты істі серік еткен кент тұрғындарының бірі – Бостан Жалғасбаев.
Туған жерге деген сүйіспеншілік әр адамның жүрегінен орын алуы керек. Өйткені адам өзі өсіп-өнген ортаның гүлденуіне үлес қосқанда ғана қоғам алға басады. Бостан ағамыздың жасап жүрген ісі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Ол бірнеше жыл бұрын алпыс жас мерейтойын өзгеше атап өтуді жөн көрген. Думандатып той жасап, даңғазаға салынудың орнына кент орталығындағы «Ардагерлер аллеясына» 60 түп жас шыбық отырғызған еді. Бұл бастама сол кезде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген-ді.
Арада бірнеше жыл өтсе де бүгінде сол кішкентай көшеттер жайқалып өсіп, аллеяның ажарын ашып тұр. Бұрын бос жатқан жер бүгінде тұрғындар тыныстап, саялайтын көрікті орынға айналған. Әсіресе, жеміс ағаштарының гүлдеп, өрік ағаштарының тәтті жеміс беруі балалар үшін ерекше қуаныш сыйлап отыр. Аллеяға келген жасөспірімдердің ағаштан үзіп жеген өрігі – Бостан ағамыздың маңдай терінің жемісі десек артық емес.
Табиғатты аялауды өмірлік ұстанымына айналдырған азамат биыл да игі ісін жалғастырып, наурыз айында аллеяға жүзге жуық жас көшет отырғызған. Оның ішінде тек көлеңкелік ағаштар ғана емес, жемісжидек түрлері де бар. Бұл бастама алдағы уақытта кенттің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға да пайдасын тигізері анық.
– Туған жерді гүлдендіру – менің хоббиім. Осы жердің топырағында туып-өскен соң айналамның жасыл желекке оранғанын қалаймын. Бір кездері мерейтойымды тойлап өткізгеннен гөрі, елге пайдам тисін деген оймен 60 тал еккен едім. Қазір сол ағаштар өсіп, жеміс беріп жатыр. Балалардың өрік жеп мәз болғанын көргенде көңілім марқайып қалады. Биыл да бос жатқан жерлерге көшет отырғыздым. Дегенмен кейбір жерлерге су жетпей, жиырмаға жуық тал қурап барады. Егер кент әкімшілігі тарапынан қолдау болса, бұл жұмыстарды одан әрі жандандырар едік. Кентті көркейту – баршамызға ортақ міндет, – дейді Бостан Жалғасбаев.

Расында, табиғатты көгалдандыру – бір күндік жұмыс емес. Ол үлкен еңбек пен табандылықты талап етеді. Әсіресе, отырғызылған ағаштарды күтіп-баптау, уақытылы суарып, күтім жасау оңай шаруа емес. Бостан ағамыздың айтуынша, аяқсу кентке келгенімен, аллеяның кей бөліктеріне су жетпейді. Соның салдарынан кейбір көшеттер қурап қалған. Бұл мәселе дер кезінде шешілсе, аллеядағы барлық ағаштың тамыр жайып кетуіне мүмкіндік болар еді.
Бүгінде әлемде климаттың өзгеруі, жасыл желектің азаюы, ауаның ластануы секілді мәселелер қоғам назарын табиғатты қорғауға бұрып отыр. Осындай кезеңде қарапайым тұрғындардың туған жерін көгалдандыруға атсалысуы – үлкен жанашырлықтың белгісі.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халқымыздың даналық сөзі бекер айтылмаған. Ағаш адамға көлеңке сыйлап қана қоймай, ауаны тазартып, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Сондықтан Бостан ағамыздың ісі – көпке үлгі боларлық өнеге. Оның бұл еңбегі туған жерге деген шынайы жанашырлықтың көрінісі. Осылай әр тұрғын өз ауласына бір түп ағаш отырғызып, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосса, келешекте кентіміздің жасыл аймаққа айналары сөзсіз. Табиғатты аялау – тек бір адамның емес, барша қоғамның ортақ міндеті екенін ұмытпаған жөн.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
22 мамыр 2026 ж. 69 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (10505)

19 мамыр 2026 ж.

№36 (10504)

16 мамыр 2026 ж.

№35 (10503)

13 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 153
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 726

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031