«ЖАС ҚҰТҚАРУШЫЛАР» СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ
Жақында Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп базасында ел қауіпсіздігі жолында қызмет ететін жас буынды тәрбиелеуге бағытталған, ардагер өрт сөндіру қызметкері Жеткерген Әжмағанбетовтің есімі берілген «Жас құтқарушылар» сыныбының ашылу салтанаты өтті. Бұл бастама – жас ұрпақтың бойына батылдық, тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге арналған маңызды жоба ретінде көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.
Салтанатты шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Өмірбек Сақтабаев, мектеп директоры Ақмарал Жарасова, аудандық прокуратура өкілдері, аудандық білім бөлімі мамандары, ардагер ұстаздар, ішкі істер және төтенше жағдайлар саласының ардагерлері, сондай-ақ Жеткерген Әжмағанбетовтің туыстары мен отбасы мүшелері қатысты. Қоғам қауіпсіздігі жолында ұзақ жыл еңбек еткен азаматтың өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету мақсатында өткен жиын көпшілік көңілінен шықты.
Іс-шара мектеп фойесіндегі көрмеден бастау алды. Қонақтарға оқушылардың қолөнер бұйымдары таныстырылды. Сонымен қатар оқушылар дайындаған әдеби монтаж көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Балғындардың Отан, ерлік, батырлық туралы жатқа оқыған жырлары шараның мазмұнын айшықтай түсті.
Мұнан кейін салтанатты жиын мектептің акт залында жалғасты. Жас құтқарушылар сап түзеп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортаға әкелінді. Бұл рәсім оқушылардың бойындағы патриоттық рухты асқақтатып, жиынның маңызын арттыра түсті.
Одан кейін көпшілік назарына Жеткерген Әжмағанбетовтің ғибратты ғұмыры, төтенше жағдайлар саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мен елге сіңірген қызметі жөнінде бейнеролик ұсынылды.
Жеткерген Әжмағанбетов 1952 жылы Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін тәмамдаған соң еңбекке ерте араласып, шаруашылықта механизатор болып қызмет атқарған. 1972-1974 жылдары Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін түрлі мекемелерде жүргізуші болып еңбек етеді. Кейіннен өрт қауіпсіздігі саласына бет бұрып, «Қармақшы аудандық ерікті өрт жасақшылары» мекемесінде төраға, «Кәсіптік техникалық өрт сөндіру» бөлімінде басшылық қызметтер атқарған.
Қызмет барысында кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Көкшетау қаласындағы КСРО Ішкі істер министрлігіне қарасты арнайы мектепте білім алып, өртке қарсы инженер мамандығын меңгерген. Кейін Қазалы, одан соң аудандағы ішкі істер бөлімінде мемлекеттік өрттен бақылау бөлімінің бастығы, «Қармақшы адандық Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік қадағалау және бақылау» бөлімінің бастығы қызметін атқарып, 2006 жылы наурыз айында осы мекемеден құрметті зейнеткерлікке шыққан.
Көп жылғы жемісті еңбегінің нәтижесінде ол ішкі істер саласының үздік қызметкері атанып, «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі полиция қызметіне 20 жыл» медальдарымен және өртке қарсы қызмет органдарындағы «Мінсіз қызметі үшін» І, ІІ, ІІІ дәрежелі төсбелгілерімен марапатталған. Сонымен қатар облыс және аудан әкімдерінің, төтенше жағдайлар департаментінің көптеген алғыс хатына ие болған.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Өмірбек Жаңабайұлы жаңа сыныптың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін ауданымыз үшін тарихи әрі маңызды күн. Себебі алғаш рет жасөспірімдерді қауіпсіздік мәдениетіне баулитын «Жас құтқарушы» сыныбы ашылып отыр. Қазіргі таңда төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін сақтау – аса маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы тәрбие мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Осы сыныпта білім алатын оқушылар алғашқы медициналық көмек көрсетуді, өрт қауіпсіздігі ережелерін, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуді меңгереді. Бұл – тек мамандыққа баулу емес, адам өміріне жауапкершілікпен қарауды үйрететін үлкен мектеп, – деді ол.
Шара барысында Жеткерген Әжмағанбетовтің қызы Индира Әжмағанбетова отбасы атынан алғысын білдірсе, туыстары Сағат Қосназаров, Сәду Әлібаев ағаларының есімі ел жадында сақталып, жас ұрпақ тәрбиесіне қызмет етіп жатқанына ризашылықтарын жеткізді.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен мектеп арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл құжат алдағы уақытта оқушыларды қауіпсіздік дағдыларына үйрету, арнайы оқу-жаттығулар өткізу және жас құтқарушылар қозғалысын дамыту бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуге жол ашты. Жиында жас құтқарушылар салтанатты түрде ант қабылдап, арнайы куәліктерге ие болды.
Салтанатты рәсім соңында «Жас құтқарушылар» сыныбының лентасы қиылып, арнайы жабдықталған кабинет көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда оқушылар төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету тәсілдерін үйреніп, алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеретін болады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

















