ХАЛЫҚ ҚОРҒАНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Табиғат пен техногендік апаттар, төтенше жағдайлар өмірімізде күтпеген сәтте орын алуы мүмкін. Осындай қиын сәттерде ел тыныштығы мен адамдардың өмірі үшін қырағы да батыл құтқарушылар алдыңғы шепте жүреді. Олар – өз өмірін қатерге тігіп, өзгелердің амандығы үшін күресетін нағыз ержүрек жандар. Сондықтан құтқарушылардың еңбегі – қашанда ерекше құрметке лайық.
Осыған орай аудандағы «Руханият» орталығында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов қатысып, құтқару қызметі саласының мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Құтқарушылар күні – төтенше жағдайлар кезінде халықтың қауіпсіздігі мен амандығы үшін жанқиярлықпен қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін бағалайтын маңызды мереке. Сіздер адам өмірін сақтап қалуды басты мақсат еткен, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін тынбай қызмет істеп жүрген жандарсыздар. Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде төтенше жағдайлардың алдын алу қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында ауқымды іс-шара мен жұмыстар атқарылып келеді. Биылғы жылдың басынан бері аудан аумағында бірнеше өрт оқиғасы тіркелгенімен өрт сөндірушілердің шапшаң әрекетінің, кәсіби шеберлігінің нәтижесінде адам шығынына жол берілген жоқ. Бұл сіздердің адал қызметтеріңіздің бірлескен жұмыстарыңыздың жемісі. Сол үшін сіздерге алғысымыз шексіз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң іс-шарада ел қауіпсіздігі жолында абыроймен еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерге облыс және аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, олардың ел қауіпсіздігі жолындағы еңбектері атап өтілді.
Биыл Төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы айтулы дата аясында аудан тарапынан азаматтық қорғау саласының материалдықтехникалық базасын жаңартуға қолдау көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
Шарада аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Өмірбек Сақтабаев пен сала ардагері Нұрлыбек Шынарбаев әріптестерін айтулы мерекемен құттықтап, лебіздерін білдірді.
Қырағы құтқарушылар – еліміздің мақтанышы. Олар нағыз ерлік пен адамгершіліктің үлгісі. Әрбіріміз осындай батыл жандардың еңбегін бағалап, қауіпсіздік ережелерін сақтап жүруіміз қажет. Себебі қауіпсіз қоғам – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
















