Майталмандар марапатталды
Құтқарушылар күніне орай №10 өрт сөндіру бөлімі ғимаратының алдында салтанатты жиын өтті. Онда аудандағы барлық құтқарушылар сап түзеді. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев қатысты. Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Өмірбек Сақтабаев шараға саптық топтың дайын екенін баяндап, құтқарушылардың техникалық құралдарынан болған көрмені таныстырды.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, сөз аудан әкімінің орынбасарына берілді.
– Төтеннен келген түрлі қауіп пен тосыннан болған табиғи апат кезінде бірінші болып көмекке ұмтылып, тілсіз жауға қарсы тұратын бейбіт күннің батырларын азаматтық қорғау органдарының 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Құтқарушы мамандығы қарапайым болғанымен қоғам алдында мәртебесі жоғары. Ел игілігі жолында кәсіби міндетін бұлжытпай орындап, қызмет бабында қайсарлық пен өжеттік көрсетіп ең басты байлық адам өмірін түрлі апаттармен қауіп қатерден сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген батыр азаматтарға халықтың айтар алғысы зор. Бүгінгі мереке күні абыройларыңыз асқақтай берсін, – деді Ж.Сүйеубаев.
Иә, 1995 жылы тұңғыш президент Н.Назарбаев 19 қазанда төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органды құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл төтенше жағдайдың алдын алу және оларды жоюдың тиімді жүйесін құру ісіндегі шешуші сәт болды. Осының негізінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Мұнан соң мерекелік шара қызметте абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттауға ұласты. Алдымен маусым айында екі жасөспірімді Сырдария өзенінде шомылып жүрген жерінен құтқарып қалған Егеубай Елпановтың ерлігін сөз етті. Өмірден өткен марқұмның ата-анасына Төтенше жағдайлар министрлігінің «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін табыстады. Батырдың әкесі Әскербек Елпанов, ерлікті елеп құрмет көрсеткен жиналған көпшілікке ризашылығын жеткізді. Одан кейін сала үздіктері №10 өрт бөлімінің аға жүргізушісі Бақытбек Жұмабаевқа І дәрежелі, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, майор Еркін Назарқұловқа ІІ дәрежелі, төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, майор Серіккүл Әбжаевалар ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалын тағынды. Сонымен қатар ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің және «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының алғыс хатымен бірқатар құтқарушы мамандар марапатталды. Құтқарушы күнінің 25 жылдығына орай «Құтқарушы» тақырыбында өткен сурет байқауында ІІІ орын алған Рамазан Ғабитұлына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің дипломы берілді.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ