ЖЫРМЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР
Қазақ әдебиетінің кең өрісінде өзіндік үнімен, нәзік те жүрекке жылы тиер сыршыл өлеңдерімен ерекшеленген ақындардың бірі – Үрліхан Өндібаева. Ол өмірдің сан тарау белестерінен өтіп, тағдырдың талай сынағын көрсе де, жүрегіндегі жыр отын өшірмей, халқына рухани мұра сыйлап келеді. Ақынның шығармашылығы туған жерге сүйіспеншілік, адамгершілік, ұлттық тәрбие, ана мейірімі, елдік рух сияқты асыл құндылықтарды дәріптеуімен құнды.
Үрліхан Қазыбайқызы 1941 жылы Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ақын атындағы ауылда (бұрынғы Ленин совхозы) дүниеге келген. Әкесі Қазыбай Өндібаев Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралған еңбекқор азаматтардың бірі ретінде танылды, анасы Аппаз қарапайым еңбек адамы, тыл ардагері болған. Осындай тәрбиелі отбасында өскен болашақ ақын жастайынан өнер мен әдебиетке жақын болып қалыптасады.
Үрліхан апай ауыл мектебінде білім алып, кейін Шымкент сауда техникумын тәмамдайды. Ұзақ жыл бойы сауда саласында еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен ерекшеленеді. Еңбек жолында аудандық, облыстық марапаттарға ие болады. Көпбалалы ана ретінде ел арасында сый-құрметке бөленіп, елу жасында зейнеткерлікке шығады. Алайда оның өміріндегі ең үлкен белес осы кезеңнен кейін басталды десек артық емес. Себебі ақындық өнер оның бойында ерте оянғанымен, шығармашылыққа толық бет бұруы кемелдікке келген шағында басталады.
Ақынның шығармашылық әлемі – терең ой мен шынайы сезімнің үйлесімі. Оның өлеңдерінен туған жерге деген махаббат, ұлттық рух, адам жанының нәзік иірімдері анық байқалады. Ақын поэзияны тек сөз өнері емес, рухани тазалықтың, адамдықтың айнасы ретінде қабылдайды. Сондықтан оның жырлары оқырман жүрегінен жылы орын алады.
Үрліхан Өндібаеваның «Тұңғиықтан жыр жазсам толғап оңды» атты алғашқы жыр жинағы 2004 жылы жарық көрді. Кейін «Аңсап күткен бақытым қолға қонды», «Жүз шайырдың бірімін, қыздан жалғыз», «Шүпілдеген жүрегім жырға толы», «Бір тамшы сия», «Шайырлықпен шартарапты шиырлап» секілді бірнеше кітабы оқырманға жол тартты. Бұл жинақтарда ақынның өмірге деген көзқарасы, қоғам туралы толғаныстары, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тағылымды ойлары көрініс тапты.
Ақын шығармашылығының басты ерекшелігінің бірі – халықтық дәстүр мен шығыстық әдеби сарынның үндесуі. Оның өлеңдерінен Абай мен Тұрмағамбет жырау шығармаларының рухани жалғастығы айқын байқалады. Үрліхан апай тек лирикалық өлеңдермен шектелмей, қисса-дастандар жазуға да ден қойған. Оның Қожа Ахмет Ясауи жайлы «Жалғыз тал құрма» шығармасы мен «Екі дәмбілше» дастаны – ақынның ізденісінің жемісі. «Екі дәмбілше» дастанында жырау Рүстембек Жиенбайұлы туралы баяндалады. Сонымен қатар әкесі Қазыбайдың соғыс жолына арналған «Майдангер жолы» поэмасы оқырман тарапынан жоғары бағаланды.
Үрліхан Өндібаева – ақын болуымен қатар, ұлттық руханият жанашыры. Ол аудандық, облыстық, республикалық мүшәйраларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орынға ие болды. 2003 жылы Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылдануы оның шығармашылығына берілген үлкен баға. Ақынның жырларын белгілі жыраулар орындап, халық арасына кеңінен таратуы оның поэзиясының өміршеңдігін дәлелдейді.
Үрліхан апаның өлеңдерінде аналық мейірім ерекше орын алады. Ол отбасы құндылығын, ұрпақ тәрбиесін, әйел-ананың қоғамдағы орнын терең толғайды. Ақын жырларынан қазақ әйеліне тән сабыр мен даналық, мейірім мен төзім айқын сезіледі. Сондықтан оның шығармалары жастар тәрбиесінде де маңызды рухани құрал бола алады.
Ақын «Ана тілім – дара тілім» өлеңінде:
«Бұрында ара ағайын,
Жинап ап елдің маңайын.
Шешендік сөзбен тоқтатқан,
Жанжал мен даудың талайын» деп жырлайды.
Бұл өлең жолдарының негізгі тақырыбы – ана тілінің қадірі мен сөз өнерінің құдіреті. Ақын қазақ тілінің халық өміріндегі маңызын, билер мен шешендердің мәселені өткір тілмен шеше білген даналығын суреттейді. Ертеде ел ішіндегі дауларды шешетін, халықты бірлікке шақыратын ара ағайын адамдар болғаны айтылады. Шағын ғана үзінді арқылы қазақтың шешендік өнерін дәріптейді. Қазақ тілінің ұлтымыздың рухани байлығы екені сипатталады.
Ал «Ауылым – мақтанышым» деп аталатын өлеңінде ақын ойлары былайша өріледі:
«Ғажап менің жүрген ортам – ауылым,
Мақтан етем ақындардың қауымын.
Омар, Оңғар, Ешнияз сал,
Мұзарап, Рүстембек, Көшенейлер бауырым.
Әлем танып Тұрмағамбет ауылын,
Аталып жүр әр күн сайын аты мың.
Жауды жеңген Көмекбаев Тәйімбет,
Отан үшін от кешкендер, батырым!»
Бұл өлең жолдарында ақын туған ауылына деген сүйіспеншілігін, сол жерден шыққан ақындар мен батырларды мақтан тұтатынын жырлайды. Өлеңнің негізгі идеясы туған жердің қадірін білу, елге еңбегі сіңген тұлғаларды құрметтеу. Жыр иесі өз ауылын ерекше сүйіспеншілікпен сипаттайды. Ауылын «ғажап» деп бағалап, сол жерден шыққан өнерлі, ақын адамдарды мақтан етеді. Өз ауылынан шыққан белгілі ақындар мен өнер иелерінің есімдерін атап, оларды өзіне жақын, рухтас адамдар ретінде көрсетеді. Мұнан туған жер перзенттеріне деген ақынның құрметі көрінеді. Өлеңде Тұрмағамбет ауылының атағы кеңге жайылғаны, елге танымал болғаны айтылады, ауылдың рухани байлығы дәріптеледі. Ұлы Отан соғысына қатысып, елін қорғаған батырлардың есімін ерекше мақтанышпен жырлайды. Ақын олардың ерлігін мақтан тұтып, құрмет көрсетеді.
Сонымен қатар ақын туған жер тақырыбын ерекше шабытпен жырлайды. Қасиетті Сыр өңірі, Тұрмағамбет ауылы, қазақ даласының табиғаты оның жырларында көркем бейнеленеді. Ол туған елін тек географиялық мекен ретінде емес, рухани тамыр, ұлттық болмыс ретінде суреттейді.
Үрліхан Қазыбайқызының шығармашылығы – қазақ әдебиетіндегі шынайылық пен өміршеңдіктің үлгісі. Ол поэзияға өз қатарластарынан кеш келсе де, өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білді. Ақынның өмір жолы – адам арманының жасқа қарамай орындалатынының жарқын дәлелі. Үрліхан ақынның жырлары бүгінгі оқырманға рухани күш беріп, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндейді. Ауылдың, ауданның қоғамдықмәдени өміріне белсене араласып келе жатқан ақын бүгінде 85 жасқа аяқ басты. Адамдық пен ақындықты қатар тізгіндеп ұстаған жанның мерейтойы – әдебиет пен шығармашылық әлемінің қуанышы.
Ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы 2021 жылы Талайлы Төребайқызының «Өлең-жыр өлкесінде», 2023 жылы Нұрбай Жанәділовтің «Жүрегі жырға толы ақын ана», Сәрсенкүл Жаудатбекқызының «Бір тамшы сия» атты көлемді мақалалары ата басылым «Қармақшы таңы» газетінің бетінде жарық көрді. Өмірбаяны жайлы Сыр өңірінің «Киелі мекен» сайтының «Ақынжазушылар» бөлімінде мәліметтер жазылған. Бұл ақынның есімі өз өңіріне кеңінен танылғандығын, айналасына белгілі тұлға екендігін айқындай түседі.
Иә, Үрліхан апай халқымыздың рухани мұрасын байытуға үлес қосқан талантты ақын. Оның шығармалары ұлттық әдебиетіміздің алтын қорынан орын алуға лайық. Ақынның өнегелі өмірі мен өрелі өнері кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

















