» » Өлең-жыр өлкесінде

Өлең-жыр өлкесінде


Өз ауылыңды суретте десе не дер едім?... Айтсам сөз жетпейді, сурет салсам бояу жетпейді ғой шіркін! Менің ауылымда туып өскен жандардың  материалдық жағдайы төмен болса да, рухы бай, жүрегі жомарт, көңілі аспандай кең, жүрегі аппақ, мақтадай жұмсақ, Өлең мен жырдың, әннің жұмақ өлкесі! Алла тағалам менің ауылдастарымның  несібесін өлең-жырдан құйған. Алла тағаламның осы несібесінің бір иесі – Үрліхан апам.
Балмүсін балалық шағыма қуаныш құйған, сұлу сезім  сыйлаған бір тұлға! Сол кездегі ауылдың  мәдениет ошағы клуб сахнасында ән салған, күмбірлетіп күй төккен керім бейнелер әлі жадымда.Олар мондалинамен ән айтатын Злиха Баймұрзаева, әрі күйші, әрі жыршы, әрі әнші Қансұлу Мұсабекова, жезтаңдай әнші Шамшагүл Бахрадинова, сонан соң  сырнаймен ән айтатын Үрліхан Қазыбайқызы. Айта берсем көп-ақ. Сол кездің өзінде жүз
Жыраудың ауылы – бүгінде мың жырау елі атанып кетті ғой! Тәубе! Ауылдың дәстүрі  осылай болу керек, қыздарының өнері ер-азаматтардың өнерінен асып түспесе кем емес. Сәби санамызға сіңіп, бала қиялымызды ұштаған осы бейнелер қай уақытта да ыстық, жанымызға жақын.
Үрліхан апамның туған үйімен «ауыл аралас, қой қоралас» қана емес, біздің үй іргелес болды. Мен ес білген шақта апам тұрмыс құрып кеткен. Шымкенттің сауда техникумында алған білімімен ауылда азық-түлік дүкенінде сатушы болатын. Жездеміз Бердіқұл жоғары білімді зоотехник еді. Қайран бақытты балалық шақ. Мектептен келген бетте мектеп формасын шешіп тастап, жаздық жұқа көйлекті кие сала Үрліхан апамның әкесі Қазыбай көкенің қауындығына жүгіретінмін. Көкем қарулы кісі еді. Ана шеті мен мына шеті ат шаптырым қауындық қораны шеңгелмен өзі қоршап, осыншама қауынды өзі егетін. Ол  кісінің  үйінің маңайындағы бар бала осы қауындық көтерілгенше қауынды тойғанымызша жеп, қалғанын үйге алып кететінбіз. Иманың салауат болғай кең пейіл, ақ ниет Қазыбай көке! Қазыбай көкемнің кемпірі Аппаз апам қауынқақ тілуші еді. Ыстық күнге қақталған қып-кызыл қауынқақтың  тәттілігі тілді ойып түседі.
Ұлы Отан  соғысының ардагері Қазыбай Өндібаев екі мәрте ауыр жараланғанына қарамастан соғысты аяқтап елге оралды. Жауырын астындағы оқтың жарықшағымен, жамбастан алған ауыр жарақатымен соғыстан кейінгі ақсап қалған ел құрылысын көтеру жұмысына кірісіп кеткен. Соғысты Берлин қаласында аяқтап «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Қазыбай Өндібаев құрылыс саласындағы еңбегі үшін де «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Сыр сүлейлерінің ұрпағы өнерден де кенде болмаған. Қобыз жасап, домбыра тартып, өлең де жазған. Аппаз анамыз болса он перзентті дүниеге әкеліп, ел мен жерді  ақ күрішті алқапқа айналдыру кезінде ер азаматтармен қоян қолтық  жүріп ауыл іргесінен егістікке өтетін ірі су торабын (канал) қазу  жұмысында болған. Қазыбай Өндібаев соғыстан қалған ауыр жарақат зардабынан 59 жасында дүние салған.
Осындай жанұяда 1941 жылдың 11 мамырында дүниеге келген Үрліхан Қазыбайқызы Өндібаевамен  арада көп жылдар  өткен соң ақындардың үлкен жыр мүшәйрасында 2005 жылы кездестім. «Апам да аңтаң, мен де аңтаң» демекші сауда саласында 30 жыл тер төккен кісінің өлең өлкесіне келуінің сыры неде? Мені мазалаған сұрақ осы еді. 1972 жылы Алматыға оқуға кеткеннен кейінгі көріп тұрғаным. Көргеннен кейін екеуіміз  де еркін сырласуға көштік. Айтар әнгімеміз – өлең-жыр туралы. Мұнан соң  да  кездескен сәтте өлең-жыр өлкесінде туғанымызды мақтан етіп, Сыр сүлейлерінің жыр шумақтарын сүйсіне айтып, өзімізге үлгі етіп шаттанатынбыз.
– Мен өзің сияқты, сол уақыттарда мектеп бітірген кезімде Қызылорда қаласындағы  педагогикалық институттың  тіл және  әдебиеті  бөліміне оқуға түсіп тұрғанымда ата-анам рұқсат бермеді. Кейін амал жоқ, тұрмыс  құрған соң дүкенші болып кеттім. Өлең  жазуды  бала күнімнен, оқушы кезімнен  бастадым. Сауда саласында жүріп те өлең жазуды қоймадым. Бірақ еш жерде оқып, не жарияламадым. Содан соң біраз жыл тұрмысбасты болған соң қойып кеттім. Жездеңді оқыттым. Алланың берген  сегіз перзентін дүниеге әкеліп,  оларды тәрбиеледім. Жоғары білім алуға ықпал еттім. Жеті қызым да ұстаздық қызметте. Ұлым Серік құрылыс маманы. Кеудеме көпбалалы ана ретінде күміс те, алтын алқа да тақтым. Он тоғыз немере сүйдім. Десем де осы істерімнен гөрі мені бір ғажайып тылсым күш өзіне тартып тұратын. Ақыры осы күш мені елу бес жасымда өз ықтиярына көндірді, – деп еменжарқын  шаттана күлген Үрліхан апам «осыған сенесің бе?»дегендей үлкен қара көздерін  зор мейір шапағатымен аударып маған тіктеп қарады.
Әрине, сирек кездесетін құбылыс. Ойыма Абайды түсірдім. Қожа Ахмет Яссауи бабамызды, Шәкәрім Құдайбердіұлын тағы сол секілді  ғұламалар шығармалары кеш жазылса да қазақ деген ұлыстың  кемел ақыл айнасына айналған жоқ па?! Менімен кездескен кезде Үрліхан  Өндібаева 2004 жылы Алматы қаласынан «Тұңғиықтан жыр жазсам толғап оңды» деп аталатын тұңғыш жыр жинағын шығарып та қойыпты. 2003 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі. Күніне он өлеңді  жазып тастайтындықтан өлеңдері  аудандық, облыстық  басылымдарда  жарияланып, аймаққа тарала бастаған шағы екен. Он екі дәптерге жинақтаған қолжазба өлеңдері мұнан кейін де «Аңсап  күткен бақытым қолға қонды» (2007 жыл. Алматы), «Жүз  шайырдың  бірімін – қыздан жалғыз» (2009 жыл. Алматы), «Шүпілдеген  жүрегім  жырға толы» (2013 жыл. Алматы), «Бір тамшы  сия» (2015 жыл. Қызылорда) сияқты  жыр жинақтарының шығуына негіз болды. Жерімізде өтетін аудандық, облыстық, республикалық  ақындар  мүшәйрасына қатысып, 2005 жылы Марал бабаның  125 жылдығына орай өткізілген жыр мүшәйрасында үшінші орынды иемденді.
Үрліхан  Қазыбайқызының  бойынан өзім байқаған үлгі аларлық   үлкен ерекшелік – жергілікті жердің қолына қалам ұстаған талапкерлерімен тығыз творчестволық  байналыста болуы. Олардың баспасөз бетіне жарияланған өлеңдерін оқып танысып отыратындығы. Сонымен қатар қазақ әдебиеті мен өнеріне, тарихына қатысты шығармаларды көп оқитындығы. Олай дейтінім – жыр жинақтарын қолыма алып оқығанымда қазақ әдебиетіндегі   өлеңнің жазылу машығы мен ұйқас үндестігі,өлең буындарының  жатық жатуы біраз нәрсені аңғартады. Үлкен ғұламалар өмір деректерін  зерделей  оқып,оны өз ой санасында  қорытып әрі қарай өлеңге айналдырып халыққа ұсынуы.
Ақын  өлеңдерінің тақырып аясы кең  де ауқымды. Туған жер,туған ел, оның қасиеті мен қадірі Үрліхан Қазыбайқызының  адастырмас темірқазығы  тәрізді. Өзінің өлең-жыр өлкесінде туып өскенін, Сыр саңлақтарының  салған сара да даңқты жолын дәріптеу оған тың күш, шабыт  беретіні  әрбір өлең жолынан белгі беріп отырады. Мұнан соң ақынның өлеңдеріндегі  басты қағида – ұрпақ тәрбиесі. Өзінен кейінгі  жас буынға өнегелі жолды ұсынып отыратыны шынайы да мазмұнды. Арал арнасының тартылуы, Байқоңыр ғарыш кешенінің зардаптары, аймақтың экологиялық  хал-ақуалы  өленіңде өріліп, ақынның сезім дүниесіндегі  бұл жайттарға  деген арпалысы  басылмайды. Өлеңдеріндегі мен байқаған құндылық, ол – өзінен бұрынғы Абай, Тұрмағамбет, өлең-дастандарындағы  із. Абайдағы, Тұрмағамбеттегі  Шығыстық  әнгімелерді  өлеңге, дастанға   айналдыру  үлгісі.
Ақын  Үрліхан  Өндібайқызының  да  үлгі боларлық  әңгімені  өлең-жырға  айналдырып  жазу  машығы – Шығыс  шайырларынан  қалған  ерекшелікті  еске  салады. Оның  Қожа Ахмет Яссауи  әпсанасына  құрылған  «Жалғыз  тал  құрма» қиссасы,  даңғайыр  жырау  Рүстембек  Жиенбайұлы  туралы  баяндалатын  «Екі  дәмбілше»  әңгімесін дастанға айналдыруы шығармашылық зор  еңбектің  нәтижесі. Үрліхан Қазыбайқызының Ұлы Отан соғысының 55 жылдығына орай әкесі Қазыбайдың рухына арнап  жазған  «Майдангер жолы» атты шағын поэмасы өз оқырмандарынан  жоғары баға алған.
Бүгінде ақын, Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі Үрліхан  Өндібаеваның өлең-жырлары аталған жыр  жинақтары мен баспасөз  беттері  арқылы жарияналып қана  қоймай, облысымызға, республикамызға танымал Зәуре  Кәрібаева, Әділхан  Қуаңбаев  сынды  жырауларымыз  арқылы  таралып, насихатталуда. Өткір ойлы, қаламы батыл  ақын Үрліхан Қазыбайқызы Өндібаева  үстіміздегі жылы 80 жастың биігіне қадам басты.
Сырдың саңлақ сүлейлерінің ұрпағы, олардың  сара жолын,  дәстүрлі  өнер  жолын   жалғастырушы  екеніңізге  ризашылығым  шексіз. Ғұмыр  жасыңыз  ұзақ   болып, өзіңіз  жан  тәніңізбен  сүйіп  ұстаған қаламыңыз  қолыңыздан түспесін!
                    Ақ  қағаз, қара сия  алдыңызда, 
                    Асқар  шың  қарайсыз  ба  қарлы  мұзға?!
                    Сізге  қарап  өзімді  бала  деуші  ем,
                    Сексенге  сіз де  келіп  қалдыңыз  ба?
                   Сөздерін  сан  бояумен  көріктеген,
                    Біз  едік  Сүлейлерге  еліктеген.
                    Соңымнан  ергендерге  бата  берер,
                    Алдымда  сіз  бар  ғой  деп  сеніп  келем, – деп  ағымнан  жарылып сізге қайта-қайта  ұзақ бақытты ғұмыр тілеймін. Шығармашылық шабытыңыз ақ қайнардай ақтарылып, ел-халқыңыздың  сарқылмас рухани байлығына айналсын.
                                                 Талайлы ТӨРЕБАЙҚЫЗЫ
                                                  Тараз  қаласы
03 тамыз 2021 ж. 652 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031