Руханиятқа қосылған үлес
qarmaqshy-tany.kz Сыр елі – жырдың елі десек, өнердің бар асыл жауһары осы қасиетті өңірден тараған. Соның ішінде, топырағын түртсе тарихы терең насихатталатын Тұрмағамбет ауылы жүздеген ақын, жыраулар мен дарын иелерін бесігінде түлеткен. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған Сыр сүлейлері Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Базар жырау, Тұрмағамбет Ізтілеуов десек, жыр жүйріктерінің ізін жалғағандардың бірі – майдангер ақын Нұрмағанбет Жаңайұлы мен оның перзенті Нұри Нұрмағанбетұлы да елге таныс.
Өткен сенбіде Тұрмағамбет ауылында ақын Нұрмағанбет Жаңайұлының 110 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Рухани іс-шара алдымен «Тағзым» алаңында майдангер ақын құрметіне гүл қою рәсімінен басталды. Мұнан соң ауылдық клуб үйінде әкелі-балалы ақындар Нұрмағанбет және Нұри Жаңаевтардың өмірі мен шығармашылығына арналған «Тағдыры тасқа біткен қос ақын» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы, ауданның шығармашылық зиялы қауым өкілдері Алтай Үсенов, Нұртілеу Салықов, Үрліхан Өңдібаева, Зарипа Тасымова, Нұршат Наурызбаева, генерал Бағбан Тәйімбетов бастаған ақынның ұрпақтары, ауданның жыршы-термешілері және ауыл тұрғындары қатысты. Аудан басшысы жиналған қауымды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Халық даналығында «Өткеннің өнегесі – ұрпаққа ұлағат» деген жақсы сөз бар. Кешегі өткен ағаларды айтатын болсақ, ел тарихында ерен тұлғалы азаматтар еске түседі. Ауданымыздың шежіресін парақтасақ, өздерінің ерлік істерімен ел есінде қалған ардақты азаматтар да аз емес. Солардың бірі – Нұрмағанбет Жаңаев пен оның ұлы Нұри Нұрмағанбетов ерекше болмыс иелері. Елдікті сақтау жолында құрбан болған бабалардың рухы ұрпағы барда еш уақытта ұмытылмайды. Ендеше тағылымды іс-шара алдағы уақытта да жалғасын таба берсін, ұрпақтары сіздер мың жасай беріңіздер, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.
Іс-шарада жиналғандар қос ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерін ортаға салды.
Алматы қаласынан арнайы келген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ерхан Кəрібозов баяндама жасады.
– Нұрмағанбет ақынның жазған әрбір хаты, өлеңдері ауылдастарына, замандастарына рух берді, жеңіске жігерлендірді. Өлең жырлары арқылы ауылдағы қарияларға демеу беріп, тылда еңбек еткен аналардың көңіліне үміт отын жақты, жүректеріне сенім ұялатты. Оның өлеңдерінің өз тарихы мен тағдыры бар екенін атады. Өлеңдерден майдандағы ахуалды, ел-жұрттың тыныс-тіршілігін, қарапайым адамдық қатынастарды, сыйластықты көреміз. «Елге сәлем», «Туған ауылға хат» өлеңдерінде туған жерге деген сағынышын, қайсар мінезін көрсетеді. «Антым бұл, халқым үшін жеңем жауды» деген сөздің өзі ақынның бойындағы көзсіз батырлықты, ерлік жалынды жеткізеді, – деді ол.
Сондай-ақ, шараға қатысқан өңірдің шығармашылық зиялы қауым өкілдері майдангер өлеңдерінің мәнмазмұны, соғыс жылдарындағы еліміздің рухани дамуына қосқан үлесі ғылыми тұрғыда зерттеп, әлі де насихаттауды қажет екенін айтты.
Н.Жаңаев 1912 жылы Тұрмағамбет ауылында туған. Жастайынан оқуға зерек, қоғамда белсенділігімен елге танылған. Сыр сүлейі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан дәріс алып, хат таныған.
Ол 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Украина майданында фашистік басқыншыларға қарсы соғысқан. Онда ауылдасы Шәрибек Іздібаевпен, жерлесі Ертай Бабасовпен кездесіп, бірге майдандас болады. Бораған оқ астында бір-біріне серік, сырлас, мұңдас дос болған. Шайқаста қазақтардың батырлығы мен ерлік рухын өлең арқылы жеткізіп отырған.
Мәселен,
«Жақында жауды жеңеміз,
Жеңіспен елге келеміз,
Асықпай халқым, шыдаңдар!» деп жерлестерін де жігерлендіріп, үміт отын сыйлаған.
Жеңіспен елге келеміз,
Асықпай халқым, шыдаңдар!» деп жерлестерін де жігерлендіріп, үміт отын сыйлаған.
Майдангер ақын 2-ші Украина майданы құрамында 1944 жылы Уман-Боташан операциясына қатысып, Украинаның оң жағалауын, Молдованың бір бөлігін жаудан азат етуге қатысады. Бұдан әрі Украина майданының әскерлері Венгрия астанасы Будапештті фашистерден азат етуге жөнелтіледі. 1945 жылы ақпанда қаланы азат етуде Нұрмағанбет ерлікпен қаза табады.
Н.Жаңаевтың баласы Нұри Нұрмағанбетұлы да ақындығымен танылған. Ол 1942 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрмағанбет 1942 жылдың басында соғысқа аттанғанда шешесінің құрсағында қалған бала екен.
Ақынның шығармашылығы туған жер, адамгершілік, сыйластық қатынастар, өмір ағымы, елдің дамуы, ұлы тұлғалардың есімдерін дәріптеу жырларынан, замандастары мен ағайын-туыстарына арнаулардан тұрады.
«Мен кіммін – мен бәрімін, бәріңмін!» атты өлеңінде Абай, Тұрмағамбет, Жамбыл, Құрманғазыдан бастап, еліміздің танымал тарихи тұлғаларының еңбегін, одан әрі өзінің туып-өскен жеріндегі айтулы азаматтардың, замандастарының ел алдындағы еңбектерін мақтанышпен жырға қосады. Ақынның өлеңін оқып отырып, қазақ тарихы мен әдебиетін жетік меңгергенін аңғару қиын емес. Өйткені, шығармадағы тарихи тұлғалардың ерлігін сол кезеңдегі қоғамдықсаяси, мәдени ахуалмен байланыстыра отырып жырлайды.
Нұридың балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тура келеді. Ол өз бауырларының ортасында тай-құлындай тебісіп өскен. Өз өлеңдерінде жетімдікті көрмедім, ағайынның қошеметіне бөлендім деп жазған.
Еске алу шарасы барысында ақынның ұрпақтары атынан сөз алған генерал Бағбан Тәйімбетов әкелі-балалы Нұрмағанбет пен Нұри Жаңаевтардың шығармашылығы тамшыдай болса да қазақ поэзиясына қосылған үлес екенін айтты. Ол ақындардың шығармалары Сыр сүлейлерінің рухани мұрасының құрамдас бөлігі ретінде зерттеліп, насихатталса, деген тілегін білдірді.
Шара соңында Нұрмағанбет Жаңаев атындағы аудандық оқушылар шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Ерсін ӘЛІБАЙ