» » ҚАРМАҚШЫДАН ҚАНАТТАНҒАН ҚАЛАМГЕР

ҚАРМАҚШЫДАН ҚАНАТТАНҒАН ҚАЛАМГЕР

Сыр өңірінің рухани өмірінде өзіндік орны бар ақын, журналист, фольклоршы-этнограф Әбілахат Жанәділов – ел жадында қалған тағылымды тұлғалардың бірі. Оның сан қырлы еңбегі қазақтың бай мұрасын жинақтап, зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізумен тығыз байланысты.
Әбілахат Жанәділов 1926 жылы Қармақшы ауданына қарасты Түпбөгет ауылында, діни сауаты терең Жанәділ имамның отбасында дүниеге келген. Оның балалық және жастық шағы ХХ ғасырдың ауыр кезеңдерімен тұспа-тұс өткен. Ел басынан өткен ашаршылық, күштеп ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін сияқты тарихи сынақтар жас өреннің санасында өшпес із қалдырады. Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек етіп, кейін 1944-1946 жылдары әскери міндетін өтейді. Ресейдің Челябинск қаласы маңында резервтік полк командирінің көмекшісі қызметін атқаруы – оның жауапкершілігі мен іскерлігін айғақтайды.
Денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылған соң, туған жерге оралып, еңбек жолын қарапайым қызметтерден бастайды. Есепші, іс жүргізуші болып жұмыс істей жүріп, білімге деген құштарлығын жоғалтпай, Қызылорда педагогикалық училищесінде оқиды. Кейін ауыл мектебінде ұстаздық етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосады.
Білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтта оқып, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алады. Ұстаздық жолын туған ауылында жалғастырып, білім беру саласында абыройлы қызмет атқарады.
1957-1961 жылдары мектеп директоры болып, ұйымдастырушылық қабілетін танытса, кейін аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі, аудандық радио торабының бастығы қызметтерін атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
Әбілахат Жанәділовтің еңбек жолының маңызды кезеңі – журналистика саласымен байланысты. 1963-1965 жылдары аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып, қаламын ұштайды. Кейін өмірінің соңына дейін облыстық «Ленин жолы» газетінің меншікті тілшісі, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша штаттан тыс тілшісі ретінде қызмет атқарып, өңір тынысын кеңінен насихаттады.
Ол тек журналист қана емес, ел арасындағы ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеген фольклоршы-этнограф ретінде де танылды.
Әбілахат Жанәділов шығармашылығы халықтық поэзиямен тығыз байланысты. Оның өлеңдері туған жерге деген сүйіспеншілікке, елдік рухқа, адамгершілік құндылықтарға негізделген. Ақын жырларында Сыр өңірінің табиғаты, тарихи тұлғалары мен халықтың тұрмыс-тіршілігі кеңінен көрініс табады. Оның тілі көркем, ойы терең, халыққа түсінікті әрі әсерлі. Сонымен бірге ақынның айтыскерлік өнері де белгілі. Оның Файзолла есімді ақынмен айтысы 2014 жылы «Күлтегін» баспасынан жарық көрген «Қазақ өнерінің антологиясы» атты жинақтың ІV томының (Кеңестік кезеңдегі айтыс) 1-бөліміне енген.
Осы айтыста ақын:
«Достарға Қызылқұм мен Қырдан сәлем,
Алқабы ақ күрішті сырдан сәлем!
Белгілі Тұрмағамбет, Жүсіп, Омар,
Кейінгі тастап кеткен жырдан сәлем!
Айтулы болмасам да асқақ ақын,
Менің де ретім жоқ жасқанатын.
«Сүлейлер» туып өскен елден келдім,
Қомдап ап жыр-сұңқардың қос қанатын!» – деп шабыттана, қанаттана жырлайды. Қармақшы өңірінің көпшілікке белгілі қоныстарын, атақты жыраулардың есімін жырға қосып, өзінің сол тұлғалардың ізін басқан жан екендігін аңғартады. Осы екі шумақ жолға Қармақшы жерінің бірмаша тарихы сыйып кеткендей. Өзінің туған өлкесінің жетістігін, даму жолындағы белестерін көтере жырлап, көрші ауданның кемшін тұстарын сынай жөнеледі. Бұл – айтыс өнеріне тән ерекшелік, дәстүр. Қарсыласын нақты айғақтар келтіре отырып жеңу, ол жайлы терең зерттеу, жан-жақты қамту ойдың зерделілігін, ақынның аңғарымпаздығын, сөз саптау шеберлігін, ақындық қолтаңбасын айқындай түседі.
1957 жылы болған айтыстың бұл үлгісінің үлкен жинаққа енуінен-ақ Әбілахат Жанәділовтің айтыс өнерінде өзіндік орны бар ақын екендігін байқаймыз. КСРО кезеңінде оның еңбегі жоғары бағаланып, Жазушылар және Журналистер одағына мүшелікке қабылдануы – оның кәсіби деңгейінің дәлелі.
Фольклоршы ретінде ол қазақтың ауыз әдебиетін, соның ішінде жыр-дастандарды, мақал-мәтелдерді, аңыз-әңгімелерді жинақтап, зерттеумен айналысты. Бұл еңбегі ұлттық мәдениетті сақтауға зор үлес қосты. Әсіресе Сыр бойындағы жыраулық дәстүрді зерттеп, оны ғылыми тұрғыдан жүйелеуге атсалысты. Қармақшы өңірі жыраулық дәстүрдің ірі орталығы болғандықтан, оның зерттеулері ұлттық мәдениетті сақтауда маңызды рөл атқарды.
Этнографиялық бағыттағы жұмыстары да ерекше мәнге ие. Ол қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, тұрмыс ерекшеліктері туралы деректер жинап, оларды ғылыми айналымға енгізуге күш салды. Бұл еңбектері ұлттық құндылықтарды таныпбілуге мүмкіндік береді. Ақынның «Аспаным» және 1971 жылы жарық көрген «Үміт» атты жыр жинақтары қазақ әдебиетінің қоржынын толықтырып, Ұлттық кітапханада оқырман игілігіне қызмет етуде.
Әбілахат Жанәділов – ақындық, айтыскерлік өнерімен қатар халық мұрасын сақтаушы, зерттеуші, насихаттаушы тұлға. Оның еңбектері Сыр өңірінің рухани өмірінде маңызды орын алады. Бүгінде оның есімі ел ішінде құрметпен аталып, туған жерінде мәңгілікке сақталған. Ақынның туған жерінде, яғни аудан орталығы Жосалы кентінің бір көшесіне Әбілахат Жанәділовтің есімі берілген. Биыл ақынның туғанына 100 жыл толып отыр. Ғасырлық тойында туған өлкенің төл перзентінің шығармашылық жолын насихаттап, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін шаралар ұйымдастырылады деп ойлаймын. Әбілахат Жанәділовтың мұрасы – Сыр өңірінің рухани қазынасының бір бөлігі.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
26 сәуір 2026 ж. 73 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10498)

25 сәуір 2026 ж.

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 964
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 600

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930