» » «ЖЫРЫМНАН МЕНІ ТАНЫРСЫҢ»

«ЖЫРЫМНАН МЕНІ ТАНЫРСЫҢ»

Аптаның бейсенбісінде К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ұйымдастыруымен «Жырымнан мені танырсың» тақырыбында Қармақшы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының «Құрметті байланысшысы» төсбелгісінің иегері, халық емшісі, ақын Тұрмахан Омаровқа арналған еске алу кеші өтті. Оған аудан тұрғындары, ардагерлер, жырсүйер қауым мен ақынның жары, ұрпақтары қатысты.
Іс-шара Т.Омаровтың шығармашылығы мен өміріне арналған бейнебаянмен басталды.
Рухани кеште аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы сөз сөйлеп, ардақты азаматтың өнегелі өмірінен әңгіме қозғады.
– Жыр мен тарихы үндескен қасиетті Қармақшы жерінен – талай ақындар мен өнер иелері шыққан, рухани бай мұрасы бар, тағылымы мол мекен. Туған жерімізде, осындай қасиетті мекенде өткенімізді ұлықтау – біздің парызымыз. Соның бір көрінісі бүгінгі өтіп отырған «Жырымнан мені танырсың» атты мәні мен мазмұны терең еске алу кеші. Кеш – қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын қалдырған, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ақын Тұрмахан Омаровтың жарқын бейнесін еске алып, оның өнегелі жолы мен шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған. Ағамыз ойын жырмен жеткізе білген, туған жерін, елін ардақтаған ақын еді. Оның әрбір өлеңі адамгершілік пен парасатқа арналған. Ақынның жарық көрген кітаптары өмірдің мәнін, адамдық қасиет пен туған жердің қадірін терең толғап, оқырманын ойға жетелейді.
Сондай-ақ 30 жылдан астам уақыт аудандық байланыс торабының басшысы қызметін абыроймен атқарумен қатар, халық арасында емшілік қасиеті арқылы да көпшілікке шипасын дарытқаны белгілі. Қиналған жанға қол ұшын созып, ел алғысына бөленген абзал жан болатын. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтінін» ескерсек, ағамыздың есімі де, еңбегі де ел жадында ұзаққа сақталады.
Кешке арнайы келіп, құрмет көрсетіп жатқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Тұрман ағамыздың жарқын бейнесі, асыл мұрасы халқының жүрегінде сақталып, кейінгі ұрпаққа өнеге боларына сенімім мол, – деді ол.
Тұрмахан ағамыздың өмір жолына тоқталып өтсек, ол 1949 жылы Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Гагарин атындағы мектепті бітіріп, Алматы байланыс электротехникумын, одан соң Қызылордадағы гидромелиоративтік құрылыс институтының филиалы мен Алматыдағы энергетика және байланыс институтынан білім алады. Алғашқы еңбек жолы Түркістан қаласында пошта байланыс торабында аға электромеханик болып басталса, әрі қарай Қызылордадағы техникалық байланыс торабының инженері, Қармақшы байланыс цех торабының бастығы қызметтерімен жалғасқан.
Білікті маманның жұмысқа деген жауапкершілігі оны әрдайым қызметте абыройға жетелеп, өсіріп отырды. Қызылорда қалалық байланыс торабының байланыс цех бастығы, тораптың құрылыс бөлімінің прорабы, 1983-1985 жылдары аудандық байланыс пошта торабының бас инженері, 1985-1993 жылдары аудандық байланыс торабының бастығы, ал 1993 жылдан зейнет демалысына шыққанша аудандық «Қазақтелеком» байланыс торабының бастығы қызметтерін атқарды.
Киелі өлкеміз шығармашылық иелерінің алтын бесігі десек, дөп айтқан болар едік. Сонау ғасырдан үзілмей жалғасқан өнердің төлтума иелері бүгінге дейін елдің қазынасына айналуда. Ел ағасы техникалық сала қызметін атқара жүріп, шығармашылықты да жанына серік ете білді. Дүрсін-дүрсін өлеңдер жазып, кітаптар шығарды. Туған халқын жырға қосқан ақын «Жырымнан мені танырсың» және «Таразы тағдыр» атты жыр кітаптарын оқырманына ұсынды.
Т.Омаров аудандағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Жосалы қыстағының, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ел мүддесі үшін аянбай тер төкті. Елге деген жанашырлық пен елеулі еңбегінің арқасында Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ҚР-ның «Құрметті байланысшысы» атақтарына ие болып, көптің құрметіне кенелді. Сондай-ақ әр жылдары «ҚР Тәуелсіздігіне 10, 20 жыл» медальдарымен, аудан, облыс әкімінің құрмет грамоталарымен, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Ең үздік қызметкері», «Ерекше тұлға» номинацияларымен марапатталғаны мемлекетіміздің азамат еңбегіне берілген әділ бағасы.
Ағамыздың халық білетін ерекше тағы бір қыры – емшілігі. Алақанынан тараған жылу талай жанның еміне шипа болған еді. Осындай қабілетінің нәтижесінде ол 2000 жылы Қазақстанның халық емшілерінің мүшесі болды. Бұл салада да Қазақстан Республикасы халық және рухани емшілері мекемесінің наградасына лайық деп табылды.
Кеште аудан ардагерлері Әбдірахман Құлдүйсенов, Шегебай Құндақбайұлы, Дастан Мырзабекұлы және ақынның жары Күлшат Махмудова сахна төріне шақырылып, ел ағасының «Толқын өмір» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, тағылымды естеліктер айтылды. Сөз кезегінде Күлшат анамыз еске алу кешін ұйымдастырған аудан әкімдігі мен мәдениет саласы қызметкерлеріне алғысын білдірді. Баспадан шыққан су жаңа шығарманың бірнеше данасын аудан оқырмандарына ұсыну мақсатында аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниеваға табыстады.
Іс-шара мұнан соң жас ақындардың арнау өлеңдеріне ұласып, жыр мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегерлері Мөлдір Тәңірбергенова, Нұркелді Өтепберген, Ақмарал Кішкентаевалар көрерменді жырмен сусындатты.
Мәдени шара жас талаптарға да орын ашты. Кент орталығындағы №250, №183, №26 білім ошақтарының шәкірттері – Амира Кішкентаева, Нұртілек Айтбай, Аяна Жанболат, Іңкәр Қойшыбай, Өміртай Тоғжан, Шаттық Ғалымжанқызы, Алина Мұратхан, Айша Орымбаевалар ақын аталарының жыр жолдарын көпке паш етсе, өнерпаздар Руслан Өтегенов пен Айдана Амантай ақынның сөзіне жазылған өлеңдерді Сыр мақамына салып орындап берді.
Кеште Тұрман ағамен бірге қызмет еткен әріптестері – сала ардагері Бекмат Өтемұратов, «Қазақтелеком» АҚ аудандық филиалының бастығы Маржан Молдабаевалар сөз алып, азаматтың іскерлігі, қызметіне адалдығы, ел игілігіне жасаған жақсы да жайсаң істері жайында әңгімеледі.
Кештің қорытындысында іс-шараға рухани әр берген барша өнерпаз алғыс хатпен марапатталып, сый-сияпаттарға ие болды.
Жүзінен мейірімі төгілген асыл азамат өмірлік серігі Күлшат Тасыбайқызымен бірге ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп, адалдықпен, жан тазалығымен, еңбекпен өмір кешті. Оның әрбір ісі ел игілігімен астасып жатты. Қайталанбас қолтаңбасымен, табиғат берген қабілет-қасиет, адамгершілігімен ерек тұрған толымды талант иесінің тұлғасы жерлестерінің жадында жаңғырып, ешқашан өшпек емес. Оның жырлары, айтпақ ойлары қазақ руханиятына қосылған үлкен үлес деп білеміз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
20 сәуір 2026 ж. 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 939
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 577

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930