Болмысы бөлек аға еді
qarmaqshy-tany.kz Жаратқанның жазғанына қарсы тұрар пенде бар ма сірә? Иә, пенделік өмірдің тағы бір парағы қайта жабылды. Біреуге ардақты аға, біреуге қымбатты дос, бірімізге ұлағатты ұстаз болып әрдайым жүрек жылуын сыйлап жүретін Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, ақын аға Тұрмахан Омаровтай атпал азаматтың өмір сәулесі сөнді.
Туған халқының көңілін қайғыға қалдырып, жалғаннан жүзін тайдырды. Ағайын-туыс пен дос-жаранды, туған халқын тастап, келместің кемесіне мініп, бабалардың мәңгілік мекеніне кете барды.
«Қасиетті Қармақшы, өзіңнен шықты бар жақсы», – деп ақын Қали Шыңғысов жырлағандай, киелі өлкеден талай дарын иелері өсіп-өнді. Солардың бірі – халық ауызында Тұрман есімімен сақталған Тұрмахан Омаров ағамыз қайтпас сапарға аттанды.
Ол 1949 жылы талай дарын иесіне атамекен болған Дүр Оңғар ауылында дүниеге келіп, Қызылорда қаласындағы Гагарин атындағы орта мектепті бітірген соң алғашында Алматы байланыс электротехникумын, содан кейінгі жылдарда Қызылорда қаласындағы гидромелиоративтік құрылыс институтының филиалы мен Алматы қаласындағы энергетика және байланыс институтын бітіреді. Ағамыз еңбек жолын әуеліде Түркістан қаласында пошта байланыс торабында аға электромеханик болып бастаса, кейіннен Қызылорда қаласындағы техникалық байланыс торабының инженері, Қармақшы байланыс цех торабының бастығы болып қызмет етеді. Содан кейінгі жылдарда Қызылорда қалалық байланыс торабының байланыс цех бастығының қызметін абыроймен атқарған атпал азамат қалалық байланыс торабының құрылыс бөлімінің прорабы және 1983-1985 жылдары Қармақшы аудандық байланыс пошта торабының бас инженері, 1985-1993 жылдары аудандық пошта байланыс торабының бастығы, ал 1993 жылдан құрметті зейнет демалысына шыққанға дейін аудандық «Қазтелеком» байланыс торабының бастығы қызметін абыроймен атқарды.
Иә, киелі Қармақшы жерін ақын-жыраулар өлкесі деп атайды. Расында да, туған жердің әрбір перзенті ақындық пен жыршылыққа жақын екені рас.
Міне, атадан қалған асыл мұраны бойына сіңіріп, өзінің жүрегінен шыққан жауһар жырларымен туған халқының мұң-мұқтажын өлеңдері арқылы жеткізген ақын аға «Жырымнан мені танырсың», «Таразы тағдыр» атты өлеңдер жинағын жарыққа шығарып, онда түрлі тақырыптағы шығармаларымен оқырмандарын отансүйгіштікке, елжандылыққа баулыды.
Сонымен қатар, Тұрман аға аудандағы қоғамдық жұмыстардың белсендісі ретінде танылған азамат еді. Ол Жосалы қыстағының және облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланып, ел мүддесі үшін аянбай еңбек етті.
Осындай елеулі еңбегі үшін ол «ҚР Құрметті байланысшысы» төсбелгісінің иегері атанса, «ҚР Тәуелсіздігіне – 10, 20 жыл» мемлекеттік медальдарымен марапатталды.
Өмір – өзен ғой. Кеше ғана ағалық ақылын айтып, үйіне шақырып алып, «Бар бол інім, сен азаматсың» деп арқамнан сипап, қағыпқағып жіберетін, рухани дем беріп, өлеңдерін оқитын асыл ағаның енді жоқ дегеніне көңіл шіркін сенбейді екен. Қайталанбас дара қолтаңбасымен ақындық өнерге өшпес із қалдырған болмысы бөлек ақын, толымды талант иесінің толағай тұлғасы ел жадынан өшпек емес. Оның шипалы алақанынан тараған жылу талайдың еміне дәру де болған еді.
Асыл азамат, сіз бен біз үшін киелі өлеңжырдың шырағын өшірмей, ұлықтап өткен үлкен жүректі ақын аға болып қала бересіз. Иманыңыз жолдас, жаныңыз жәннаттың төрінде болсын!
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ