» » ҚАРЖЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЖЫРЛЫ ҚЫЗМЕТ

ҚАРЖЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЖЫРЛЫ ҚЫЗМЕТ

Мамандықтың бәрі жақсы, ең бастысы оны игере біліп, игілікке пайдалануға жол ашса болғаны. Көпшілік үшін қиын мамандық саналатын қаржыгерлердің ең негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, ел экономикасының дамуына жұмыс жасау. Қаржы саласының қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Қай салада болсын, ұжымның мерейін өсіріп, абыройын асқақтататын білікті мамандар болады. Осындай кәсібилігімен көпке үлгі болып жүрген жандардың бірі – аудандық мемлекеттік қазынашылық басқарма басшысының орынбасары Гүлмира Өмірзақова.
Гүлмира Әбдірахманқызы 1971 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Жоғары білімді Қазақ мемлекеттік басқару академиясынан қаржы және несие мамандығы бойынша тәмамдап, қаржы саласына нық қадам басты.
Еңбек жолын 1989 жылы кентіміздегі Агропромбанк бөлімшесінде экономист қызметінен бастаған жас маман өз ісіне деген жауапкершілігі мен ұқыптылығының арқасында аз уақыт ішінде тәжірибе жинақтап, Ұлттық банк пен Бюджет банктерінде қызмет атқарды.
Қазынашылық саласындағы еңбек жолы 1998 жылдан бастау алады. Аудандық қазынашылық бөлімінде бас маман-бас қазынашы, кейін операциялық сектордың бастығы қызметтерін абыроймен атқарған ол 2015 жылдан бері басқарма басшысының орынбасары лауазымында жемісті еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында өзін білікті де жауапты, іскер ұйымдастырушы ретінде таныта білді.
Гүлмира Әбдірахманқызы – өз ісінің шебері ғана емес, ұжымның ұйытқысы, жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Ол әріптестерінің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөліп, бастамашылдық пен белсенділікті қолдайды. Қызметтік міндеттерін мінсіз орындап, әр тапсырманы уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруымен ерекшеленеді.
Еңбегі ескерусіз қалған емес. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 2021 жылы үлгілі мемлекеттік қызметі үшін ҚР ҚМ Қазынашылық комитетінің Құрмет грамотасына ие болды. 2023 жылы Конституция күніне орай ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал 2024 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің 30 жылдығына орай арнайы төсбелгімен наградталды. Сонымен қатар өткен жылдың қорытындысында «Жылдың үздік қаржыгері» атанды.
Қызмет пен отбасы үйлесімін қатар алып жүрген ардақты жан, аяулы жар, асыл ана. Жолдасы Талғат Сүлейменовпен екеуі екі перзент тәрбиелеп өсірді. Қызы Ақерке ұстаздық жолда еңбек етсе, ұлы Шоқан – әскери қызметкер.
Қызығы мен қиындығы қатар өрілетін бұл мамандықтың жүгі қашанда жеңіл емес. Әрбір есептің дәлдігі, әрбір қаржы операциясының заңдылығы мен ашықтығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Гүлмира Әбдірахманқызының еңбек жолы – табандылық пен кәсібиліктің, адалдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Ол күнделікті жұмыстың қарбаласына қарамастан, сабыр мен салмақтылықты серік етіп, кәсіби шеберлігін шыңдай түсуде.
Өзінің қалаған кәсібіне адалдықпен қарап, бүкіл ғұмырының қазығы еткен, сол ұстанымы арқылы кейінгі ұрпаққа, жас буынға жақсы жол көрсетіп келе жатқан кейіпкеріміздің қанаты талмасын
Ақнұр САҒЫНТАЙ
19 сәуір 2026 ж. 123 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 935
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 573

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930