ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘРТІБІНІҢ АЙНАСЫ
Еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің басты нышаны ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгізілген күн жыл сайын 15 қарашада қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіледі. Бұл күн Қазақстан қаржы жүйесінің қалыптасуы мен дамуының бастауы саналады. Қаржы саласында қажырлы еңбек етіп, елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған қаржыгерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық.
Ауданда қаржы саласында еңбек етіп жүрген мекемелер аз емес. Соның бірі – аудандық қазынашылық басқармасы. Бұл басқарманың тарихы ауданның қаржы жүйесімен тығыз байланысты.
Елдегі қазынашылық басқармасының іргетасы 1995 жылы қаланған. Сол жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бұйрығымен ауданға 1 уәкіл штат бірлігі бекітіліп, алғашқы өкіл болып облыстық Қазынашылық басқармасының бұйрығымен Мырзабек Есетов тағайындалады. Бұл кезең ел экономикасының өтпелі уақыты болғанымен, жергілікті қаржы тәртібін реттеу мен бюджеттің орындалуын қамтамасыз етуде қазынашылықтың рөлі үлкен болады.
Кейіннен, 1998 жылдан бастап аудандық қазынашылық бөлімі ашылып, оның қызмет ауқымы кеңейеді. Осы жылдары бөлімге тәжірибелі де білікті қаржыгерлер Әділбек Есқараев, Берік Жақсылықбаев, Нұргүл Тобжанова, Ғалымжан Дүйсембаев секілді мамандар басшылық етеді. Олар аудандық бюджеттің орындалуын қадағалап, мемлекеттік мекемелердің қаржылық тәртібін нығайтуға үлес қосқан.
2018 жылдан бастап Қармақшы аудандық қазынашылық басқармасын Сәкен Зәріпханов басқаруда. Сәкен Сұлтанмұратұлы мекеме жұмысын заманауи талаптарға сай жетілдіру бағытында нәтижелі істер атқарып келеді.
Қазіргі таңда аудандық қазынашылық басқармасы – 6 штаттық және 1 штаттан тыс қызметкерден тұрса, сондай-ақ жұмысын сапалы орындайтын жоғары экономикалық білімді мамандармен қамтылған. Басқарма республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуына қызмет көрсету, қаржылық операцияларды есепке алу сынды жұмыстарды жүзеге асырады.
Олардың қызметі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі, ҚР Конституциясы және Қаржы министрінің 2014 жылғы №540 бұйрығымен бекітілген ережелерге сәйкес жүргізіледі.
Бүгінгі таңда басқарма 62 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетуде. Оның ішінде республикалық бюджет бойынша – 1 мекеме, облыстық бюджет бойынша – 27, аудандық бюджет бойынша – 16, квазимемлекеттік сектор субъектілері – 1, жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті бойынша – 13 мекеме.
Жыл басынан бері «Қазынашылық – Клиент» ақпараттық жүйесі арқылы 31768 қаржылық құжат қабылданып, оның 31112-сі өңделсе, 656 құжат ресми хат арқылы орындаусыз кері қайтарылған. Бұл көрсеткіш – басқарма мамандарының жауапкершілігі мен қаржылық тәртіпті сақтаудағы ұқыптылығын дәлелдейді.
Аудандық қазынашылық басқармасы бүгінгі күні ауданның қаржы саласындағы тұрақтылықтың кепілі болып отыр. Мемлекеттік мекемелердің бюджеттік қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау, есептілікті жүргізу, операциялық тәртіпті сақтау – бұл ұжымның күнделікті басты міндеті.
Басқарма қызметкерлері кәсіби біліктілігін үнемі арттырып, цифрландыру талаптарына сай жаңа ақпараттық жүйелерді тиімді пайдаланып келеді. Осы еңбектің нәтижесінде ауданның әлеуметтікэкономикалық даму бағдарламалары уақытылы қаржыландырылып, бюджет қаражатының игерілу сапасы артып отыр.
Қаржыгерлер күні – өз ісіне адал, ел қаржысын қатаң тәртіппен басқарып жүрген мамандардың мерекесі. Осы орайда аудандық қазынашылық басқармасының ұжымы да кәсіби мерекеге жоғары табыстармен келіп отыр.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
















