Тіл жанашырлары төрде
qarmaqshy-tany.kz БИЫЛ ҰЛТЫҚ ВАЛЮТАМЫЗ – ТЕҢГЕНІҢ АЙНАЛЫСҚА ЕНГЕНІНЕ 30 ЖЫЛ. 1993 ЖЫЛЫ 15 ҚАРАШАДА ТЕҢГЕ – ЕЛІМІЗДІҢ БАСТЫ БЕЛГІСІНЕ АЙНАЛҒАН КҮН РЕТІНДЕ ТАРИХҚА ЕНДІ. ОСЫ 30 ЖЫЛ ІШІНДЕ ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТІМІЗДЕ ТЕҢГЕНІҢ АЙНАЛЫМҒА ЕНУІ ЕЛІМІЗДІҢ НАРЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА, ҚАРЖЫЛАЙ-НЕСИЕЛІК ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК-САЛЫҚТЫҚ САЯСАТТЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА СЕПТІГІН ТИГІЗДІ. ТЕҢГЕНІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ ЖОЛЫНДА ҚАРЖЫГЕРЛЕР АЙРЫҚША ҮЛЕС ҚОСУДА. ОСЫ КҮН ҚАРЖЫ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ РЕТІНДЕ БЕЛГІЛЕНГЕН.
Атаулы күні Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалы ауданда қаржы саласында қызмет етіп, бастауыш ұйымда қазақ тілінің мәртебесін көтеруге белсенді атсалысып жүрген бір топ тіл жанашырларын қабылдап, кәсіби мерекесімен құттықтады. Кездесуге аудандық филиалдың алқа мүшелері, аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Нұрлан Бейбітов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері Бауыржан Қайырбаев және аудандық филиалдың бастауыш ұйым төрағалары қатысты. Жиында «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева қаржы саласының қызметкерлеріне жылы лебізін білдірді.
– Еліміздің әлемдік экономикаға ойдағыдай кіруі, халықаралық мәндегі серпінді жобаларды жүзеге асыру, инфляцияны тежеу және қаржылық нарықтың тұрақтылығын сақтау, экономикалық өсімді ынталандыру сынды міндеттерді табысты шешумен қаржы саласының қызметкерлері айналысып келеді. Сондай-ақ бүгінгі таңдағы ауданның жеткен жетістіктеріне осы сала мамандарының қосқан үлесі зор. Сіздердің еселі еңбектеріңіз бен білім-біліктіліктеріңіздің арқасында өңірдің экономикасы қарқынды дамып, биіктен көрінуде. Алдағы уақытта да жоғары межеден көрінулеріңізге тілектеспіз, – деді ол.
Кездесуде мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге және «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араласып жүрген сала мамандарын облыстық филиалдың алғыс хатымен марапаттады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ