Топ-баннер
Топ-баннер2
» » ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТТЕГІ БІЛІКТІ БАСШЫ

ЖАУАПТЫ ҚЫЗМЕТТЕГІ БІЛІКТІ БАСШЫ

«Әйел бір қолымен – әлемді, екінші қолымен – бесікті тербетеді» деген қанатты сөздің астарында үлкен мән жатыр. Шынында да, қоғамның қай саласын алып қарасақ та, әйелдер ер-азаматтармен қатар еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Олар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге жауапты қызметтерді атқарып, маңызды шешімдер қабылдайтын білікті мамандар. Бүгінде түрлі салада басшылық қызмет атқарып жүрген әйел-аналар аз емес. Солардың бірі – аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Абайқызы.
Ол шырайлы Шымкент қаласының тумасы. Мамандығын саналы түрде таңдаған нәзікжанды туған қаласында «Халық шаруашылығы саласындағы экономика және жоспарлау» мамандығы бойынша білім алып, экономист мамандығын игерген. Білімін жетілдіру мақсатында Алматы қаласында оқуын жалғастырып, «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Бұл оның кәсіби қалыптасуына және экономика саласын терең меңгеруіне жол ашқан.
Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысында Экономика және кәсіпкерлік департаментінің экономиканың нақты сектор бөлімінде жетекші маман ретінде бастаған Жанар, өз ісіне деген адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында жыл сайын қызметтік сатыда жоғарылап, тәжірибесін молайтады.
2007 жылы ауданға келіп, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде бас маман қызметіне қабылданады. Осы уақыттан бастап аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қоса бастайды. Қызмет барысында бөлімде сектор меңгерушісі қызметін атқарып, жауапты міндеттерді абыроймен орындайды. Кейін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде басшының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Бұл кезеңде ол халықпен тығыз жұмыс істеп, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де белсенді араласты.
Көп жылғы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің нәтижесінде 2023 жылдан бастап аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Қазіргі таңда білікті маман аудан экономикасының тұрақты дамуына бағытталған жұмыстарды үйлестіріп, қаржы тәртібінің сақталуына ерекше көңіл бөліп келеді.
– Өз мамандығымды мақтанышым деп айта аламын. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық болғандықтан, елге адал қызмет ету – мен үшін үлкен жауапкершілік. Жалпы аудандағы экономика саласы біріктірілген бөлім болып табылады. Ал бюджетке келетін болсақ, оның дұрыс есептелуін тексереміз. Әр бөлімнің бюджеттік орындалуына бақылау жасай отырып, бюджеттегі әр санның артық немесе кем кетпеуін қадағалаймыз, – дейді бөлім басшысы Жанар Ниматулла.
Экономика мен қаржы саласы – аса жауапты күрделі әрі ұқыптылықты талап ететін бағыт. Бюджетті жоспарлау, оның тиімді жұмсалуын бақылау, ауданның экономикалық көрсеткіштерін тұрақты ұстап тұру – мұның барлығы білікті маманның кәсіби шеберлігіне байланысты. Бұл тұрғыда ол өз ісінің нағыз маманы екенін дәлелдеп келеді.
Жанар Абайқызы ұжыммен жұмыс істей білетін, талапшыл әрі әділ басшы. Қызмет барысында әр қызметкердің пікіріне құлақ асып, ортақ мақсатқа жұмылдыра алады. Сонымен қатар, жұмыста тәртіп пен жауапкершілікті басты орынға қояды.
Қоғамда әйелдің орны әрдайым ерекше. Бір жағынан отбасының берекесін сақтап, бала тәрбиесімен айналысса, екінші жағынан ел дамуына үлес қосып жүрген нәзікжандылар – нағыз еңбекқор жандар.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
08 наурыз 2026 ж. 159 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (10483)

28 ақпан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 578
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031