Топ-баннер
Топ-баннер2
» » ҚЫЗМЕТІНЕ АДАЛ ИНСПЕКТОР

ҚЫЗМЕТІНЕ АДАЛ ИНСПЕКТОР

Құқық қорғау саласы – қырағылық пен қайсарлықты, табандылық пен адалдықты талап ететін жауапты да мәртебелі қызмет. Бұл салада ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін күзетіп жүрген ер-азаматтармен қатар, нәзіктігі мен мейірімін жоғалтпай, иық тірестіріп еңбек етіп жүрген қайсар әйелдер де аз емес. Солардың бірі – аудандық полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Мадина Жұбатқанова.
Ол Омар Шораяқұлы атындағы №30 мектептің түлегі. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ әділдік пен жауапкершілікті жоғары қоятын, қоғамға пайдалы болуды мақсат еткен жас қыз болашақ мамандығын құқық саласымен байланыстыруды жөн көреді. Осы арманның жетегімен 2008-2012 жылдары «Болашақ» университетінде білім алып, құқықтану мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдайды.
Жас маман атанғаннан кейін алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасында бастайды. Қызметтің алғашқы баспалдақтарында жинаған тәжірибесі оның кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Ал 2022 жылдан бастап аудандық полиция бөлімінде қызметтік жолын жалғастырып, бүгінде ювеналды полиция инспекторы ретінде жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
– Негізгі жұмысым – кәмелетке толмағандардың заңды мүдделерін заңсыз қолсұғушылықтардан қорғау және олардың арасында орын алатын құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, – дейді Мадина Зауытбайқызы.
Ювеналды полиция қызметінің басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар түрлі әлеуметтік қиындықтарға тап болған балаларға қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беру де осы қызметтің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл – жай ғана қызметтік міндет емес, үлкен жүрек пен шынайы жанашырлықты талап ететін мамандық.
Мадина Зауытбайқызы өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, әр баланың тағдырына бейжай қарамайтын жан. Ол жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөледі. Мектептерде ұйымдастырылатын кездесулер мен профилактикалық шараларда заң талаптарын түсіндірумен қатар, балалардың арманмақсаттарына қанат бітіретін жылы сөз айтып, өмірге деген сенімін арттыруға тырысады.
Инспектордың айтуынша, әрбір бала – қоғамның болашағы, елдің ертеңі. Сондықтан олардың дұрыс жол таңдап, саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ету – полиция қызметкерлерінің де ортақ міндеті. Осы мақсатта ол ата-аналармен, мектеп ұстаздарымен және қоғам өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жүргізіп келеді. Әрбір баланың тағдырына үмітпен қарап, оларды дұрыс жолға бағыттауға бар күшжігерін жұмсайды.
Әйел затына тән нәзіктік пен мейірімділікті, полиция қызметкеріне лайық батылдық пен әділдікті бойына үйлестіре білген Мадина Жұбатқанова – өз ісіне адал маман. Ол қызмет барысында тәртіп пен заңдылықты сақтауды басты ұстаным етіп, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді.
Әйел үшін жауапты қызметте жүру – үлкен төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Мадина Зауытбайқызы осы екі әлемнің тепетеңдігін сақтай білген жан. Қызметінде талапшыл әрі әділ болса, балаларына қамқор, мейірімді ана.
Ел тыныштығын күзетіп, жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген мұндай жандар – қоғамның шынайы тірегі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
08 наурыз 2026 ж. 66 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

№16 (10483)

28 ақпан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 573
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 366

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031