ҮМІТІН СЫРТТАН ІЗДЕГЕН ҰРПАҚ
Қазіргі жаһандану дәуірінде жастардың білім қуып, жұмыс іздеп шетел асуы үйреншікті құбылысқа айналды. Бұл – тек Қазақстан жастарына ғана тән емес, бүкіл әлем бойынша байқалатын құбылыс. Бұл ғылымда «brain drain», яғни «ақыл-ойдың ағылуы» деп аталады. Жастардың шетел асуына не себеп? Білім қуған жастардың легі елге қайта орала ма? Саралап көрсек.
Рас, халықаралық академиялық мобильділік жыл санап артып келеді. Мәселен, 2023 жылы дүниежүзінде шамамен 6,9 млн студент өз отанынан тыс жерде білім алуды жөн көрген. Демек, шетелде оқу миллиондаған жастың ортақ арманы мен мақсатына айналған.
Мәселенің төркіні қайда жатыр?
Ең алдымен, жастардың шетелге кету себептеріне тоқталсақ, олардың қатарында сапалы білім мен жоғары жалақы іздеу, мансаптық мүмкіндіктің шектеулі болуы, әлеуметтік жағдай мен өмір сапасына деген талаптың артуы бар. Осылайша жас мамандар өз әлеуетін толық жүзеге асыра алмайтынын сезініп, шетелдік компаниялар мен университеттерді таңдауды жөн көреді. Әсіресе IT, медицина, инженерия салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары елдер жастарды белсенді түрде тартып отыр.
Бұл үрдістің ел үшін бірқатар теріс салдары бар. Біріншіден, кадр тапшылығы күшейеді. Мемлекет қаржы бөліп оқытқан жас мамандардың өзге елдің экономикасына қызмет етуі – ұлттық ресурстың сыртқа кетуімен тең. Екіншіден, инновациялық даму баяулайды. Себебі жаңа идея мен тың серпін әкелетін негізгі күш – жастар. Үшіншіден, демографиялық және әлеуметтік құрылымға да әсер етуі мүмкін, яғни еңбекке қабілетті халықтың азаюы байқалады.
Дегенмен, бұл құбылыстың тек теріс жағы ғана бар деу біржақты болар еді. Шетелге кеткен жастар білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап, кейін елге оралып, өз үлесін қосуы да мүмкін. Мұны «brain circulation» – яғни «ақыл-ой айналымы» деп те қарастыруға болады. Сондықтан мәселені толық тоқтату емес, тиімді басқару маңызды.
Жастардың шетелге кетуіне әсер ететін негізгі фактордың бірі – жалақының төмендігі екенін жоғарыда айта кеттік. Әсіресе, кейбір мамандықтар бойынша айлық табыс жастардың өмір сүру сапасына жеткіліксіз. Нақты айтқанда, бұл мәселе ең алдымен еңбек пен оның нәтижесі арасындағы теңсіздіктен туындайды. Қазақстанда мұғалімдердің орташа айлығы 200 мыңнан 600 мың теңге аралығында болса, дәл осы мамандық иелері Швейцарияда ай сайын шамамен 6 240 доллар (яғни, 2,8 миллион теңгеге жуық) табыс табады. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 3 900 доллар көлемінде. Германия, Норвегия, Жапония секілді дамыған елдерде де жалақы бірнеше есе жоғары. Бұл тек білім саласына ғана емес, медицина, инженерия, IT сияқты жоғары сұранысқа ие салалардағы мамандарға да қатысты.
Тағы бір басты себептердің бірі ретінде жұмыссыздық мәселесі екені де даусыз. Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы бұл көрсеткіш 4,8% болса, 2024 жылы 4,6%-ға төмендеген. Ал 2025 жылы жастар жұмыссыздығы 3,3%-ды құрады. Бұл цифрлар оң үрдісті көрсеткенімен, жұмыссыз жүрген жастардың саны әлі де баршылық. Ең басты мәселе – жұмыс бар болғанымен, оның мамандыққа сай келмеуі. Университет қабырғасынан енді шыққан түлектердің біразы мамандығы бойынша жұмыс таппай, мүлде басқа салаға бет бұруға мәжбүр. Бірі саудамен айналысса, енді бірі қарапайым жұмысшы қызметіне орналасады.
Жастар неге жаппай шетел асып жатыр?
Бұл – дүниежүзілік үрдіс. Студенттік және еңбек көшіқоны көлемі соңғы екі онжылдықта бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Мысалы, Қытай мен Үндістан секілді халқы ең көп елдердің жастары шетелде көптеп білім алады. Қытайдың 1 миллионнан астам студенті шетелде оқыса, үндістандық студенттердің саны 508 мыңнан асады. Жалпы алғанда, әлемдік жоғары білім нарығы барған сайын интернационал болып, дамушы елдерден дамыған елдерге қарай «ми миграциясы» күшейгені байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымы деректері де жер шары ересектерінің 16%-ы, яғни шамамен 900 миллион адам, егер мүмкіндігі болса, тұрақты түрде шет елге қоныс аударуға ниетті екенін көрсетеді. Демек, шетелде өмір сүру талпынысы – ғаламдық ауқымдағы құбылыс.
Қазақстан да осы жалпы трендтен тыс қалған жоқ. ЮНЕСКО-ның Статистикалық институтының жаңарған мәліметі бойынша, Қазақстан шетелде оқып жатқан студенттердің саны жөнінен әлемде тоғызыншы орын алады екен. Басқа елдерде білім алып жүрген қазақстандық студенттер саны 91 мың 200 шамасында. Халық санына шаққанда бұл әсіресе үлкен көрсеткіш. Бұл Қазақстан халқының 0,48%- ына тең, салыстырылып отырған елдердің ішіндегі ең жоғары үлес болып тұр (салыстырмалы түрде, Қытай мен Үндістанда шетелде оқып жүргендер халықтың бар-жоғы 0,07% және 0,04%-ын құрайды). Бұған қоса, жыл сайын мыңдаған жас шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен немесе түрлі бағдарламалар арқылы түсуде. Мысалы, «Болашақ» халықаралық стипендиясы іске қосылған 1993 жылдан бері 11 мыңнан астам студент әлемнің жетекші оқу орындарында оқыды. Бұл бағдарлама шарты бойынша түлектер елге оралып кемінде 5 жыл отанында қызмет істеуге міндетті. Осы секілді бастамалар Қазақстан жастарына шетелде білім алу мүмкіндігін кеңейтті.
Жастардың өзге елге кетуінің басты мотивтері түсінікті. Басты себеп – білім алу сапасы. Қазақстандық көптеген түлек шетелдік оқу орындарының беделі жоғары, білім деңгейі озық деп есептейді. Шынында, әлемнің үздік университеттері шоғырланған АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Азияның дамыған елдері халықаралық студенттерді тартуда. Шетелде оқу арқылы жастар әлемдік деңгейдегі сапалы білім мен заманауи ғылымға қол жеткіземіз деп үміттенеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ жастарына шетелде оқуға жол ашылып, өз қабілетін танытқан талапкерлерге түрлі елден қолдау көбейді. Бүгінде Кембридж, Оксфордта оқу қазақ жастары үшін қол жетпес қиял емес – нақты мақсат екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Шетелдік дипломның отандыққа қарағанда еңбек нарығында «салмағы ауыр» деген түсінік те жас ұрпақты сыртқа тартатын факторлардың бірі.
Елге оралуға не кедергі?
Шетелде білім алып, тәжірибе жинақтаған жастардың барлығы бірдей елге оралуға асықпайды. Оның себебі де жоқ емес. Ең алдымен, кәсіби орта мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Дамыған елдердегі ашық бәсекелестік, әділ бағалау және мансаптық өсу мүмкіндігі көптеген жас маман үшін маңызды фактор. Ал елге оралғанда дәл сондай мүмкіндік табыла бермейді.
Сонымен қатар, бюрократиялық кедергілер де жастардың жігерін құм етеді. Жұмысқа орналасу барысында таныстамырдың рөлі, қағазбастылық сияқты мәселелер жиі кездеседі. Бұл – өз еңбегімен жетістікке жетуді көздейтін жас буын үшін үлкен тосқауыл.
Тағы бір маңызды жайт – жалақы мен әлеуметтік жағдай. Шетелде белгілі бір деңгейде өмір сүруге үйренген жас маман елге келгенде табыстың күрт төмендеуіне тап болады. Бұл оның кәсіби ғана емес, жеке өмір сапасына да әсер етеді. Баспанамен қамту, медициналық қызмет сапасы, балалардың білімі секілді әлеуметтік факторлар да шешуші рөл атқарады.
Оған қоса, ғылыми-зерттеу және инновациялық орта да әлі толық дамымаған. Ғылыммен айналысқысы келетін жастар үшін зертхана, грант, қаржыландыру мәселелері өзекті болып отыр. Мұндай жағдайда шетелде қалып, өз әлеуетін сол жақта жүзеге асыру тиімді көрінеді.
Шетел көрген жас – өзгерген көзқарас
Жастардың шетелге шығуы тек білім алумен немесе табыс табумен ғана шектелмейді. Бұл – дүниетанымның кеңеюі, жаңа мәдениетпен танысу, өмірге деген көзқарастың өзгеруі. Өзге елде білім алып, еңбек еткен жас түрлі ұлт өкілдерімен араласып, жаңа тәжірибе жинақтайды. Бұл оның ойлау жүйесіне, кәсіби ұстанымына, тіпті өмірлік құндылықтарына да әсер етеді.
Мұндай тәжірибе кейін елге оралған кезде үлкен артықшылыққа айналады. Себебі шетел көрген маман жаңашылдыққа бейім, өзгеріске ашық болады. Ол тек өз саласында ғана емес, қоғамның дамуына да тың серпін әкелуі мүмкін. Мысалы, басқару мәдениеті, еңбек тәртібі, уақытты тиімді пайдалану секілді дағдылар дамыған елден үйренетін маңызды құндылықтар.
Шетел тәжірибесін тек жеке жетістік емес, ел дамуына қызмет ететін ресурс ретінде қарастыру маңызды. Жастардың алған білімі мен көргенін ел игілігіне бағыттай алсақ, бұл үдеріс ұлт үшін үлкен мүмкіндікке айналады.
Түйін Сонымен, шетел асу – арман ба, әлде алдамшы сағым ба? Әлемдегі және еліміздегі жағдайды таразылай келе айтарымыз: шетелге кетуге талпынған жастар легін тоқтатқызу мүмкін емес және қажет те емес. Бұл – заман талабы, жаһандану үрдісінің табиғи ағымы. Басты мәселе – сол ақылды жастарды өз пайдамызға жарата білу. Бірқатары бірнеше жылдан соң елге оралып, жиған білім-тәжірибесін Қазақстанда қолданады, сол арқылы отандық экономиканы, ғылымды жаңа белеске шығарады. Оралмаған күннің өзінде, сырттағы таланттарымыздың өзі қазақтың атын танытып, ұлттық брендтің елшісі іспетті қызмет атқарады. Қай елден болсын қазақ жастары өз талантымен көзге түссе, ол – еліміздің абыройы.
Әрине, мемлекет жастарға ел ішінде де қолайлы жағдай жасауға ұмтылып келеді. Мемлекет басшысы да жастарды елде ұстап тұру үшін білім сапасын көтеру, жалақыны өсіру, тұрғын үй мәселесін шешу, экологиялық ахуалды жақсарту шараларын тапсырды. Жастардың шетелге кету үрдісін теріс тренд деп біржақты қабылдау орынсыз. Керісінше, оны ұлттық дамуға қажетті айналымның бір бөлігі деп қарап, тиімді саясатпен дұрыс арнаға бұру ләзім.
Ақнұр САҒЫНТАЙ















