Жасампаз жастардың жарқын істері
Жастар – елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады, сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек» деген сөздері жастардың қуатты және дамыған мемлекет құрудағы маңызды рөлін айқындайды.
Иә, тәуелсіз еліміздің ертеңгі кемел келешегі, жарқын болашағы жалынды жастардың қолында. Ауданымыздың жастары бұл үлкен жауапкершілікті терең түсініп, үнемі белсенді істерімен көрініп келеді. Белсенді жастардың жұмысын насихаттап, қолдау көрсету мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы жүйелі жұмыс жасауда. Жастардың шығармашылығын дамытып, жаңашыл жобалардың қанат бітуіне орталықтың берер бағыты мен мүмкіндігі мол. Жалынды жастардың жанынан табыла білетін мекеме аудан жастарының ғана емес, ауыл жастарының да дамуына өз үлесін қосуда. Осы орайда жақында ауыл жастарына арнап «Qadam Keruen» жаңа жобасын жүзеге асырды.
– Жобаның аты «Qadam Keruen» деп аталады. Бұл жоба – жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жәрмеңке. Мұнда ауылдық елді мекендерге аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Мансап» орталығы мамандары барып кеңес берді. Негізгі мақсат – ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен ақпарттандыру. Жоба аясында түрлі кездесу мен жеке қабылдау ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауыл жастарының арасында спорттық сайыстар өткізіліп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Мұнан өзге ауылда белсене жұмыс істеп жүрген бірқатар жас Алғыс хатпен марапатталды, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығы директоры Нұржұман Пірназаров.
Елдің ертеңі – жастардың қолында. Демек, елдің ертең гүлденуі де, бүлінуі де жас ұрпақтың жауапкершілігінде. Жастар үшін жасалған заманауи өзгерістер мен мүмкіндіктерді барлық жас дұрыс қолданып, жаңару жолында бәсекеге қабілетті, ел сенімін ақтайтын дарынды жастардың қатары көбейетініне сенім мол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ