» » БАЙЛАНЫС САЛАСЫНЫҢ ШЕБЕРІ

БАЙЛАНЫС САЛАСЫНЫҢ ШЕБЕРІ

Өз ісін жақсы білетін маманның еңбегі қашанда ел аузында жүретіні анық. Өйткені ондай жанның жүріп өткен жолы жерлестерінің көз алдында. Байланыс саласында табанды еңбек етіп жүрген жанның бірі – Баян Тоқтыбаева.
Ол 1970 жылы Жаңақала ауылында (қазіргі Көмекбаев) дүниеге келген. 1972 жылы отбасы аудан орталығына қоныс аударып, Баян апайдың білімге деген алғашқы қадамы сол жерде басталды. №183 мектептің табалдырығын аттаған кішкентай қызға алғашқы әріпті үйреткен ұстазы – Орынкүл Бодашова еді. Ұстаздан алған тәлім мен тәрбие оның өмірлік бағытын айқындауға сеп болды.
1987 жылы мектепті тәмамдаған соң, білімін одан әрі жалғастыру мақсатында Байқоңыр қаласындағы М.Неделин атындағы техникумға оқуға түсіп, «Автоматты электробайланыс» мамандығын таңдайды. Бұл таңдау оның болашақ тағдырын байланыс саласымен тығыз ұштастырды. Жастайынан техникаға қызығушылық танытқан оған бұл сала тек мамандық емес, өмірлік миссияға айналды.
Алғашқы еңбек жолын аудандық байланыс торабының телеграф бөлімінде телеграфист болып бастаған ол қызметтің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтайды. Ізденімпаздық пен білімге деген құштарлық оны 1992 жылы Алматы энергетикалық институтына жетелейді. Аталған оқу орнын «Электробайланыс инженері» мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіби деңгейін жаңа белеске көтереді.
Еңбек жолында түрлі қызметтерді абыроймен атқарып, мол тәжірибе жинаған Баян Тебегенқызы бүгінде аудандағы «Қазақтелеком» мекемесінде аға электромеханик қызметін атқарып келеді. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін, ұқыптылық пен жеделдікті қажет ететін қызмет.
– Жұмыстағы басты міндетім – абоненттердің интернет желісі мен телефон байланысындағы ақауларды қабылдап, тиісті мамандарға бағыттау, ақаудың дер кезінде жойылуын қадағалау. Сонымен қатар кросс пен бөлімдердегі техникалық мәселелерге уақытылы шара қолданып, байланыс сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ету, – дейді ол.
Иә, көзге көрінбейтін осы бір тынымсыз еңбек – халықтың күнделікті өміріндегі маңызды қажеттіліктің үздіксіз жұмыс істеуінің кепілі.
Баян Тоқтыбаеваның кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігі елеусіз қалған жоқ. Қызмет бабында бірнеше мәрте марапатқа ие болды. Атап айтқанда, 2017 жылы «Қазақтелеком» АҚ бас директорының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ «Қазақтелеком – 25 жыл», «Қазақтелеком – 35 жыл» мерейтойлық медальдеріне ие болған.
Отбасында да бақытты жан. Жолдасы Жалғасбек Қаппаров Қызылорда қаласындағы «ПетроҚазақстан» мекемесінде ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Екеуі бір-біріне тірек болып, өмірдің талай белесін бірге еңсеруде. Ұлдары Тимурлан анасының оқыған білім ордасының «Жылу энергетикасы» мамандығын бітіріп, қазіргі таңда BI GROUP компаниясында инженерлік бөлімнің шебері болып еңбек етуде.
Кейіпкеріміздің бір мекемеде табан аудармай еңбек етіп келе жатқанына 36 жыл болыпты. Бұл – қазірде сирек кездесетін тұрақтылық пен кәсіби адалдықтың көрінісі. Ол үшін жұмыс тек табыс көзі емес, елге қызмет етудің, халыққа пайда тигізудің жолы.
Байланыс саласының тыныстіршілігін ішінен көріп, әрбір тетігін жан-тәнімен сезінетін Баян Тебегенқызы секілді мамандардың еңбегі көпке үлгі. Осындай қарапайым да қажырлы еңбек иелері арқылы елдің байланыс желісі үздіксіз жұмыс істеп, халықтың тұрмысы жеңілдей түсуде.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 сәуір 2026 ж. 89 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 876
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 536

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930