» » Еңбекте егіз ұстаздар

Еңбекте егіз ұстаздар

Ұстаз... Осы бір сөз әрбірімізге жылы естіледі. Ұстаз дегенде әр адамның ойына алғаш әріпті танытып, қолына қалам ұстатқан мұғалімі, жанына жақын жанашыр апайы есеке түседі. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басып, оңы мен солын танып, өзі балалы-шағалы болған соң, кейінгі басқосу кештерінде ұстаздарын көрген әрбір жан балалық шағын еске алып, бір марқайып, естеліктерін еске түсіріп, мәз болып, қауқылдасып қалатыны да шындық.

Ұстаздар мерекесі қарсаңында осы мамандық иелерінің арасында егіз мұғалімдер бар ма екен деген әріптес статусын көріп, біз білетін егіз ұстаз туралы жазбаққа ниеттендік.
Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз өмірде де егіз және екеуі де бір мамандықты, оның ішінде ұстаздықты таңдаған. Бала тәрбиесі дегенде алдына жан салмаған жандар.

Қармақшы ауданының білім саласында еңбек етіп жүрген егіз ұстаз Айгүл мен Нұргүл Ұласарқызының еңбегі көпшілікке үлгі, жас буынға өнеге боларлықтай. 1987 жылы Қазалы ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген Айгүл мен Нұргүл 1993 жылы №100 Кеңтүп мектебінің табалдырығын аттайды. Кішкентайынан еңбекққор болып өскен егіздер 2004 жылы 11 сыныпты бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетіне грант негізінде оқуға түсіп, 2008 жылы Нұргүл бастауыш сынып мұғалімі мамандығын, Айгүл ағылшын тілі мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Кішкентайынан әже тәрбиесін көріп, үлкенді сыйлап, туған елдің тарихын танып, дәстүрін сақтауға талпынып өскен егіздердің ұстаздық жолды таңдауларына 40 жыл ауылдық емханада медбике болып қызмет атқарған марқұм анасы Дина Бертілеуқызының жол сілтеуімен және алғашқы ұстаздары Ағжан Жарманова апайға деген қызығушылық себеп болса керек.

Алғашқы еңбек жолдарын өздері туып өскен ауылы Ақсуаттағы №100 Кеңтүп мектебінде бастаған оларды өмірдің ағысындағы сан тараулы жолдар Байқоңыр өңірінде тағы да түйістірді.

Дүние есігін бірінші боп ашқан Нұргүл Ұласарқызы қазіргі таңда Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейінің педагог-зерттеуші санатты бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарады. Ол ұжымда өз алғырлығымен, бала жанын түсіне білетін, баламен бала болып, жұмыс жасай білетін үлгілі ұстаз. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, білімді шəкірт тəрбиелеген ұстаз – Нұргүл Ұласарқызының толағай жетістіктері мен марапаттауларын ұжымы мақтан етеді.

Тәжірибесі мол тәлімгер, білікті ұстаз Нұргүл Ұласарқызы бар уақытын қасиетті ұстаз мамандығына арнап келеді. Ұжымда ақылшы, жанашыр, еңбекқор ұстаз ретінде беделі зор. Ол әруақытта жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында бағыт –бағдар беруді үлкен жауапкершілік деп танитын тұлға. Ол 2020 жылы «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» дипломымен, «Қазақстан ұстазы» төсбелгісімен, 2021 жылы «ПОНИ» халықаралық байқауынан дипломмен, 2024 жылы – «Үздік авторлық» тақырыбында өткізілген шеберлік сыныбына қатысып, үздік жұмыс көрсеткені үшін алғыс хатпен марапатталды. Адилжан Искендиров атты шәкірті 9-сыныпты қызыл аттестатқа бітіріп, «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың қатарында.

Жаңалыққа жаны құмар, өз мамандығын жан-тәнімен сүйген, «өзің үйрене жүріп, өзгені үйрет» деген ұстанымы бар кейіпкеріміздің алдағы уақытта әлі де толағай табыстарға жете беретіндігі күмән туғызбайды. Өз ізденімпаздығының арқасында жас ұрпақты өнегелі етіп тəрбиелеуде, шəкірттерінің биік белестерді бағындыруына жол ашып жүрген үлгілі ұстаз Нұргүл Ұласарқызы отбасында жолдасы Бақберген екеуі Бекнұр, Бексұлтан, Бекмұхаммед атты үш ұлдың ата-анасы атанған, көпке үлгілі отбасылардың қатарында.

Нұргүлдің сыңары Айгүл Ақай ауылындағы №99 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Санаты – педогог-сарапшы. Айгүл Ұласарқызы 2007 жылы Ақан Қожаковпен отау құрып, бүгінгі таңда 5 баланың ата-анасы атанып отырған үлгілі отбасы. Бауыр еті балалары Жанел, Әсел, Жанқожа №99 мектептің үздіктері атанса, Шахназ бен Шахмардан балабақшаға барады. Үлкен қызы Жанел 11 сыныпта оқиды. Ол анасының жолын қуып, ағылшын тілін таңдап отыр. Айгүл 2016 жылдан бері Ақай ауылындағы №99 орта мектепте сарапшы категориялы ағылшын тілі пәні мұғалімі. Өз мамандығын сүйген маманның ұстаздық жолында жетістіктері де жетерлік. 2021 жылы 2 оқушысы Әлия мен Бағжан ағылшын тілі бойынша ЖОО-на грантқа оқуға түссе, 2023 жылы 2 оқушысы Алтынай мен Нұржан ағылшын тілі бойынша ҰБТ тапсырып, гранттық негізде оқуға түсіп студент атанды.

    «Жас келсе – іске» дегендей, аз ғана уақытта жас маман тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Әбу Насыр Әл-Фараби: «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да, аңғарымпаз ақыл иесі» деп баға берген. Осы қасиеттермен бірге ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, тез тілтапқыштық қасиеттерді бойына жинақтаған асыл ұстаздардың мәртебесі қашанда биік болмақ. Еңбекқор, тәлім-тәрбиесін шәкіртінен аямай, білім нәрін сепкен егіз ұстаз бұл күнде үлкенге үлгі, кішіге өнеге.

Иә, әрбір оқушыға өз баласындай қамқор болған қос ұстаз перзенттерінің нәпақасын адалдықпен тапты. «Адал жүріп, адал тұр» деген даналықты жанына түйген еңбекқор егіздер Айгүл мен Нұргүл, сыйластығы жарасқан еліне қадірлі жандар. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, талай жасты білім нәрімен сусындатқан қос ұстаз ұжымда абыройлы. Ұстаздарымыздың мерейі әрдайым үстем болсын деп тіледік.

Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы

05 қазан 2024 ж. 49 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031