» » ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН БАСШЫ

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН БАСШЫ

Әрбір мамандықтың атағы ғана емес, арқалар жүгі, қоғам алдындағы салмағы болады. Әсіресе адам тағдырымен тығыз байланысты салада еңбек ету тек кәсіби білімді емес, биік азаматтық ұстанымды, терең адамгершілікті және сабырлы болмысты талап етеді. Осындай жауапкершілігі мол жолды таңдаған азаматтың бірі – аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Арман Төлебеков.
Ол 1991 жылы Торғай облысы, Державинск қаласында дүниеге келген. Тәуелсіздіктің төл құрдасы жастайынан білімге құштар болып, өз болашағын жан-жақты дамытуға ұмтылды. Алдымен Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті қабырғасында «Мұнай-газ ісі» мамандығын игерсе, кейін қоғамдағы құқықтық қатынастарды тереңірек түсіну үшін Қызылорда қаласындағы Болашақ университеті оқу орнында «Заңгер» мамандығын меңгерді. Екі түрлі бағыттағы бұл білім оның кәсіби көкжиегін кеңейтіп, өмірлік ұстанымын нығайтты.
Еңбек жолын 2015 жылы Жосалы кенті әкімі аппараты коммуналдық мемлекеттік мекемесінде инспектор болып бастаған ол алғашқы күннен-ақ жауапкершілікті сезіне білді. Бағдарламалау, инфрақұрылым және түнгі жарықтандыру сияқты маңызды салаларға жетекшілік ете жүріп, халықпен етене жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді.
– Бұл кезең мен үшін үлкен мектеп болды. Мәселені кабинетте отырып емес, ел ішіне барып шешуді сол кезде үйрендім, – дейді ол өткен жылдарға көз жүгіртіп.
Жеті жылға жуық бір мекемеде табанды қызмет етуі – жас маманның тұрақтылығы мен еңбекке адалдығының айқын көрінісі. 2022-2024 жылдары AMANAT партиясы аудандық филиалында консультант болса, кейін атқарушы хатшының міндетін қоса атқарған. Қоғамдықсаяси науқандардың бел ортасында жүріп, жауапты кезеңдерде өзінің белсенділігімен көзге түсті. Ол 2022 жылғы референдумнан бастап, елдегі маңызды саяси оқиғаларға қатысып, еңбегі еленді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.
2024 жылдың қазан айынан бастап Арман Төлебеков аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры қызметіне тағайындалды. Бұл жаңа кезең оның өміріндегі ең жауапты әрі мағыналы белеске айналды.
– Бұл қызметке келгенде ең алдымен өзіме «мен не істей аламын?» деген сұрақ қойдым. Себебі бұл жерде есеп үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істеу керек. Әр отбасының артында бала тұр. Ал бала – ертеңгі қоғам. Сондықтан бұл салада немқұрайлылыққа орын жоқ, – дейді ол.
Орталық жұмысына ол тек басқарушы ретінде емес, ең алдымен адам ретінде қарайды. Мұнда психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер еңбек етеді. Бірақ басшының айтуынша, ең басты құндылық – сенім. «Адам бізге келгенде өзін жалғыз сезінбеуі керек. Біз сол сенімді ақтауға тырысамыз. Кейде бір ауыз сөздің өзі бүтін бір отбасының тағдырын өзгертіп жатады» дейді Арман.
Шынында да, кейіпкеріміз үшін ең үлкен марапат – татуласқан отбасы мен алаңсыз күлген бала. Өйткені нағыз бақыт – көзге көрінбейтін, бірақ жүрекке жылы сезілетін отбасы бірлігі мен баланың шаттығында.
Өткен жылдың қорытындысында аудандық отбасын қолдау орталығы «Үздік отбасын қолдау орталығы» атанса, Арман Төлебеков «Үздік әлеуметтік қызметкер» номинациясының иегері болды. Бұл – оның тынымсыз еңбегі мен адал қызметінің заңды жемісі. Қай салада болсын, шынайы жанашырлық пен жауапкершілік қатар жүрсе ғана нәтиже болады. Арман таңдаған жол – адам тағдырына араша түсер таңдау. Осындай азаматтар барда қоғамда мейірім мен сенімнің шамы сөнбесі анық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
01 сәуір 2026 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (10489)

27 наурыз 2026 ж.

№21 (10488)

23 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 755
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

АБЫРОЙ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ
28 наурыз 2026 ж. 119

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 480

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930