» » МЕМЛЕКЕТКЕ ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

МЕМЛЕКЕТКЕ ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Қай мамандықты алсақ та, оның қоғамда атқаратын функционалдық қызметі бар. Олардың қай-қайсысы да мемлекетіміздің болашағы үшін аянып қалмайтыны анық. Осы қатарда алда төл мерекелері келе жатқан Мемлекеттік қызметшілердің еңбегін екшеп айтсақ, артық болмас еді. Саналы өмірін әлеуметтік салаға арнап, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Жанар Жиеналиева замандасымыз.
Ол 1971 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Кент орталығындағы Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепке 8 сыныптық білім алған жас қыз №14 кәсіптіктехникалық училищесіне оқуға түсіп, оны "Құрылысшы" мамандығы бойынша бітіріп шығады. Одан соң оның алғашқы еңбек жолы Жосалы обаға қарсы күрес мекемесінде жұмысшы болумен басталады. Әрі қарай ол өзі білім алған орта мектепте аспаздың көмекшісі болып қызмет етсе, 1990 жылы Семей қаласындағы Финанс-экономикалық техникумына оқуға түсіп, "Сақтандыру ісі" мамандығы және "Қаржыгер" біліктілігі бойынша тәмамдайды.
Әркез алға ұмтылып, мақсатына жету жолында ізденуден талмайтын бойжеткен 1992 жылы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне инспектор болып қызметке тұрады. Жылдар аралығында маман, жетекші маман секілді қызметтік сатылардан өтеді. Жоғары білімді маман болуды мұрат еткен Жанар Жиеналиева Қызылордадағы "Сейхун" академиясынан "Экономист-финансист" мамандығын алып, саладағы кәсіби біліктілігін одан әрі дамыта түседі. Міне, бүгінде ол 33 жылдан бері ыстығы мен суығын көріп келе жатқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты әлеуметтік төлемдер секторында бас маман қызметін атқарып келеді. Оның мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 20 жылдан асады екен.
Тәжірибелі маманның еңбегі ескеріліп, бірқатар марапатқа ие болған. Оның ішінде 2015 жыл қорытындысы бойынша "Жылдың үздік әлеуметтік сала қызметкері" номинациясын жеңіп алуы – білікті маманның еңбегіне берілген әділ баға болатын.
– Кім де болса, істеп жүрген жұмысын марапат үшін атқармайтыны анық. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, мамандық таңдаудан қателеспеген жанмын. Мамандығын жақсы көрген жан ешқашан кері шегінбейді. Алға қарай адымдай береді. Менің де өмірдегі басты қағидам – адалдық пен тәртіп. Жетістікке жетіп, абыройға кенеліп жатсам, осы қасиеттерімнен деп ойлаймын. Өзіммен бірге қызмет жасап келе жатқан әріптестеріме алғысым шексіз. Әрбір саланың көтерер өзіндік жүгі болады десек, мен еңбек етіп жүрген әлеуметтік саланың да жауапкершілігі жетіп артылады. Алда Мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесі келе жатыр. Мемлекетіміздің баянды дамуы мен нығаюына үлес қосып жүрген барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, қызметтерінде абырой тілеймін, – дейді ол шынайы лебізде.
Әйел азаматшалардың басты тіреуі – отбасы десек, Жанар отбасында жолдасы Талғатбек Жүрімбаевпен ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасының ата-анасы. Қыздары – Айгерім Ақтөбе қаласында тұрмыста. Күйеу баласы Асылханмен бірге 3 бала тәрбиелеп отырған жас отбасы. Уақыт талабына сай кәсіпкерлікпен айналысуда. Ал ұлдары – Жарқынбек мектепте үздік оқушылар қатарында.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
17 маусым 2025 ж. 111 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (10412)

17 маусым 2025 ж.

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 930
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30