» » ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕНІ – ЕҢБЕКТІҢ ЕЛЕНГЕНІ

ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕНІ – ЕҢБЕКТІҢ ЕЛЕНГЕНІ

Қай мамандық та қадірлі, қастерлі. Елге қызмет көрсетудің осалы болмайды. Бәрі де жауапкершілік пен талапқа бағытталған. Мысалы, ұстаз жас өскінді тәрбие мен білімге баулыса, дәрігер дертке шипасын дарытады, емін береді. Құрылысшы зәулім ғимараттар тұрғызса, диқан дән сеуіп, елді астықпен асырайды. Осылайша әрі қарай да көптеген мамандықты тізбектей беруге болады. Бірақ осылардың бәрінің басын біріктіріп, ортақ арнаға тоғыстырып, елдегі хал-ахуалды жүйеге келтіріп отыратын ерекше мамандық иелері бар – ол мемлекеттік қызметші. Яғни елге адал қызмет ету, жайын жасау, жағдайымен санасу – осы мамандық иелерінің басты құзырына кіреді.
Бүгінде бір салаға жастығы мен саналы өмірін арнаған аға-апаларымыз аз емес. Солардың бірі – Дауылкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Сайлаукүл Балғожина. Ол 38 жыл үздіксіз қызмет етіп келе жатқан мемлекеттік қызметші.
«Дарақ бір жерден көктейді» дегендей, осынша уақыт абыройлы еңбек ету – адам бойынан ізгілікті, мамандыққа деген құрметті, ел-халыққа деген адал қызметті байқатса керек. Жуырда әпкеміз өзі ұзақ жылдар қызмет еткен ұжымы, ауылдастары мен сыйлас дос-жарандарының игі тілегі, қошеметімен зейнеткерлік демалысына шықты.
Ауылдастары оның үнемі жұмыста талапшыл, бастаған ісіне сергек қарап, соңына дейін жеткізе білетін, әрбір ісінен үлгі алуға тұрарлық, әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген жастарға ол кісінің еңбек жолы өнеге екенін марқая айтады.
Енді білікті маманның өмір жолына тоқталып өтсек, ол 1963 жылы жүз шайырдың құтты мекені болған Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 1984 жылы ауыл орталығындағы №29 мектепке бастауыш сынып мұғалімі, аға тәлімгер болып жұмысқа орналасып, 2 жыл ұстаздық етсе, 1986 жылы Дауылкөл ауылдық кеңесі атқару комитетінің хатшылығына сайланбалы жолмен тағайындалған. Міне сол жылдан бері үздіксіз қазірге дейін осы қызметті абыроймен атқарып, зейнет жасына жетіп отыр. Ол қызмет атқарған уақытында ел-халықпен тығыз байланыста болып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосты. Елді мекеннің қоғамдық-саяси өміріне жанашыр ретінде белсене араласты. Қызметін адал атқарып, тұрғындардың құрметіне бөленді.
С.Балғожинаның зейнеткерлік демалысына шығуға арналған мерекелік іс-шара ауылдық мәдениет үйінде өтті. Онда ауылдық округтің әкімі Мұрат Алдамұратов сөз сөйлеп, аудан әкімінің Құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Дәулетов, құрбысы Бердігүл Райымбаева, сыныптасы Клара Қожабаева және ауылдық округтердегі әріптестері жылы лебіздерін жеткізді. Одан бөлек, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Үрліхан Өңдібаева, ақын ұстаз Зарипа Тасымова жырдан шашу шашты. Мәдениет саласының ардагері Зәуре Кәрібаева тамылжыта ән салса, ауылдық жыраулар үйірмесінің үйірме мүшелері жиналған көпшілікті өздерінің өнеріне тәнті етті.
Сайлаукүл Балғожина жары Айтмағанбет Мұрынбаевпен бірге отбасында ұл-қызынан тараған немерелерінің қызық-қуанышына бөленіп отырған бақытты жандар. Қыздары Гүлнұр мұғалім болса, ұлдары Алмас ана жолын қуған мемлекеттік қызметкер.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
07 наурыз 2024 ж. 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930