» » АҚПАРАТҚА АДАЛДЫҚ – САНАЛЫ ТАҢДАУДАН

АҚПАРАТҚА АДАЛДЫҚ – САНАЛЫ ТАҢДАУДАН

Газет – оқырманымен қадірлі. Ал оқырман – мазмұны бай, ойға ой қосар, жүрекке жетер дүниені іздейді. Бұл – уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын ақиқат. Ақпарат тасқыны артып, цифрлы дәуір дендеген сайын сапалы, сараланған дүниеге деген сұраныс тіпті күшейе түсті. Себебі әрбір оқырман үшін шынайы дерек, салмақты сөз, тағылымды ой ең басты құндылық саналады.
Осы орайда ауданымыздағы «Дәметкен ана» балаларды оңалту орталығының ұжымы мазмұнды ақпаратқа деген қажеттілікті нақты ісімен дәлелдеп келеді. Олар үшін жергілікті басылымдарға жазылу – жай ғана әдет емес, саналы таңдау, игі дәстүрге айналған. Ақпаратты кездейсоқ емес, сүзгіден өткен, ел мүддесіне қызмет ететін басылымдардан алу – ұжымның ұстанған бағыты.
Іргелі ұжым аудан айнасы саналатын «Қармақшы таңы» газетіне тұрақты түрде жазылып, әр санын асыға күтеді. Газет бетінде жарық көрген әрбір мақала – олар үшін тек жаңалық емес, өңірдің тыныстіршілігінен сыр шертетін, қоғамдағы өзгерістер мен жетістіктерді саралайтын маңызды ақпарат көзі. Ұжым мүшелері басылым арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдени өмірін, халықтың тұрмыс-тіршілігін тереңірек танып, өз ойларын байытып келеді.
– Мерзімді басылымдарға ұжым болып тұрақты түрде жазыламыз. Оның ішінде аудан жаңалықтарын уақытылы жеткізіп отырған газеттің әр нөмірін қалт жібермейміз. Газет – біздің сенімді серігіміз, – дейді орталық меңгерушісі Әзиза Сәтмаханова.
Бүгінде екінші жартыжылдыққа арналған жазылу науқаны да қарқын алды. Бұл бастамаға тек тұрғындар ғана емес, мекемелер де белсенді түрде атсалысуда. Ұжым болып газетке жазылу – бір жағынан рухани қажеттілік болса, екінші жағынан елдік мүддені қолдау, ұлттық ақпарат кеңістігін нығайтуға қосылған үлес десек те болады.
Шынында да, газет пен оқырман – егіз ұғым. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм үні». Ғұлама ағартушының бұл сөзі бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ. Адамға көз, құлақ, тіл қаншалықты қажет болса, қоғамға да газет дәл сондай қажет. Себебі газет – халықтың ойы мен сөзі тоғысатын, елдің үні естілетін маңызды алаң.
«Дәметкен ана» балаларды оңалту орталығының ұжымы да осы ұстанымды берік ұстанып келеді. Газеттің мазмұндылығы мен тәрбиелік мәнін жоғары бағалай отырып, олар жас ұрпаққа да дұрыс бағытбағдар берудің маңызын жақсы түсінеді. Себебі сапалы ақпарат – саналы ұрпақ қалыптастырудың негізі.
Балалардың әлеуметтік оңалуы мен денсаулығын жақсартуға бағытталған мекеменің іргетасы 2018 жылы қаланып, содан бері жүйелі түрде өз жұмысын жалғастырып келеді. Қысқа уақыт ішінде орталық аудандағы ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсететін маңызды орынға айналды. Мұнда әр баланың жағдайы мен қажеттілігі ескеріліп, кешенді оңалту қызметі ұйымдастырылады.
Осы жылдар ішінде мекеме тек емдік-оңалту шараларымен шектеліп қалған жоқ. Орталық ұжымы балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп, рухани-мәдени бағыттағы жұмыстарды да қатар жүргізіп келеді. Түрлі танымдық шаралар, тәрбиелік мәні бар кездесулер мен шағын мерекелік іс-шаралар балалардың қоғамға бейімделуіне, өздерін еркін сезінуіне оң ықпал етуде.
Қазіргі уақытта орталықта 15 балаға кешенді оңалту көмегі көрсетілуде. Білікті мамандар әр баламен жеке жұмыс жүргізіп, олардың денсаулығын жақсартумен қатар, өмірге деген сенімін арттыруға күш салады.
Жыл өткен сайын орталықтың материалдықтехникалық базасы да нығайып, мекеме арнайы мамандармен толықтырылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл – көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, балаларға тиімді әрі сапалы оңалту жүргізуге мүмкіндік береді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 сәуір 2026 ж. 89 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 866
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 530

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930