ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАН – РУХАНИ ТІРЕК
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген Ахмет Байтұрсынұлының осы бірауыз сөзі бүгінгі таңда да өз құндылығын жойған жоқ. Иә, бүгінгі жаһандану заманында ақпараттар легі көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып, әлеуметтік желілердің рөлі арта түсті. Бірақ көзі қарақты оқырман қауымның көкейіне ой салар, қоғамдағы өзекті мәселенің түйінін тарқатар басылымдар ұсынатын дүниенің әлдеқайда сапалы болары хақ.
Қоғамның рухани деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштің бірі – баспасөзге деген құрмет. Қазіргі ақпарат ағынында кім не жазып, не айтып жатқанын електен өткізіп оқитын сауатты оқырман еліміздің ертеңіне алаңдайтын, елдік мәселеге елеңдейтін саналы азаматты қалыптастырады.
Қоғамдық пікірдің қалыптасуына, ел ішіндегі тыныс-тіршіліктің таразысын түзеуге газеттің оң ықпалы бар. Мұны жақсы түсініп, ұлт сөзін ұлықтайтын, газетті тұрақты оқитын ұжымның бірі – «Қармақшысушар» өндірістік учаскесі. Бұл мекемеде аудандық, облыстық басылымдарға жазылу – жыл сайынғы дәстүр ғана емес, ішкі мәдениеттің бір парасы. Газет оқу – ақпарат алу ғана емес, қоғаммен үндесу, елдік мәселеге селқос қарамау. Бұл ұстанымды ұжым мүшелері жақсы түсінеді.
– Біз үшін газет – тек жаңалық көзі емес, өзімізге бағыт-бағдар беретін ой серігі. Әр қызметкер аудан тынысынан хабардар болып отыруы тиіс. Өйткені халықпен етене жұмыс істейміз. Біздің еңбек жермен, сумен байланысты. Сол себепті елдің мұң-мұқтажы, қоғамдық қозғалыс, ауылдың өсіп-өркендеуі біз үшін де маңызды. Осыны ескеріп, ұжым мүшелеріне басылымдарды тұрақты оқып отыруды әдетке айналдырдық, – дейді «Қармақшысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Шоқан Ұзақов.
Баспасөзге осындай жанашыр көзқарас – ел ертеңіне алаңдаудың, сана сергектігінің белгісі. Елдік сөзге елеңдейтін, ұлттық мүддені ойлайтын ұжым – қоғамның қозғаушы күші. Мұндай тұрақты оқырман ұжымы көбейсе, баспасөз де, ұлттың рухани әлеуеті де әлсіремейді.
Оқырман ұжымы – баспасөздің жанашыры, елдің жанашыры. Олар арқылы газет те өміршең бола түседі. Бұл – екі жақты рухани байланыс. Бірі жазады, бірі оқиды. Екеуін де ұлт мүддесі ұйыстырады.
Ғаламтор үстемдік құрып тұрған кезеңде де көзі қарақты оқырман газет–журналдан қол үзбек емес. Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген. Ендеше, ол халықпен бірге тыныстай бермек. Қай заман, қай кезең болсын газеттің бәсі қашанда жоғары. Оқырманның әдеби талғамы биік болған сайын баспасөздің рөлі де беки түседі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ