«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗІ»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында Ш.Уалиханов атындағы №26 орта мектебінде тағылымды әрі мазмұнды «МЕН ЖӘНЕ ЗАҢ» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Оқушылармен кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқықтық тәрбиені күшейтіп, өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесуге Қармақшы аудандық прокуратурасының прокуроры Сәду Әділет Сағымбекұлы, Қармақшы АПб ҚҚб ЮПт УПИ-ры полиция лейтенанты Бақытжанұлы Асылжан, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ирагимов Айдос Сайлаубекұлы және жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында құқық қорғау саласының мамандары жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың себеп-салдарын түсіндіріп, оның алдын алу жолдарына кеңінен тоқталды. Құқықтық сауаттылықты арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу, киберқауіпсіздік мәселелері мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі жан-жақты талқыланды.
Прокуратура өкілі заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті екенін атап өтсе, полиция инспекторы жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтың салдары туралы нақты мысалдар келтіріп, құқықтық жауапкершілік жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар сала мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Бұл өз кезегінде жас буынның құқықтық сауатын арттырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге ықпал етті.
Кездесуді мектеп директоры Жарасова Ақмарал Дәренбекқызы жүргізіп, жиынның мазмұнды әрі ашық диалог форматында өтуіне ұйытқы болды.
Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар – «Заң мен тәртіп» қағидатын өмірлік ұстанымға айналдырып, саналы, білімді, жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Өйткені саналы ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.
















