» » КӨКТЕМНІҢ КӨРКІ – ХАЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

КӨКТЕМНІҢ КӨРКІ – ХАЛЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше сәнсалтанатымен, кең көлемде атап өтілді. Табиғатпен үндескен бұл ұлы мейрамда күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жаңа тыныс, жаңа серпін береді. Жыл басы саналатын Наурызды ел болып, жұрт болып бірге қарсы алу – әрбір азамат үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш. Жыл келді деп бір-бірін құшақтай қарсы алысып, көрісе амандасқан көпшіліктің қуанышы – күллі елдің қуанышы.
Бұл мерекені аудан халқы да ерекше ықылас, зор шаттықпен қарсы алды. Ұлыстың ұлы күніне орай орталық алаң мерекелік көңіл-күйге бөленіп, думан ордасына айналды. Алаң төрінде рет-ретімен тігілген киіз үйлер көздің жауын алып, ұлттық нақышымен ерекшеленіп, алыстан менмұндалап тұрды. Әрбір киіз үйдің сән-салтанаты мен ішкі жабдықталуы ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігін айшықтап, келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Бұл көрініс алаңның ажарын ашып қана қоймай, мерекеге ерте жиналған жұртшылықтың көңілін көтеріп, Наурыздың шынайы рухын сезінуге мүмкіндік берді.
Биылғы мерекелік жиынның тағы бір айрықша ерекшелігі тұрғындардың басым бөлігінің ұлттық киімге деген қызығушылығының артуы болды. Бұрын тек сахнада өнер көрсететін өнерпаздар мен түрлі көрініске қатысушылар ғана қазақы киім кисе, бұл жолы қарапайым халықтың өзі ұлттық нақыштағы киімдерді таңдауы дәстүрге деген құрметтің, ұлттық құндылықтарға бетбұрыстың айқын көрінісі болды.
Ер азаматтарымыз иығына жарасымды заманауи үлгідегі шапан жауып, салмақты келбетімен ерекшеленсе, қыз-келіншектер қамзол киіп, бастарына орамал тағып, нәзіктік пен әсемдіктің үйлесімін көрсетті. Қыздарымыз шекелік пен шашбауды сәнге айналдырып, ұлттық әшекейдің көркін келтірсе, жігіттеріміз тақия киіп, дәстүр мен заманауилықты ұштастыра білді. Жалпы көрініс сырттай қараған жанға да, мерекеге қатысқан көпшілікке де үлкен әсер қалдырып, көз сүйсіндіріп, көңіл қуантты.
Сонымен қатар, орталық алаңда ұйымдастырылған қолөнер бұйымдары мен аймақ өндірісінің өнімдерінен құралған көрме де көпшіліктің назарын аударды. Көрмеге қойылған әрбір бұйым өзіне тән тарихымен, терең мазмұнымен ерекшеленіп, өткен күндердің сырын шерткендей әсер қалдырды. Көрмені тамашалаған тұрғындар шеберлердің еңбегіне жоғары баға беріп, өз ризашылықтарын білдірді. Осындай игі шаралар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнеріміздің мәні артып, ұлттық құндылықтарымыздың дәрежесі биіктей түсетіні сөзсіз.
«Әз Наурыз – берекенің ақ бесігі» атты мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудан ардагерлері мен тұрғындар қатысты.
Қонақтар сән мен салтанаты жарасып қаз-қатар тізілген киіз үйлерді аралай жүріп салт-дәстүр тағылымды суреттелген қойылымдарды тамашалады. Онда сырға салу, беташар, бесікке салу, тұсау кесу, құдалық секілді рәсімдер орындалып, ұлттық құндылықтар ұлықталды. Мұнан соң, дүбірлі думан басталып, Қармақшы халқы ән мен жырға бөленді. Облыс әкімінің орынбасары жиналған қауымды, аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Құрметті жерлестер, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы мерекенің қасиетті Ораза айтпен тұспа-тұс келуі – ерекше мағыналы, берекесі мен бірлігі артқан игі кезеңнің белгісі. Осы қос мерекенің шапағаты әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен қуаныш әкелсін! Наурыз – бұл тек көктемнің келуі ғана емес, бұл – жаңару мен жаңғырудың, өткенге есеп беріп, келешекке нық қадам жасаудың айрықша сәті. Бұл күні халқымыз ренішті ұмытып, бір-біріне ізгі тілектерін арнап, татулық пен ынтымақты нығайтады. Осындай мәні терең мерекеде біз де атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларымызды айқындаймыз. Өңірімізде халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе жол және инфрақұрылым мәселесі әрдайым басты назарда. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне берілуде. Аймақ тұрғындарын ауыз сумен және электр жарығымен толық қамту мәселесі шешімін тапса, бұл жетістіктер – ортақ еңбектің жемісі. Сонымен қатар әр салада жаңа бастамалар қолға алынып, экономиканың тұрақты дамуына жол ашылуда. Облысымыздың макроэкономикалық көрсеткіштері республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, бұл – өңірдің қарқынды дамуының нақты дәлелі. Қармақшы ауданы да жылдан-жылға өркендеп, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жақсарып келеді. Әсіресе газбен қамту деңгейі артып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға оң ықпал етуде. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Қадірлі ағайын! Наурыз – береке мен бірліктің, мейірім мен жақсылықтың мерекесі. Осы жарқын күнде әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әр отбасында бақ-береке, молшылық болсын!, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мерекелік жиында аудан дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Одан әрі аудан өнерпаздары әуелетіп ән салып, мың бұрала би билеп, үлкен-кішінің мерейін асқақтатып, көңілдерін шаттыққа бөледі. Одан бөлек арқан тарту, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеру, қол күрес, қазақша күрес секілді ойындардың өтуіне тұрғындар белсене араласты.
Дүбірлі мерекеде күн шуағы жан жылуымен алмасып, көңілдерде шаттық шалқыды. Күн мен түн теңесіп, жер-жаһан жайма шуақ рахат нұрына бөленетін осынау ұлы мерекені қарсы алған аудан тұрғындары ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
23 наурыз 2026 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№21 (10488)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (10487)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 689
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 443

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031