ӨҢІРДЕГІ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАР БАҚЫЛАУДА
Жақында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов жұмыс сапарымен ауданға келіп, өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысанның құрылыс және жөндеу жұмыстарымен танысты. Сапар барысында ол Жосалы және Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалдарының құрылыс барысын бақылап, сондай-ақ Байқоңыр қаласында салынып жатқан спорт кешенінің жұмысымен танысты.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Жосалы кентіндегі теміржол вокзалына барып, онда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Қазіргі уақытта вокзал ғимаратының ішкі бөлігінде бірқатар жұмыс аяқталған. Атап айтқанда, қабырғаларды ақтау және сырлау жұмыстары толық орындалған. Ал сыртқы бөлігінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ғимарат қабырғаларын травертин тасымен қаптау жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар вокзалдың сәулеттік келбетін жақсартып, заманауи талаптарға сай жаңартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Төретам кентіндегі теміржол вокзалында да күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сыртқы жұмыстар аясында вокзалдың шатыры толық жаңартылып, бұл бағыттағы жұмыстар 100 пайыз аяқталған. Сонымен қатар, ғимараттың сыртқы қабырғасына травертин тасын қаптау жұмыстары 95 пайызға орындалған. Қазір нысанда сыртқы саты мен арка орнату жұмыстары басталуда. Жөндеу аяқталғаннан кейін вокзал жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, кент тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы инфрақұрылым нысанына айналмақ.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов Байқоңыр қаласындағы салынып жатқан спорт кешенін де аралап көрді. Нысанның құрылыс барысымен танысқан ол жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырма беріп, құрылыс жұмыстарының белгіленген талаптарға сай әрі сапалы жүргізілуі керектігін атап өтті.
Жалпы, жұмыс сапары барысында әлеуметтік нысандардағы құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы басты назарда болды. Облыс әкімінің орынбасары жауапты мердігерлерге жұмыстарды уақытылы әрі талапқа сай орындау қажеттігін ескертіп, әр нысандағы құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстау керектігін жеткізді.
Өңірде жүргізіліп жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ көлік және спорт саласындағы қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
«ҚТ» ақпарат

















