» » ЖАС КҮЙШІ ЖАНСҰЛУ

ЖАС КҮЙШІ ЖАНСҰЛУ

Ұлттық мәдениетімізде домбыра ерекше орын алады. Ол тек музыкалық аспап қана емес, халқымыздың тарихын, қуанышы мен қайғысын, арман-үмітін жеткізетін қасиетті мұра. Күй өнері арқылы ата-бабаларымыз, Құрманғазы, Дина сияқты күйшілеріміз өз дәуірінің тынысын сездірумен қатар, ұрпаққа рухани байлық қалдырды. Бертін келе Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Әбдімомын Желдібаевтардың күй өнері көптеген жастың қызығушылығын туғызғаны рас. Сол асыл өнерді жалғастырып келе жатқан жас таланттың бірі – Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы, сондайақ Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің шәкірті Жансұлу Ермекқызы.
Өнерпаздың домбыраға қызығушылығы сегіз жасынан басталған. Ата-анасы қыздарының қабілетін байқап, 3-сыныпта оқып жүрген кезінде Т.Салқынбайұлы атындағы аудандық өнер мектебінің домбыра сыныбына, оның ішінде күй өнеріне береді. Бір айтарлығы, Жансұлудың ұлттық аспабымызға қызығушылық танытуына ұстазы Жұлдызай Мәденова бірден-бір себепкер болған. Міне, содан бері үшінші жыл білікті ұстаздан өнердің қыр-сырын меңгеріп, тәлім-тәрбие алуда.
Домбыра – қазақтың жаны десек, ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан күй өнерін тыңдарманына танытуда жас та болса еңбектеніп, ұлттық өнерді насихаттауға үлесін қосып жүр. Жансұлу домбырасын қолға алған сәттен тыңдаушысын ерекше әсерге бөлейді. Оның нәзік саусақтары қос ішекті тербеткенде, әр күйдің мағынасы мен сырлы әуені жүрекке жетеді. Домбыраның қоңыр үні арқылы ол халқымыздың бай мәдениетін, кең даласының тынысын сезіндіреді. Талантты шәкірт домбыра тартуды үйреніп қана қоймай, күйдің тарихын, мағынасын түсінуге ұмтылады.
«Ұста – ұста емес, аспаз ұста» демекші, күйдің аспапта күмбірлеп таза шығуы, дыбысқа таза түсуі домбыраға байланысты. Соны түсінген жас өреннің әкесі Ермек Алматыдан арнайы тапсырыспен есімі жазылған домбыра соқтырып алдыртқан. Баланың талабын ұштап, қанатын қатайта түсуде, ата-ананың қолдауы деген осы болар, сірә.
– Күй өнері үнемі шыңдау мен шыңдалудан тұрады. Спортшы бір қалыпта бабында болуы керек сияқты, музыка өнері де үздіксіз дайындықты, жаттығуды қажет етеді. Оқушыларымның өнерге қызығушылығы жоғары. Жансұлумен бірқатар байқауға қатысып үлгердік. Олжасыз емеспіз. Шәкіртімнің болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді өнердегі ұстазы Жұлдызай Әмитқызы.
Күйші қызымыздың бірер жылда жеткен табысы аз емес. Атап айтсақ, 2024 жылы «Жас музыкант» балалар шығармашылық байқауының аудандық кезеңінде аспапта ойнау жанры бойынша кәсіби шеберлігін танытқаны үшін алғыс хатпен марапатталса, осы жылы Ұлттық рухани жаңғыру жобасы аясында ауданымызда өткен «Қорқыттан қалған қоңыр үн – ІХ» атты балалар шығармашылығы байқауында өнер көрсетіп, дәстүрлі күйшілік өнерді насихаттауда ІІ орын жеңіп алған. Сондай-ақ Түркістанда өткен «Жаңа белес» республикалық өнер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін «Ұлттық аспапта орындау» жанры бойынша (10–13 жас ерекшелігі) І орын алып, «Сүгір сазы» шығармашылық орталығының директоры С.Айтбаевтың қолынан дипломмен марапатталады. Одан бөлек, Қызылордада өткізілген облыстық ХХVІ «Бозторғай» және «Дарын» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Біз өмірдің гүліміз» атты балалар мен ересектер байқауында дипломмен мадақталған. Өткен жылы Байқоңыр қаласында ІІ «Күй табиғаты» тақырыбымен өткен Н.Тілендиевтің – 100, Т.Қазанғапұлының – 210, М.Тоқтаболатұлының – 175 жылдығына арналған халықаралық байқауда «Домбыра» номинациясы бойынша І дәрежелі лауреат атанып, дипломға ие болды. Бұл байқаудың қазылар алқасына Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының оқытушысы Н.Түменбаев төрағалық жасаған. Осы жылы аудандық «Жас музыкант» балалар шығармашылық фестиваль-байқауында ІІ орынды бағындырды. Қазіргі уақытта қызымыздың репертуарында «Балбырауын», «Арынғазы», «Тойбастар», «Алаш аманаты», «Құдаша», пианиноға қосылып «Саратов саздары», «Мереке», тағы басқа күйлер бар.
«Әрбір байқау, сайысқа тыңғылықты дайындықпен барамын. Келешекте қоржынымызды жаңа шығармалармен толықтырсақ деген мақсатымыз бар. Мені ұлтымыздың мәдени мұрасында мықтап орын алатын күйшілік өнерге баулып жүрген ұстазым Жұлдызай апайыма және үнемі қолдап отыратын ата-анама алғысымды білдіремін» дейді өнерпаздың өзі.

Сәрсенкүл АҚКІСІ
16 наурыз 2026 ж. 101 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

№17 (10484)

03 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 633
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 408

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031