БІЛІМ БӘЙГЕСІ – ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ!
№199 орта мектебінде мектептің алғашқы директоры, ардагер-ұстаз, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» Әлиасқар Әбілтайұлы Бекқадамның құрметіне арналған дәстүрлі химия пәні олимпиадасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұл тағылымды білім додасы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздың жарқын жолын дәріптеп, ғылымға құштар жас буынның білімін шыңдауға бағытталған игі бастама. Ұстаз еңбегін ұлықтау – ұрпақ парызы.
Айта кетерлігі, Ә.Бекқадам атындағы химия пәні олимпиадасы қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Бұл игі дәстүр ұстаздың ұрпақтарының демеушілігімен тұрақты түрде өткізіліп, дарынды оқушылардың білімін саралайтын, талапты жастарды ғылымға жетелейтін маңызды алаңға айналып келеді.
Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Игембаев қатысып, жас химиктерге сәттілік тілеп, білім бәйгесінің шымылдығын ашып берді.
Биылғы олимпиадаға аудан мектептерінің білімге құштар, талапты шәкірттері қатысып, өзара білім сынасты. Олимпиада тапсырмалары арнайы дайындалып ұсынылды.
Осы мақсатта Сырдария ауданы №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі, 2025 жылғы республикалық «Үздік педагог – 2025» конкурсының жеңімпазы Төлеген Піржан Ержанұлы қатысып сайыстың әділ әрі мазмұнды өтуіне өз үлесін қосты.
Бұл сайыс – тек жарыс емес, білім мен біліктіліктің, ізденіс пен табандылықтың жарқын көрінісі болды. Дарынды шәкірттер өздерінің терең білімін дәлелдеп, нағыз оқ бойы озық, зерек ойлы жас химиктердің шынайы білім бәйгесіне айналды. Аталмыш олимпиада бойынша білім бәйгесінде озық шыққан оқушылар арнайы дипломдар мен марапатталды.
Ұлағатты ұстаздың есімімен аталып өтетін бұл олимпиада – білімнің шамшырағын жаққан ұстазға тағзым, ғылымға ұмтылған жас ұрпаққа шабыт.
«Ұстаздың еккен білімі – ұрпақтың мәңгілік қазынасы». Сондықтан да Ә.Бекқадам атындағы химия пәні олимпиадасы алдағы жылдары да жалғасын тауып, білім мен ғылымға құштар шәкірттердің қанатын қатайта бермек.

















