Ұстаз есімі ұлықталды
qarmaqshy-tany.kz ТӨРЕБАЙ БИ АУЫЛЫНДА «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ» ТӨСБЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ӘЛИАСҚАР БЕКҚАДАМДЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ұзақ жылдар білім саласында ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиесіне еңбек сіңірген ел ағасының өнегелі өмір жолына тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аудан әкімі облыс əкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың Бекқадам əулетіне арнаған құттықтауын табыстады.
Жарыстың ашылу салтанатында оның қонақтары аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков Әлиасқар Әбілтайұлының ел дамуына қосқан ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолына тоқталып, ұлағатты ұстаздың еңбек жолын өскелең ұрпаққа насихаттау керектігін сөз етті.
Осы ретте, ұлағатты ұстаздың еңбек жолына тоқталар болсақ, ол 1966 жылы «Жосалы» кеңшарындағы No199 мектепке директор болып тағайындалып, зейнет демалысына шыққанға дейін білім саласында ұстаздық еткен. Ұзақ жылғы ұстаздың елеулі еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен және басқа да құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталған.
Ардагер ұстаз зейнетке шыққаннан кейін де ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы ретінде ауылдың рухани-әлеуметтік дамуына белсене араласып, ел құрметіне бөленген.
Міне, спортсүйер қауымның да асыға күткен жарысы басталып, жарыс жолына шыққан 6 команда өзара сайысқа түсті.
Күнібойыға созылған тартысты да қызықты сәттерге толы жарыс қорытындысымен І орынды Төребай би ауылындағы No199 орта мектептің құрама командасы жеңіп алса, қалған ІІ және ІІІ орындарды А.Жанпейісов атындағы No105 мектеп-лицейінің командасы мен Дүр Оңғар ауылындағы No107 орта мектебінің құрамасы өзара бөлісті.
Сонымен қатар, өздерінің үздік ойындарымен көрермен көзайымы атанған Нұрлыбек Қазиев «Үздік шабуылшы», Бақытжан Тоғайбаев «Үздік қорғаушы», Еркін Сағындықов «Үздік ойыншы», ал жарыстың жоғары дәрежеде өтуіне еңбек сіңірген Ғалымжан Райымбаев «Үздік төреші» номинациясымен марапатталды.
Жарыс соңында оның құрметті қонақтары мен Əлиасқар Əбілтайұлының баласы, ҚР Қорғаныс полковнигі, «Құрмет» орденінің иегері Рахат Əлиасқарұлы жүлдегерлер мен номинация иелерін аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен, демеушілер тағайындаған сыйлықтармен марапаттады.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ