АНАНЫ ҚҰРМЕТТЕУ – ҰЛТТЫ ҚҰРМЕТТЕУ
Ана – тіршіліктің тірегі, адамзаттың мәңгілік мейірімі мен жылуының бастауы. Қазақ халқы ежелден ананы ардақтап, «Алып анадан туады» деп оның қоғамдағы орнын ерекше бағалаған. Ана – тек отбасының ғана емес, ұлттың рухани өзегі, тіл мен дәстүрдің сақтаушысы. Сондықтан ананы құрметтеу – ұлттың болашағына құрметпен қарау деген сөз.
«Руханият» орталығында тағылымды ойды арқау еткен «Ананы құрметтеу – парыз» атты мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалы 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырды. Кездесудің құрметті қонағы – жергілікті ақын, ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы Дастан Мырзабекұлы болды.
Кездесу барысында алдымен экраннан ақынның шығармашылық жолы мен өмірі туралы бейнеролик көрсетілді. Шараны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Төлегенқызы ашып, бүгінгі басқосудың маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде анаға құрмет көрсету мен ана тілінің мәртебесін көтеру – қоғам алдындағы ортақ міндет екенін атап өтті.
Тағылымды кездесуге аудандық «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшелері, ауданның Құрметті азаматтары Әбдірахман Құлдүйсенов, Шегебай Құндақбайұлы, Ерболат Ұзақбаев, Алтай Үсенов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжебек Таңбаев, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниева, аудандық мұрағат басшысы Гүлжамал Іздібаева, сондай-ақ бастауыш ұйым төрағалары мен тіл жанашырлары қатысты.
Кездесудің мазмұнын байыта түскен сәттердің бірі – ақынның «Анам жайлы аңыз» атты кітабы негізінде ұйымдастырылған мәнерлеп оқуы болды. Шара барысында ұстаздар мен тәрбиешілер ақынның ана тақырыбындағы өлеңдерін тебіреніспен оқып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Атап айтқанда, №250 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақмарал Уксукбаева, Төретам кентіндегі №85 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Искакова, Ақай ауылындағы №99 мектептің мұғалімі Күлан Әуесбай, Төретам кентіндегі №269 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Асель Оспанова, Ақай ауылындағы №279 мектеплицейдің мұғалімі Жаннұр Мусабек, №30 мектептің мұғалімі Алтынай Алдабергенова, №1 санаториялық бөбекжайбақшасының тәрбиешісі Лаура Аманова, аудандық агротехникалық колледжінің оқытушысы Ұлдана Нұртазаева және №21 «Тоғжан» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлжайна Мақсатбаева ақынның «Анамыз – аңыз жанға айналғандай», «Бетімнен кетші бір сүйіп», «Ана» атты өлеңдерін оқып, ананың қадір-қасиетін жүрекке жеткізе білді.
Іс-шара барысында Т.Салқынбайұлы атындағы аудандық өнер мектебінің өнерпаздары ана туралы ән шырқап, кештің әсерін одан әрі арттыра түсті. Кездесуде сөз алған ақын Дастан Мырзабекұлы ана мен ана тілі туралы өз ой-пікірін білдіріп, шығармашылықтағы басты құндылықтардың бірі – анаға деген құрмет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ана мен ана тілі – ұлттың рухани тұтастығын сақтайтын ең қасиетті ұғымдар.
Мерекелік шара барысында тіл жанашырларының еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып, қоғам жұмысына белсенді қатысып жүрген бірқатар бастауыш ұйым өкілдері арнайы марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар кездесуде сөз алған ауданның ардақты азаматтары – Әбдірахман Құлдүйсенов, Шегебай Құндақбайұлы, Ерболат Ұзақбаев, Алтай Үсенов және Кенжебек Таңбаев әйеланалардың қоғамдағы рөліне тоқталып, мерекелік лебіздерін білдірді. Олар қазақ қоғамында әйелдің орны әрқашан биік болғанын айтып, аналардың еңбегіне құрмет көрсету баршаға ортақ парыз екенін жеткізді.
Кеш барысында тіл мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген басшы ойларын ортаға салды. Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Шырын Наукебаева, кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниева мен аудандық мұрағат басшысы Гүлжамал Іздібаева ана тақырыбының қазақ әдебиеті мен ұлттық тәрбиедегі маңызына тоқталып, осындай тағылымды кездесулердің жастар тәрбиесінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Мазмұнды шара соңында қатысушылар бір-біріне мерекелік тілектерін білдіріп, әйелдер қауымына денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тіледі. Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тағылымы мол кездесудің жарқын әсерімен тарқасты.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















