» » Оқырманға жол тартқан жаңа кітап

Оқырманға жол тартқан жаңа кітап

Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен ақын, ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», «Жаңажол жырлары» кітабы, «Жүректен тамған тамшылар», «Қырғауылдың қайғысы», «Ойтүрткі» жыр жинақтарының авторы Дастан Нәзікбаевтың «Анам жайлы аңыз» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Бұл жиынның басты мақсаты – жергілікті ақын, бірнеше кітаптың авторы Дастан Мырзабекұлының шығармаларын кеңінен таныстырып, сол арқылы туған елге, жерге, анаға деген сүйіспеншілік сезімді ояту.
«Ана» деген атау бәріміз үшін ыстық. Осы бір сөзді есту әйел үшін арман болса, бала үшін сондай бөлек дүние. Ананың аялы алақанын басқа нәрсемен салыстыруға әсте келмейді. Қолына қалам алған жазушы да, өлең өрнектеген ақын да, ән шырқайтын сахна саңлағының да қоржынында кем дегенде анаға арналған бір дүние бар. Жерлесіміз Дастан ағайдың «Анам жайлы аңыз» кітабы биыл Алматы қаласындағы «Дайыр» баспасынан жарық көрді. Онда сан тағдырлы аналар бейнесі сомдалған. Шығармада ананы сыйлау, құрметтеу сияқты асыл қасиеттер насихатталады. Кітап өнерді құрметтеген, өлеңсүйер қауымға арналған.
Рухани іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы кітаптың тұсауын кесіп, игі тілегін жеткізді.
– Заман дамыған сайын құндылығымыз өзгеруде. Бұрын әрбір үйде жеке кітапхана болатын. Ал қазір кітапханасы бар үйді саусақпен санаймыз. Негізі кітап оқу жеке басқа ғана емес, қоғамға пайда әкеледі. Осы ретте, өзіміздің жерлесіміз, өңіріміздің рухани дамуына үлкен үлес қосып жүрген Дастан Мырзабекұлының жаңа кітабының тұсаукесер рәсіміне жиналып отырмыз. Өзіндік ойы, көзқарасы, пайым-парасаты бар ақынның жаңа туындысы құтты болсын.
Бұл кітапта перзенттік парыз, анаға деген құрмет пен сағыныш бар. Осы кітапты қолына алған әрбір жан анасын еске алып, өмірде болса, құрметі арта түсері сөзсіз, – деді аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Асқар Мереков, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева ақынға және оқырмандарға ризашылығын білдірді.
Ойын өлеңімен өрнектеп жүрген жас таланттар ішінде №250 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Ердәулет Орынбасаров ақындық жолдағы ұстазына арнауын арнаса, 7-8 сынып оқушылары Диас Бижанов ақынның «Мезгіл ауысымы», Кәусар Төлегенова «Тіл туралы» өлеңін мәнерлеп оқыды. Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің мұғалімдері Мұхаммед Сәбитұлы мен Сұлтан Қалжан «Анаға сағыныш», «Ағаларым» әнін тарту етіп, іс-шараға белсене қатысты.
Жиын соңында ақын Дастан Мырзабекұлы кітаптың жазылу барысынан сөз қозғап, ақындық жол туралы сыр шертті. Сөз соңында бірнеше өлең оқып, оқырманын қуантты. Аудандық кітапхана директоры Күлшара Бөгенбайқызы іс-шараны қорытындылап, ақын ағамыз бен оқырмандарға алғыс білдірді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
30 сәуір 2024 ж. 370 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 345

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 427

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930