АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛЫ
Ана – тіршіліктің бастауы, мейірімнің тұнығы, адамзаттың асылы. Дүниеге келген әрбір пенде ең алдымен ананың әлдиін естіп, ананың жүрек жылуын сезінеді. Ана жүрегі – шексіз махаббат пен төзімнің мекені.
Қазақ халқы ананы ерекше қастерлеген. «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген сөз – соның айғағы. Тарихтағы талай батыр мен би, ақын мен ғалым ананың әлдиімен ер жеткен. Ана жүрегінен тараған мейірім қоғамға ізгілік дәнін себеді. Сондықтан ананы ардақтау – адамдықтың белгісі. Анаға құрмет көрсету – парыз ғана емес, қасиетті борыш.
Бейсенбіде Төретам кенті кітапханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Адамзаттың асылы – ана деген» атты мерекелік кеш болып өтті. Ісшарада Төретам кенті әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Жолмаханов құттықтау сөз сөйлеп, аналарға жылы лебізін білдірді. Кешке Байқоңыр қалалық архиві басшысы Бағдат Қапанова, Байқоңыр қалалық архивисі Фаруза Сүлеева, Байқоңыр қаласы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Ақерке Абдіқаниева, Байқоңыр қалалық Жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі Аймира Елдизирова, Байқоңыр қалалық Аналар кеңесі төрайымы Кенішкүл Есжанова және алтын алқалы батыр аналар қонақ болып қатысты. Кітапхана төрінен орын алған аналарымыз құрмет пен қошеметке бөлене отырып, кент клуб үйі әншілерінің әнін тыңдап, мерекелік әсер алды.
Иә, анаға құрмет – әрбір адамның ең басты парызы. Ананы қадірлеу – адамдықтың ең биік көрінісі. Анаға көрсетілген құрмет – өмірдің ең үлкен жақсылығы.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ
















